НИКИТАНЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ
НИКИТАНЫҢ БАСТАН
КЕШКЕНДЕРІ
Жолдастары кеткен күні Горохов кешірек тұрды, оның өзін де самбырлаған әйелдердің даусы оятып жіберді.
– Аннуир қайда? Байқайсыңдар ма, түнде ол байына, әлгі ақ сиқыршыға қашып кеткен ғой, тегі! Тыйым салғанды тыңдамағаны да!
– Барып осында алып келіңдер! – деген Амнундактың үні гүр ете түсті.
– Келмесе, шашынан сүйреп әкеліңдер, – деген әйел даусы қостады оны.
Осыны есітіп, жолдастарының бүгін түнде кетеміз дегені есіне түсіп, Гороховтың көңілі құлазып қалды. Олардың кеткен-кетпегенін білу үшін жалма-жан киіне бастады. Ол киініп болғанша Аннуирге жіберген Аннуэн мен екі әйел де келіп үлгеріп, өкінішті үнмен былай деді:
– Үй бос тұр, Аннуир де жоқ, ақ сиқыршылар да жоқ, жалғыз ғана ит қалыпты.
– Жақсылап қарадыңдар ма? Тегі, олар көрпесін тұйықтап алып ұйықтап жатқан шығар, – деді Горохов.
– Кірмек болып едік, ит ырылдады бізге. Айғай салып едік – ешкім үн қаткан жоқ. Өліп қалды дейсің бе?
– Жарайды, мен өзім барып көрейін, – деп Горохов шығар ауызға беттей беріп еді, Амнундак оған:
– Аннуирді осында алып кел! – деп барқ етті.
Жертөлесіне бара жатып Горохов жолдастарының кетіп
қалғанына шүбәланған жоқ. Алайда ол өзіне нұсқау қалдырғанына да сенеді олардың, сонда да бұл қылығын онкилондарға қалай түсіндірмек керек, өз жағдайын нашарлатып алмас үшін Амнундакқа айтар сөзін алдын ала жүйелеп, тігісін жатқызып қою шарт. Кеткендер Кротқа еріп, соңдарынан қалмай жүрмесін деп әдейі жертөлеге қамап кеткен Пеструха оны қыңсылап еркелей қарсы алды. Оның көзі бірден ашаға жапсырып кеткен қағазға түсті. Жадында жақсы сақтау үшін оны ол ежіктеп бірнеше рет оқыды да, Амнундактың үйіне оралды.
– Ал Аннуир қайда? – деп оған Аннуэн бірден бас салды.
– Тоқтасаңшы! Әуелі айтып алайын да! Ақ адамдар жылы
киімдерін әкелу үшін өз тұрағына кетіпті. Көрмейсің бе мына қар мен суықты, ал олардың киімдері болса, ана жақта жатыр. Маған да ала келмекші. Ертең кешке оралады.
– Олар кетіп қалған болса, мұның бәрін сен қайдан білесің? – деп айқай салды Амнундак.
– Міне, мынада жазылған, олар маған хат қалдырыпты. Мә, оқы! – деп күлкісін әрең іріккен Горохов оған қағазды ұсынды. Амнундак оны қолында бұлғап бәзбір қара белгілерді
көрді де:
– Мұны бақсыға жіберемін, сенің айтқаның шын ба екен,
сол ажыратады, – деді.
– Онда олармен Аннуир неге кеткен? Оның жылы киімі
осында ғой, – деп бір жағынан қызғаншақ Аннуэн де қыстырылып қалар емес.
– Демек, ол оны сенен күштірек сүйеді! – деп Горохов та бір-ақ түйді.
– Сүюіме көсем тыйым салды – мен соның әмірін тыңдаймын.
– Міне, мәселе осында, күштірек сүйгендіктен де ол кез келгеннің көлденең сөзін тыңдамайды.
– Ол оның тоқалы, өзі жабысқан...
– Доғар сөзді, қатын! – деп Амнундак оны тыйып
тастады.
Ол өзі әлі не істерін білмей қолындағы қағазбен әлек.
Кеткендердің ізімен қуғын жіберсе ме екен, әлде Гороховтың сөзіне сеніп күте тұрса ма екен? Қолда келімсектердің тағы да біреуі бар, олар жолдасын тастап кетпеске тиіс деген ой келді оған.
Кенет оның басына ақ адамдар ана жолғыдай қасиетті көлді суалтқалы кеткен жоқ па екен, онда да Гороховсыз барып еді деген бір ой сумаң ете қалды.
Киініп ол жертөлесінен шықты да, үш жауынгерді шақырып алып, ақ адамдар барған-бармағанын біліп келу үшін қасиетті көлге жұмсады. Үйге келген соң ол Гороховқа:
– Басқаларың оралғанша сен осында, менің үйімде қал, – деді.
Түске қарай жұмсаған жауынгерлер қайтып келіп Амнундакқа:
– Қасиетті көлде ақ адамдар жоқ, – деді, – алайда олар болыпты онда. – Біз қардан үш үлкен, бір кішірек із көрдік.
– Міне, көрдің бе, сен маған өтірік айтқансың немесе олар саған хатпен өтірік айтқан!.. – деп барқылдады Амнундак Гороховқа қарап, сосын жауынгерлерден: – қасиетті көл қайта суалып па екен? – деп сұрады.
– Жоқ, мәртебелі көсем, ол суалудың орнына үлкейе түсіпті, су кемерінен асып, құрмалдық тасына баруға болмай қалыпты.
Судың кемерінен асқанын не жақсылыққа, не жамандыққа жорырын білмей Амнундак қабағын түйді. Қашанғысындай қиын сәтте бақсыға иек артты.
– Көрген-баққандарыңды барып бақсыға айтыңдар!.. Айтпақшы, қардағы ақ адамдардың ізі екенін сендер қайдан білдіндер? Олардың аяқкиімдерін танушы ма едіңдер?
– Анығын айтқанда із аюдікі, – деді жауынгерлердің үлкені, – алайда ақ сиқыршылар ізінен қайда барғанын бізге білгізбес үшін аюға айналуы да мүмкін ғой.
Горохов қарқ-қарқ күлді. Оған онкилондар таңырқай қарады, ал Амнундак ашу шақырып:
– Сен неңе жетісіп күлесің? – деп зекіді.
Онкилондарды ақ адамдардың құдіреттілігіне деген
сенімнен тандыра алмайтынын сезген Горохов өзін бірден тыйып, салиқалы жауап қатты:
– Маған олардың Аннуирді аюға айналдырып жібергені күлкі боп көрінді, ойбай-ау, олар үшеу ғана еді, ал жауынгерлер төрт із көріпті.
– Иә, иә, төртіншісі кішірек, Шамасы, әйел ізі болуы керек! – деп жауынгерлер қоштап қойды.
– Жарайды, бақсыға жөнеліңдер! – деп түйді Амнундак.
...Қайтып оралған жаушылар қасиетті көлге бақсының өзі
барғысы келеді, содан оралған соң тәуеп етуге отырмақ, құрмалдыққа шалатын бұғыны дайындай берсін деген хабар әкелді.
Амнундактың әмірімен жауынгерлер басқан ізін аңдып отырған Горохов өз төсегінде жатып онкилондарда осы жалғыз қалуым дұрыс па, әлде бұрыс па деген ойға кетті. Тағы бір бақытсыздық бола қалса ғой, оны бұған жаба бастайды, не жолдастарының кетіп қалғанына аударады. Немесе бұдан қолынан келмейтін бірдеңе талап етіп, оны орындамаса қоқан-лоққы көрсетеді... Бұлар ма, бұлар не ойлап таппайды дейсің!
Кетіп қалса ма екен? Жолдастары екі тәулік күтеміз деп уәде етіпті. Тек енді мұны аңдып, бұра бастырмайды ғой. Кешкісін бақсының не айтатыны және беймәлім. Осылай ол әбден құлазып кетер еді, жалғыз-ақ жанына отырып ап әйелі Раку әрнені айтып көңілін аулайды.
Қас қарая бақсы да келіп, Амнундакпен сыбырласты да, ошақ басына жайғасып, отқа жылытқалы сүйекті қолын созды. Оттың жалынына тесіле қарап, ерні жыбыр-жыбыр етіп, үн-түнсіз козғалақтап қояды. Сосын басын көтеріп алып:
– Уақыт болды! – деді.
– Қатындар, балаларды алып ақ адамдардың тұрағына
барыңдар, ол бос тұр. Қашан шақыртқанша сонда отырындар! – деп әмір берді көсем.
Горохов қорқайын деді. Ақырғы рет анада әйелдерді шығарып жіберіп бәтуаласқанда, артынан қасиетті көлдің басында құрбандыққа адам шалынған еді. Оны да бүгін аяқ астынан әрнені айтып алдарқатып отырған әйелінен есітті.
Бақсы бұл жолы да қанды құрбандықпен көлді кемеріне түсіреміз демес пе екен? Онда құрбан болатын бұл ғой! Ол аяқ-қолы мұздап, жүрегі тоқтап қалғандай болды кеудесінде.
– Әйелдермен сен де өз тұрағыңа тарт!.. – деді оған Амнундак. – Қатындар байқаңдар, мынау ешқайда кетіп қалмасын, бұл үшін жауап бересіңдер!
Бұл Гороховтың көңілін аз-кем орнықтырайын деді. Құрбандыққа шалынатын болса ғой, бұны бүйтіп әйелдермен жіберудің не қажеті бар оларға.
Ол кетісімен Амнундактың екі жауынгерге оның жертөлесін сырттан күзетуге әмір бергенін білсе, бұндай жайбарақаттық қайда оған.
Қаңырап қалған жертөлені әйелдер ойын-күлкі мен әзіл- қалжыңға толтырып, отты жағып жіберді де айнала отырды. Горохов өз төсегіне қисайып, қолын ұдайы іргесінде жататын мылтығына созды. Мылтық жоқ. Оны кім әкетті? Жолдастары ма әлде? Мұны олар құдіретті қаруынан айырып, тұлдырсыз қалдырмаса керек еді ғой. Онда олар патрондарын да әкетуге тиіс. Горохов қоржынын ақтарып, тұтас бір қорап патрон тапты. Зайыры, Амнундактың әмірімен онкилондар бүгін оның төсек-орнын аударыстырып, нажағай мен жасын отын ататын зәрлі таяғын алып кеткен, сөйтіп, мұны қорғанатын қаруынан айырған. Іс насырға шабайын деді, мұның астарында бір сойқан бар.
Горохов өзіне Ракуды шақырып алып, әйелдердің күлкісі мен қалжыңдарының арасында одан онкилондардың не ойы барын тұспалдай сұрады. Ақ сиқыршылардың құдіреті мен кесепат-қырсығы туралы әйелдердің алыпқашпа өсегінен артық жарытып ол ештеңе айта алған жоқ.
Кенет Гороховтың есіне базаға соңғы барғанда кетерде Амнундаққа тарту етпек болып алып келген су жаңа мылтық түсті. Жолдастары оны ұмытып кетпеді ме екен? Ұмытса, бұл деген бақыт! Ол Горюнов төсегінің басында бөлшектеліп оралған қалпында жататын-ды, тапса да оны онкилондар нажағай мен жасын отын ататын сол деп білмейді. Оның орнында бар-жоғын Гороховтың қазір тексеруі керек. Бақсының зікірі аяқталған соң өз өмірін қорғау үшін бұған мылтық әбден қажет болуы мүмкін. Жалма-жан ол Ракуды құрбыларына қарай жіберіп, бұрышта жатқан көңілді әрі құрметті орын деген желеу айтып, аздан соң ол Горюновтың төсегіне ауысты. Қисайып жатып ақырын ғана ол төсеніштері мен шөптің арасына қолын сұғып буманы тапты. Ал оны қалай ашып, әйелдердің көзіне түсірмей қайтып жинамақ керек? Бұлардың көзін немен алса екен? Әлде мұны да бір сиқыр деп түсіндіріп, бәрін көз алдында жасаса ма? Асылы, осы жөн болар – олар қағаз бен бөлшектен үрейлі таяқ өсіп шығатынын көрсін.
Буманы суырып алып, әйелдермен қатарласпай төсектің шетіне отырып, «кісіжегіштерден тартып алған мына шоқпардан нажағай мен жасын отын ататын таяқ жасаймын» деді. «Ой, керегі жоқ!» деп кейбір әйел баж ете қалды, көпшілік жағының жеңсігі жеңіп кетті. Астананың дүкенінде буып байланған орауды шешіп, Горохов оның жібін бұрын мұндайды қолына ұстамақ тұрсын, көрмеген әйелдерге берді. Жіп қолдан-қолға жүгіріп түсер емес. Сосын ол онкилондар өмірі көрмеген орау қағаздың үлкен парағын жазып еді, ол да қолдан-қолға көшіп, «жұқа сары былғары» бәрін таң- тамаша етті. Отқа тым жақын ұсталған бір парақ лап ете қалғанда терінің бұлай жанғанын көрмеген олар әрі таңданып, әрі шошып шар ете қалды. Жұрттың назары жайған қағазға ауып отырғанда Горохов шапшаң жинап, қосауыз мылтықты әзір етіп, көздеп көрді де:
– Міне, таяқ дайын болды! – деді.
Жақын отырған әйелдер шалқая беріп, одан қазір жасын
оты жарқ ете қалады екен деп шыңғырып қалды. Горохов оған күлді де түсіндіре бастады.
– Қорықпаңдар, нажағай тек маған қастық ойлағандарға ғана атылады, ал сендер ізгі жанды әйелсіңдер.
Бұл көзбояушылықтың әсері күшті болды: әйелдердің кейбірі «боз сиқыршыны» (Гороховты олар қара торы өңіне қарап өзгелерден айыру үшін осылай атайтын) бүгін қарусыз қалдыру үшін зәрлі таяғын алып қойғанын білетін. Міне, көз алдында ол жай бір шоқпардан жаңа зәрлі таяқ жасап ала қойды. Мұны ерлерге сөзсіз жеткізу керек.
Жаңа мылтықтың жанында болған бір қорап патронды қажет кезінде оқтай қою үшін Горохов қалтасына салып алды. Мылтық тауып алып қобалжығаны сәл басылайын деді. Көңіл күйі де көтеріліп, мылтықты қолына алып:
– Ал енді, әйелдер, өткен жолы бізде қонақта болғандағыдай билеңдер. Сыйлыққа мынау былғары мен таспа жіпті беремін. Бақсы рухын шақырып болғанша билеңдер.
Зәрлі таяғы бар сиқыршының айтқанын істеуге тура келді. Сонда да әйелдер биге құмар еді, әсіресе жылдай ұзақ поляр түндерінде көп билейтін, ал қазір де қыс емес пе, қар түсті де ерімей жатып алды. Жертөлеге кіре шешінбегендер енді шешінді. Ана жолғыдай лаулаған оттың айналасында би басталды. Горохов Горюновтың төсегіне қисайып жатып, қорқорын сорып қойып билеген әйелдерден көз алар емес.
Алайда бұл жолы әйелдер құлап жығылғанша билей алған жоқ, бір жауынгер келіп зікір аяқталғанын, енді үйге қайтуға болатынын хабарлады.
– Раку осында менімен қалады... – деді Горохов. – Раку! Естіп тұрсың ба?
– Амнундак, сен де соның үйіне келіп жатсын деген, – деді жауынгер.
– Амнундаққа айт, мен өз тұрағымда ұйықтайын және Раку менімен қалады! – деп кесіп айтты Горохов.
– Амнундак айтты, – деп тағы міңгірледі жауынгер.
– Мен онкилон емеспін және Амнундакқа бағынышты
емен, – деп оның сөзін Горохов тыйып тастады. Ол маған бұйрық бере алмайды... Раку, бері кел.
Киініп жатқан әйелдер бір-біріне таңырқай қарасып сыбыр- сыбыр етісті де, жауынгер аңырып тұрып қалды. Күні бүгінге дейін білдіртпей қастандық жасап, апат әкеліп жүрсе де, ақ адамдар мұндай сөз айтпайтын, көсемнің көңілін табуға тырысатын. Ал қазір жалғыз қалып «боз сиқыршы» былай сес көрсетеді, өзге әйелдермен кетерін де, Гороховпен қаларын да білмей Раку тұр.
– Раку, саған айтып тұрмын, бері таман, маған кел! – деп айғайлап жіберді Горохов.
Осынау әмірлі үн әсер етіп Раку оның жанына келді.
– Міне, мында отыр, Раку! Бәрі кеткесін кешкі асымызды
ішеміз.
Балаларын алып әйелдер, бірінен соң бірі үйден шықты;
жауынгер әрі-сәрі болып тұрды да, ақыры ол да кетті. Раку тізе бүгіп отырып күбір етті:
– Амнундак енді қатты ашуланады. Осында қалғаным үшін мені жазалайтыны хақ.
– Қорықпа, ол саған ештеңе істей алмайды. Көресің ғой! Ал енді шай қайнат.
Гороховтың салқын сабырлылығы әсер етіп, келіншек үй шаруасына оралды. Олар алаңсыз ауқаттанып алып, жатқалы жатыр еді, есік ашып, қарулы төрт жауынгер кіріп келді.
– Амнундак айтты: менің үйіме қонақ болғысы келмесе – сонда-ақ қала берсін, – деді олардың үлкені. – Алайда ол сен қорғансыз қалмас үшін бізді жіберді. Орын бар, осында ұйықтаймыз.
«Данышпанның айласын-ай!» – деп ойлаған Горохов:
– Амнундак өте жақсы ойлап тапқан! – деді дауысын
көтере. Онда екеуің анау араға жат, – деп Ординнің төсегін нұсқады, – ал екеуің мында жайғас, – деп өзінің бұрынғы орнын көрсетті. Өзге ақ адамдар оралғанша мен құрметті орынға жатуға тиістімін.
Үш жауынгер шешінбестен жатты да, біреуі от басында отырды.
– Өзге ақ адамдар сияқты білдіртпей тайып отырмасын деп сені аңдуға келді бұлар, – деп үрейлене сыбыр ете қалды Раку.
– Олар бізді вампулардан, аю мен жер үсті жын-перісінен қорғауға келді, аңқауым! – деді Горохов байсалды ғана. Әрине, Амнундактың айла-шарғысын толық түсініп отыр.
Ал түнде ол біраз сақтық жасады: бір бытыра, бір жарқыншақ, екі оқпен оқталған мылтығын алып өзі іргеге жатты, Пеструханы төсегінің аяқ жағына қойды. Ұйықтап жатқан иесіне иттің ешкімді маңайлатпайтынын Горохов жақсы білетін.
Түн тыныш өтті. От басындағы жауынгер ұйықтап жатқандардың бірімен алма-кезек ауыстырылып тұрды; ол отты үстеп қойып, қолына найзасын ұстаған қалпы, бағанға арқасын сүйеп қалғып отырды. Горохов қатты ұйықтады да, Раку әлсін-әлі аунақшып тынши алмады: ертең Амнундак не қылады деген ой оны қайта-қайта мазалай берді.
Таң атқан сон жауынгерлер кетті де, оның орнына ізінше Аннуэн мен екі әйел келді. Горохов әлі ұйықтап жатқан. Раку сол замат төсектен тұрып әйелдердің жанына келіп, рухтардың бақсыға не аян бергенін, Гороховтың қарсылығына, мұның мойынсұнғанына көсем қалай қарағанын сұрастыра бастады. Алайда алдын ала нұсқау алған ба, әйелдер ашыла сөйлемей:
– Рухтардың не аян бергенін біз білмейміз. Амнундак жауынгерлердің айтқанын тыңдады да, келісімін білдірді, түнде оны үйіңде өзін де есіттің, ал сен туралы ләм-мим деген жоқ, – дей салды.
Ракудың көңілі осымен орнығып еді, оянып оның сұрастырғандарының нәтижесін білген Горохов оған қанағаттанған жоқ. Оған ең керегі – түнде бақсының не деп арбап кеткені. Күні бойы ол өз үйінде, аздап таза ауада болды да, көсемнің жертөлесіне әлденеше барлауға барып келген Раку ештеңе өндіре алмады. Алғаш ол Амнундактың әмірімен ұстап алып, әйелдер тыржалаңаш шешіндіріп сабайды ғой деп жүрексініп барған еді. Әдетте ұрысқаны, ақылға бақпағаны, жалқау болғаны үшін әйелдерді осылай жазалаушы еді. Алайда Амнундак оның келгенін көрмегендей, көңіл де аудармады.
Кешкісін Гороховқа Амнундактың өзі келіп, от басына жайғасты да, сөз бастады:
– Сен менің қонағым болғың келмеді, міне, енді өзім келдім... Сен ғой кеше ақ адамдар бүгін оралады дедің. Түн болды, бірақ олар әлі жоқ. Тағы не айтасың?
– Көріп отырсың ғой, қар қалың, оппалап жүру қиын, оларда шаңғы және жоқ, содан кешігіп жатқан шығар. Түнде не ертемен келіп қалуы керек.
– Шаңғыны онкилондардан неғып алмаған олар? – деп Амнундак аз-кем үнсіз қалды да, сөзін әрі қарай сабақтады. – Таңертеңге дейін тосайын. Егер келмесе іздеуге жауынгерлер жіберемін, бір кәдікке ұшырады ма екен, біліп қайтсын.
Ол әлі де аз-кем отырып, қар қалың түсіп, ерімей жатып алғанына, қыстың табаны күректей бір ай бұрын түскеніне қапаланып, осыған онкилондар қатты алаң болып отырғанын айтты. Сосын тұрды да кетіп қалды. Оның ізінше жолдастарының күні бойы осы жертөледе болған әйелдері де кетуге жнналды. Кетіп бара жатып олар Ракуге:
– Раку, келіп сүт пен шелпек алып кет, – деді.
Ыдысын алып солармен бірге кеткен Раку қайтып оралған
жоқ. Оның орнына қоналқаға тағы да төрт жауынгер келді. Горохов Ракуды көп күтті, ақыры жібермей қойған екен деп түйді ойын. Күні бойы ол өз жағдайын таразыға тартып, жападан-жалғыз Амнундакпен қарсыласа берудің жақсылыққа апарып соқпайтынын, оның қатерге бас тігу екенін түсінді, ерегестіре берсе, олар айламен де, күшпен де мылтығын тартып алып бақсы не айтса, бұған соны істеуі айдан анық. Екі тәулік күтуге уәде еткен жолдастарын мұның куып жетуіне де болады. Уәделі мерзім ертең кешке ғана өтеді. Осылай ол бүгін түн қашпаққа бел буды.
