Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ӘНІМЕН БАУРАЙТЫН ПОГОНДЫ АРУ

Өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі атанған қыз-келіншектерімізге деген құрмет сезіміміз ешқашан да ортаймайды. Өйткені, олардың әрқашан да көтерген жүгі ауыр.

Қоғамдық тәртіп күзетінде де ер азаматтармен бірге иық тірестіріп, жауапкершілік үдесінен көрініп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Солардың бірі – Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының аға инспекторы Мақпал Жәменова. Мақпалдың құқық қорғау органына келгеніне биыл, міне 10 жыл толды. Тарих беттері үшін бұл қас-қағым сәт болып көрінгенімен, жеке тұлғаның өз ортасында қабілет-қарымын көрсетуі үшін жеткілікті уақыт. Мақпал осы жылдар ішінде өз ұжымымен тіл табысып, еңбекқорлығының арқасында, адамгершілік қасиеттерімен, басқа да жақсы мінез-құлқымен әріптестерінің ілтипатын иеленді. Мақпал – майталман қызметкер ғана емес, ол өнерімен де ұжымды тәнті еткен аяулы ару. Бүгінгі күні тәртіп сақшысы – ішкі істер департаментінің вокалдық тобының мүшесі. Өнерлі полицейлерден жасақталған аталмыш ұжым бірнеше мәрте түрлі конкурстарда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, облыс деңгейінде өткізіліп жүрген дәстүрлі “Мамыр жұлдыздары” конкурсында Гран-приді жеңіп алды. Еліміздің ішкі істер министрлігі өткізетін байқауларға да сан рет қатысып, жүлделі орындарды еншілеп қайтты. Бұл жеңісті сәттерге Мақпалдың да қосқан үлесі зор, өйткені екінің бірі ән айтуға уақыт таба бермейді. Үйірмеге уақытылы қатысып, өнерін шыңдап жүрген ол: “Уақытымыздың дені осы ортада өтетіндіктен әріптестерім өзара сыйласып, қажет болғанда бір-бірімізге қолұшын беріп жүреміз,”- дейді.

Вокалдық топқа өңірімізге белгілі әнші Дидар Малаев жетекшілік етеді. Ол Мақпал туралы сөз қозғағанда алдымен оның дарынды, қабілетті екенін алға тартты. “Бұлбұл дауысты Мақпал – бұл топтың белді мүшесі. Үйреткенді тез ұғып алады, әсіресе қазіргі әндердің табиғаты күрделі, кәсіби әншілердің өзі жанды дауыспен сахнаға шығуға жүрексінеді емес пе. Ал біздің өнерлі қыз-жігіттер сазды әуендерімен тыңдарманның жүрегіне жол тауып жүр”, -дейді топ жетекшісі. Лирикалық сопрано даусымен талай әнді бағындырып, тыңдарманның жүрегін баурап алатын погон таққан арудың әуенінен жылылық, инабаттылықтың сезіліп тұратынын әріптестері де растайды. “Егер Мақпал әншілік жолды таңдағанда, сөзсіз бүгінгі күні танымал жұлдыздардың бірі болар еді”, - дейді аталмыш топтың мүшесі Дәулеткерей. 

Ауыр әрі жауапты полиция қызметімен бірге өнер жолын қатар алып жүрген оның ән айтуға әуестігіне ата-анасының ықпалы зор болса керек. Өйткені, олар да өнерден құр алақан жандар емес. 
“Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі”, демей ме?! Сондықтан қызы Саяжанның өнерден кенде болуы екіталай. Ол да – полиция қызметкерлерінің өнерлі балаларынан жасақталған вокалдық топтың мүшесі. Бүлдіршіндер департамент ішіндегі айтулы мерекелердің көркі, жарқын дауыстарымен кез келген тыңдаушыны тәнті етеді. Өнерлі жеткіншектің анасына деген құрметі де ерекше. “Бауырларыммен бірге мен де анамның айтқанын екі етпеймін. Өйткені, оның жұмысы ауыр, анашым үйде жоқ кезде біз бір-бірімізге қарайласып, көмектесіп жүреміз. Тіпті, анамыздың үй шаруасына да қолғабыс тигізетін қолғанатымыз”, - дейді Саяжан. Мақпалдың отбасы үшін аналар мерекесінің орны бөлек. Төрт баланың анасы бұл күні жұбайының, балаларының ерекше ілтипатына бөленеді. 

Қазіргі таңда Мақпалдың шені – полиция майоры. Өмірлік серігі, балаларының әкесі Болат үшін ол отбасының ұйытқысы, асыл жар, қамқор ана. Сондықтан жұбайының көңілінен шығу үшін үй шаруасын ақсатпайды, балаларына да уақыт табады. Оның айтуынша, жақсы қызметкерден гөрі, бақытты әйел атанудың жолы ауыр. Сондықтан, қыз-келіншектер үшін өмірдің мәні шаңыраққа шуақ сыйлар ана деген атқа лайық болу. “Ал ерлі-зайыптылардың сыйластығы, бір-біріне деген құрметі ортаймаса, ең бастысы адал сезімдеріне қылау түспесе, онда ол үйдің іргесі берік, босағасы бекем болары сөзсіз”-, дейді Мақпал Махметқызы. 

Шынымен де, отбасында жолы болған аяулы жандар қызметін мінсіз атқарады емес пе?! 

Нұрбек Баекин,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN

0
0
556

Еще по теме

ӘНІМЕН БАУРАЙТЫН ПОГОНДЫ АРУ - Yvision.kz