МЕКТЕПТЕРДЕГІ РОБОТОТЕХНИКА: ОҚЫТУДЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСІ.
МЕКТЕПТЕРДЕГІ РОБОТОТЕХНИКА: ОҚЫТУДЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСІ
Робототехника – Қазақстанның білім беру мекемелерінде енгізіліп жатқан жаңа бағыттардың қатарында. Бүгінде республикамыздағы жүздеген мектеп пен жоғары оқу орнында өте бастаған бұл аралас пәннің құрамында бірқатар қолданбалы пәндер бар. Болашақ робот құрастырушы математика мен физиканы, информатика мен сызуды, басқа да бірқатар ғылым саласын міндетті түрде меңгеруі тиіс. Ал өткен жылдан бастап оқығандары мен үйренгенін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берілуі осы бір ерекше мамандықтың қызығына бойлаған қазақстандық балалар үшін аса маңызды қадам болды.
Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздегі бірқатар білім беру мекемелері жаңа Lego Education жиынтықтарымен жабдықталды, оның көмегімен ойға алған ең батыл жобаларды да жүзеге асыруға болады, атап айтқанда, көптеген мүмкіндігі бар және бірқатар қызметті атқаратын нағыз роботтардың үлгісін және бағдарламасын жасауға болады. Демеушілердің қаржысына алынған 400 сынып-комплект арқасына шамамен 20 мың мектеп оқушысы тәжірибе жүзінде робот құрастыра алады. Бұл қызықты әрі болашағы зор бағытты дамыту бойынша алғашқы қадам ғана.
Биылғы сәуір айының соңында Қарағанды қаласында өткен «RoboLand-2017» фестивалі жоғары технологиялы құрал-жабдықтарға жұмсалған ақшаның текке кетпегенін көрсетті. Мұны ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те атап айтты, министр өз сөзінде робототехниканың бүгінгі күні ел дамуының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Білім министрі биылғы оқу жылында болашағы зор осы пәнді оқитын оқушылардың саны екі есеге артатынына уәде берді.
Білім беру жүйесіне робот техникасын енгізу еліміздің болашағы үшін аса маңызды екенін ересектер жақсы түсінеді. Ал жаңа пәнді енді ғана игере бастаған оқушылар үшін бұл бірінші кезекте оқу процесін қызықты ойынмен үйлестіру мүмкіндігі екенін айтқан жөн. Жаңа пәннің негізін үйрететін оқу құралдары балалардың құрастырғыш ойыншықтарын еске салады. Балалардың бұл процеске бар ынтасымен берілгені соншалық, роботтарынан бір елі ажырамайды. Тіпті, егер «кішкентай кірпіштер» болмаса, бұл роботтардың «өнеркәсіптік» роботтан еш айырмасы болмас еді деуге болады. Бұған жас инженерлердің роботтарға «үйрететін» қызметін қосыңыз. Жиналған механизмдер жұмыс істейтін тетіктермен жабдықталады, олар үшін арнайы бағдарлама жазылады, қысқасы, олардан өндірісте пайдаланылатын нағыз роботтардың сипаттамасын кездестіруге болады.
Жаңа бағдарлама балаларға жаңа білім беріп қана қоймай, ойға алған жобаларын жүзеге асыруға да мүмкіндік береді. Ең ғажабы, оқытушылар балалардың қиялын шектемейді. Бір қызығы, олардың барлығы бірдей болашақта робот құрастырушы болуды армандамайды, бірі дәрігер, енді бірі ғалым болғысы келсе, тағы біреулері ғарышкер болуды армандайды. Алайда, компьютерлік технология, математика және физиканы меңгермей робот техникасын игеру мүмкін емес. Балалар шешім қабылдауды үйренеді, өздерінің қателіктері мен сәтсіздіктерін дұрыс қабылдап, нақты міндеттерді шешуді меңгереді. Ал бұл қасиеттер кез келген маман иесі үшін қажет. Оның үстіне, бұл балалар ержеткенге дейін роботтар адам өмірінің барлық саласына енуі мүмкін.
