МЕКТЕПТЕРДЕГІ РОБОТОТЕХНИКА: ОҚЫТУДЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСІ.
МЕКТЕПТЕРДЕГІ РОБОТОТЕХНИКА: ОҚЫТУДЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСІ
Робототехника – Қазақстанның білім беру мекемелерінде енгізіліп жатқан жаңа бағыттардың қатарында. Бүгінде республикамыздағы жүздеген мектеп пен жоғары оқу орнында өте бастаған бұл аралас пәннің құрамында бірқатар қолданбалы пәндер бар. Болашақ робот құрастырушы математика мен физиканы, информатика мен сызуды, басқа да бірқатар ғылым саласын міндетті түрде меңгеруі тиіс. Ал өткен жылдан бастап оқығандары мен үйренгенін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берілуі осы бір ерекше мамандықтың қызығына бойлаған қазақстандық балалар үшін аса маңызды қадам болды.
Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздегі бірқатар білім беру мекемелері жаңа Lego Education жиынтықтарымен жабдықталды, оның көмегімен ойға алған ең батыл жобаларды да жүзеге асыруға болады, атап айтқанда, көптеген мүмкіндігі бар және бірқатар қызметті атқаратын нағыз роботтардың үлгісін және бағдарламасын жасауға болады. Демеушілердің қаржысына алынған 400 сынып-комплект арқасына шамамен 20 мың мектеп оқушысы тәжірибе жүзінде робот құрастыра алады. Бұл қызықты әрі болашағы зор бағытты дамыту бойынша алғашқы қадам ғана.
Биылғы сәуір айының соңында Қарағанды қаласында өткен «RoboLand-2017» фестивалі жоғары технологиялы құрал-жабдықтарға жұмсалған ақшаның текке кетпегенін көрсетті. Мұны ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те атап айтты, министр өз сөзінде робототехниканың бүгінгі күні ел дамуының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Білім министрі биылғы оқу жылында болашағы зор осы пәнді оқитын оқушылардың саны екі есеге артатынына уәде берді.
Робототехниканы үйрететін оқытушылардың қызығушылығы да өте жоғары. Әлбетте, олар қазір өздерінің біліктілігін арттырып, болашақ үшін аса қажетті мамандықты меңгерту ісіне араласуда. Қазақстандық педагогтар үшін оқу материалдарының ерекше болуы да өзінше қызық. Оқытудың ойын түріндегі формасы аса маңызды деп есептейді мұғалімдер. Сонымен қатар, олар робот техникасын ғылымнан гөрі шығармашылыққа жатқызады. Оқытушылар процестің ойын формасында болуы балалардың қиын мамандықты оңай игеруіне жол ашатынына сенімді.
Робототехника сабақтары тағы несімен құнды? Олардың ерекше, қызық және пайдалы болуының себебі неде? Біріншіден, мұғалімдер көп балалар үшін робототехника кейбір мектеп пәндері бойынша жақсы нәтиже көрсету мүмкіндігі деп есептейді. Мысалға физиканы алуға болады: Робототехника курсының көмегімен бұл саладағы білімді өмірде қалай пайдалануға болатынын оңай түсінуге болады. Оқытушылар балалардың оқу процесіне қызығушылықпен кірісетінін, ынталары артқанын көріп отыр. Ұстаздар балаларға өздерін дамытқысы келетін бағытты өз бетімен таңдауына мүмкіндік береді. Курс сабақтарында өзін көрсету керек және маңызды, бұл тұлғаның қалыптасуы үшін керек дейді бағдарламмаға қатысушы педагогтар.
Робототехника курсының бағдарламасы мұғалімдерге сабақты балаларға қызықты болатындай етіп жоспарлауға көмектеседі. Ал балалар болса бір-бірімен әріптесе жұмыс істеуге, бірлесе әрекет етуге, ұжымдық жұмысқа үйренеді. Сабақ кезінде пайдаланылатын бағдарламалардың түсінікті екені де маңызды рөл ойнайды. Бағдарламаның интерфейсі түсінікті де жатық, сондықтан тек білікті оқытушы ғана емес, кез келген бала түсінеді.
Балалар робототехника сабақтарына өздерінің идеяларымен келеді, оларды жүзеге асырудың барлық мүмкіндігін қарастырады. Педагогтардың міндеті – оларға осы ізденіс барысында көмектесу және қателіктен қорықпауды үйрету. Курсты жүргізетін педагогтар робототехника сабақтары өз оқушыларын жақын тануға, олардың айрықша қабілеттерін, бейімі мен ойлау стилін бағамдауға мүмкіндік бергенін айтады. Бұл әр балаға жеке көзқараспен қарауға да көмектеседі.
