Мысли в никуда
Кеш. Сыртта салқын соққан самал жел күні бойы кітапханада отырып, еңбектенгеннен шыққан тердің ыссы буын су сепкендей басты. Айнала тып-тыныш, тек жүйіткілеп жөнелген алыстағы машина дауысынан басқа ешқандай сыбдыр естілмейді. Жаңа жауған жаңбыр иісін сезініп, өкпемді осы таза ауамен толтырып, тынысымды кеңейттім. Көңіліме кірбің түсіріп жүрген сан түрлі мазасыз ойлар жаңбырдан кейінгі ауадағы шаң-тозаң секілді ғайып болды. Құдді бір сол жаңбырдың тамшысымен бірге буланып кеткендей. Тұла-бойым барлық ауыртпалықтан арылды. Салқынын әкеле жөнелген салқын леп бойымдағы жеңілдікті сездіртті.Осының бәрі мазасыз, уайым-қайғысы аз бейтаныс патшалыққа әкеткендей болды.
Дегенмен, жанға жайлы тыныштық жанымда ұзақ болмады. Басымды көтеріп, аспанға қарадым.Қап-қара түнек секілді. Жалт-жұлт еткен бір де бір жұлдыз жоқ. Оның орнын әр бір метр сайын орналасқан бағана басындаға шамдар алмастыруда.Әр бағананың жанынан өткен сайын өз көлеңкемді көріп, тағы да қорқынышқа бой бердім. Жасаған таңдауымды сынап, тағы да ойландырып тастады. Дұрыс па?Әлі де өзгертуге кеш емес қой! Әлде осылай қалсын ба?Мүмкін…Бірақ…Қалай?
Сан тарапқа кетіп жатқан жауапсыз сұрақтар жанымды жегідей жеп бітірді. Бір сәтке де тастар емес. Бірақ жауабымды алар күн жақындап қалғанын іштей сезінудемін. Бәлкім сонда, менің жұлдызым басқаларынан биікте тұрар.Мүмкін сонда бағана басындаға шамдардан жарығырақ жанар. Мүмкін жарқыраған жарығымен талай көзді қуантар. Әлде, мүмкін, жарығы сансыз қаптаған басқаларынан көлеңкесінен көрінбей қалар. Мүмкін,тіпті жанып үлгермей өшіп те қалар. Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Бәрі.
