Ұ Л Ы Қ О Л Б А С Ш Ы – Х А Н Б А Т Ы Р
Ұ Л Ы Қ О Л Б А С Ш Ы – Х А Н Б А Т Ы Р
(Қабанбай батырдың ерлігі, әскери өнері және соғыс тәсілі)
Қабанбай батыр 1691 жылы қазақ жерінің шығысында Тарбағатай тауының бөктерінде дүниеге келген. Тоғыз таңбалы Найман тайпасы ішіндегі Қаракерей тармағынан. Азан шақырып қойылған есімі Ерасыл, ал Қабанбай – жау әскері шебіне өз әскерін «қабан сияқты» сыналап кіргізу тәсілі үшін алған аты деген жорамал шындыққа саяды. Тағы бір дерекке сәйкес ақтабан-шұбырындыда қатын-қалаш, бала-шаға – ер-азаматсыз, босып келе жатқан көштің алдын тайыншадай қабан шошқа кес-кестеп бөгеп жібермейді, сол кезде көштің ішінен он алты жасар Ерасыл шауып шығып қабанды шоқпармен ұрып өлтіреді содан кейін халық оған Қабанбай деген ат береді. Сондай-ақ, қазақ халқының (үш жүздің) басын біріктірген даңқты Абылай хан ерекше қасиеттері үшін Қабанбайды құрметтеп Дарабоз, – деп атаған. Қабанбай халық құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленіп бүкіл қазақ батырларының ішінде Хан батыр дәрежесіне дейін көтерілген – дара батыр.
Денесінің ірілігіне қарап жеңгелері оны бала кезінде Нарбала деп те атаған екен.Тіпті он үш жасар кезінде Ерасыл мінген тайлар мөңкімек түгіл, қайқаң қағып қайысқан күйі тәлтіректеп оны әрең көтеретін көрінеді. Ерасылдың аяқтары мініп келе жатқан тайының еңселілігіне қарамай, жер сызып отырады екен. Ал Қабанбайды тек «қубас» атты айғыр ғана көтере алған. Әкесі Қожақұл да батыр болыпты, қалмақ басқыншылармен соғыста қаза тапқан. Ешқашан жауынан тайынбайтын ержүрек Қабанбай, жау арасына жасырын барып, Есенбай деген ағасын өлтіріп, жылқысын тонаған қалмақ батырын жер жастандырып кек алған. Кейін әкесін өлтірген жонғардың батырын жекпе-жекте өлтіреді.
Жонғарлар – қазақ елінің оңтүстік шығысынан төнген ең қауіпті жау болды. Көшпелі қалмақтар қазақтардың оты, суы мол, құнарлы жайылымы көп, кең байтақ жеріне қызықты. Және өз мүдделерін көздеген Қытаймен Ресей қалмақтарды әзірлеп, қаруландырып қазақтарға қарсы айдап салды. Қазақ және жонғар арасындағы соғыс барған сайын кескілескен және қан төгісті сипат алды. Қазақ халқы тарихында қайғы-қасіретке ұшыраған ең ауыр жылдар (1723-1727) ел аузында «Ақтабан шұбырынды – алқакөл сұлама», «Ақ қайың сауған» деп аталды. Қазақ елінің басынан өткен бұл қайғылы кезең «Елім-ай» деген халық өлеңінде көрініс тапқан. Алайда, басқыншы жау басына орасан зор қиыншылық түскен қазақ халқының сағын сындыра алмады. Қазақтар өздерінің атамекенін тегуірінді қалмақ шапқыншыларынан қорғап қана қоймай, сол заманда Орта Азиядағы ең қуатты халқы екі миллионнан аса Жоңғар елін жер бетінен жойып жіберді.
Тарихшылардың айтуынша жонғарлар сол кезде Орта Азияда ең ірі патшалық құрған. Олардың сұрапыл тегеуріне қазақтардан басқа осы жерді мекендеген ешбір халық төтеп бере алмаған. Қазақ – жонғар соғысында аты әйгілі қазақ батырлары көп болған, бірақ солардың ішінде аты да, заты да дара – қазақтың біріккен қолының қолбасшысы, көп батырдың ішіндегі бірегейі Қаракерей Қабанбай. Данқты Қабанбай батыр талай ауыр соғыс сынын бастан кешірді, оның бүкіл өмірі Елін, Жерін жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өтті. Қабанбай қазақ батырларының ішіндегі ең дарасы, ол ұлтын, Отанын ерекше сүйген нағыз нар тұлға. Кең байтақ қазақ даласында қалмақтармен болған ірі-ірі шайқастардың барлығына жуық қатынасып, өзінің ерен ерлігі нәтижесінде Қабанбайдың есімі мен қаһармандығы аңызға айналып кетті. Абылай хан Дарабоз атаған қаһарман тұлға Отан үшін жан алысып – жан беріскен сұрапыл шайқастарда жаумен жүзден астам жекпе-жекке шығып, солардың бәрінде жеңіс бермеген, талай қалмақты жер жастандырған нағыз қас батырдың өзі. Қаракерей Қабанбай қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған. Елі, жері үшін Ұлы Отан соғысында қазақ батырларына бас, ерлік істерге ұйытқы, атты әскер соғысының білікті ұстасы (стратегі), жекпе-жектің тендесі жоқ шебері, үш жүздің біріккен әскерінің ұлы қолбасшысы – Қабанбай сардар қазақ жерін жаудан азат етуде алпыс жыл ат үстінен түспеген. Ұлтымыздың ағартушысы, әйгілі ақыны Мәшһүр Жүсіп: «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» – десе, татардың әйгілі ғалымы Құрбанғали Халид: «Абылай хан дәуірінде көптеген батырлардан өресі биігі Қабанбай батыр еді» деп жазған. Қазақ елінің мемлекеттілігі мен жерінің тұтастығы Абылай мен Қабанбайды бір мақсат мүдде де тоғыстырды. Тағдыр Абылай сұлтан мен Қабанбай сияқты хас батырларды тұстас келтірді. Олар бір-біріне сүйеніш бола білді.
Қабанбай батыр Абылайдың саясатын қолдап, қалың Найман тайпасының бас сардары болып, Абылайға бағындырып, қазақтың бірлігін сақтау саясатын жүргізді. Абылай ханға үш жүздің тізгінін ұстатты. Абылай хан соғыс даласында үнемі Қабанбаймен (Дарабозымен) ақылдасып, шешім қабылдап отырған.
Қабанбай батыр бастаған қазақ әскерлері соғыс жүргізген жерлер Алтай, Сәуір, Марқакөл, Базар, Ақсуат, Қалба, Зайсан, Ертіс, Бұқтырма, Аякөз, Көкпекті, Тарбағатай, Үржар, Мақаншы, Абралы, Шынғыстау, Алакөл, Алатау, Қарғалы, Бақанас, Іле, Қаратал, Лепсі, Жаркент, Кеген, Шарын, Текес, Нарынқол, Шонжы, Қаратау, Талас, Арыс, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Ақсу, Еміл, Есіл, Нұра, Қарқаралы, Көкшетау, т. б.
Сондай-ақ, Бұланты, Аңырақай тағы басқа ірі шайқастарда Қабанбай батыр қазақтардың біріккен әскерінің бас қолбасшысы болды.
Шыңғысханнан келе жатқан үрдіс бойынша қазақ әскері рулық жүйемен жасақталатын. Найман, арғындардан бір-бір түменнен қол жиналса, қалған кіші тайпалардан бес мың, үш мың жасақ құралатын, ал кіші рулардан мың қолға жуық шығатын болған. Оның қолбасшысы мыңбасы аталатын. Мысалы: Ақымбет, Сыбан, Мұрыннан құралған жасақты – мың басы Еспенбет батыр басқарған.
Қабанбай батырдың қолын құраған әскер негізінен еліміздің шығыс, терістік – шығыс жағындағы төрт арыс Найман, Арғын, Уақ, Керей тайпаларынан шыққан жасақтар болды. Ал кейбір ұрыстарда батырдың қол астында бұлардан басқа қазақ тайпалары да соғысқан.
Әскерді тайпалық жүйемен құрудың өз артықшылығы бар еді жасақтар керек кезінде тез жиналып және олар тұрақты, сенімді әрі өте берік болды, әрбір әскери жасақтың өз таңбасы мен ұраны болды. Әрбір ер-азаматтың соғысқа керек-жарақтары, аты, бес қаруы әзір тұрған, соғыс бола қалған жағдайда олардың барлығы бірдей түгел қолына қару алып, ұрысқа, майдан даласына аттанған.
Әскер ондықтан, жүздіктен, мыңдықтан, он мыңдықтан (түмен) тұрды. Олар оң қанат, сол қанат, орта болып үшке бөлінді. Әрбір бөлімнің өз алдына шебі болды, сонымен қатар, жалпы алдыңғы және сақтаулы шеп болды. Жорық алдында міндетті түрде байқау өткізілді, онда әрбір сарбаздың киім-кешегі, қару-жарағы қоржынымен торсығына дейін тексерілді. Барлауға аса көңіл бөлінген, әрбір майданның алдында үнемі барлаушылар тобы жүрген, олар қолбасшыға: жау әскерінің саны, қару-жарағы, әлеуеті, т.б. жағдайлары туралы деректер жеткізіп отырған. Сақтық үшін көш қалқаны ретінде ертауыл жасағы құрылған.
Жорық кезінде: оң қол, сол қол, тосқауыл, тұтқауыл, мергендер және бақауыл топтары құрылған. Тосқауыл тобы – алдынғы шептің жауынгерлері, олар торуылға шығып жауға бөгет жасаған. Тұтқауыл тобы – әскердің негізгі күші, ұрыс даласында олардың қатары үнемі қосымша күшпен толықтырылып отырған. Арнайы мергендер тобы айрықша тапсырма орындаған: олар тұтқиылдан шапшаң түрде жаудың негізгі қауіпті деген тобын залалсыздандырған. Ал бақауыл тобы әскердің әзірлігін қамтамасыз етуге қажет шаруашылық жұмыстарын жүргізген (әскердің соғысқа даярлығы, азығы, аты, қару-жарағы т.с.с.).
Қабанбай сарбаздарының сауыт-сайманы және қару-жарағына үлкен көңіл бөлген. Жауынгерлердің дені сауыт киіп – найза, қылыш, қанжар, семсер, айбалталармен қаруланды. Бастарында болат дұлыға, үстерінде ақ берен сауыт, белдерінде қайқы қылыш, иықтарында садақ, білекте қалқан, тақымында ұзын сапты көк сүңгі де болды. Мыңбасылар арнайы қосымша қару-жарақ, жылқы қорын ұстады.
Қазақ әскері негізінен – атты әскер болды. Ал Қабанбай атты әскер соғысының айла-әдісімен, ұрымтал ұтқырлығын (тактикасымен стратегиясын) жасады. Жаудың негізгі күшімен атты әскер шайқасты, сондықтан ол қосымша көп жылқы ұстады, мұның өзі әскердің ұзақ қашықтыққа тез жетуін қамтамасыз етті. Әр салтатты дойыр қамшы, сойылдар, ат құрықтайтын немесе дұшпан мойнына салатын құрықтар және ұзын арқан ұстады. Құрық салып садақ пен жебе ату үлкен шеберлікті қажет етті. Садақпен жауды алыстан жарақаттауға болғандықтан, қазақ сарбазының жебелерінің ұрымталдық әлеуеті 300-500 метрге дейін болды. Қазақ әскері найза, қылыш т.б. қарулармен шебер соғысуға үнемі машықтандырылды.
Қабанбай батыр тек алып күштің ғана иесі емес, ол әскери өнердің де білгірі болған, ол тұрақты түрде соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді дамытып, соғыс тәсілін шебер пайдалана білген қолбасшы. Оның мақсаты – тұрақты әскер жасақтау болған. Соғыс дамылдаған, тыныштық кезеңде Қабанбай жасақты жинап, сарбаздарды соғыс тәсілдеріне үйреткен, соғысудың әдіс-тәсілдеріне машықтандырған. Ол үнемі соғыс әдіс-тәсілдерімен ұрыс айла-әдісіне ерекше көңіл бөлген.
Аты аңызға айналған, бабамыз Қаракерей Қабанбайдың қазақ халқының басына күн туғанда жасаған ерліктері мен Отанына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны өз заманының кемеңгер тұлғалары – Бұқар-жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, М. Әуезов, т.б. көптеген ақын-жазушылар, ғалымдар Қабанбайдың ерлігіне шығармаларын, өлең-жырларын арнаған. Солардың бірі халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романында батырдың ержүрек тұлғасын бейнеледі. Орыс тарихшысы Кузнецов: «Қазақ әскерінің солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады...», деп жазса, тағы бір Вельяминов-Зернов деген тарихшы: – «Еділ қалмақтары Жоңғарияға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетіп, жол бойы қорған ретінде пайдаланбақ болғанда, сол елді қалың қолмен құтқарып қалған адам Қабанбай батыр екендігін» – жазып қалдырған. Сонымен қатар, Қытай мұрағаттарында әлі ашылмаған, зерттелмеген қаншама құжаттар жатқаны белгілі. Қазақ батырлары, оның ішінде Қабанбай батыр, әр-түрлі соғыс тәсілімен, ұрыс айла-әдісін пайдалана білген. Олар: «Ай қораланды соғыс», «Аламан соғыс», «Дода соғыс», «Екі аша соғысы», «Жекпе-жек соғыс», «Жүре соғыс», «Қаша ұрыс салу», «Құйрық жеу соғысы», «Қоян қашты жасау», «Қоян-қолтық соғыс», «Үлкәр жәрік соғысы», «Үш тоғыс соғысы», «Ұры соғыс», «Ошақ соғысы», Шұбыртпалы соғыс»,т.т. Қабанбай батыр әскеріне үнемі әр соғыстың тәсілін, үйретіп отырған. Сондай-ақ, ол жеңіске жету үшін соғыс тәсілінің басты әдісі ретінде тұтқиылдан шабуылға шығу әдісіне баса көңіл бөлген. Мысалы, Шорға өңірінде болған шайқаста қалың тал ішіне 2000 қолды жасырып қойып, оларды қосымша күш ретінде қосып, қазақтар қосыны әлсіреп бара жатқанда тұтқиылдан жаудың сырт жағынан шабуылдап жеңген.
Не болмаса түнде із тастап жауды адастыру, жау күтпеген жерден кенеттен пайда болу, апақ-сапақ уақытта шабуылдау, тас қараңғы түнде жау арасына кіріп, оларды бір-бірімен соғыстырып қою сияқты әдістерді шебер пайдаланған. Мысалы, Толағай тауы маңында тауды айналдырып түйе айдап, түйенің екі өркешін екі сарбаз етіп жауға елестетіп, құтын қашырған. Күтпеген жерден тосқауыл қою, шабуыл жасау, жауды шегінген боп алдап, кенеттен шабуылға шығу – Қабанбайдың негізгі соғыс тәсілдерінің бірі. Ол дыбыс және әр түрлі қол қимылы арқылы бұйрық беруді шебер менгерген сардар.
Әр жүздіктер мен мыңдықтардың қимылдары бір мақсатқа бағытталды. Әрбір ірі әскери бірлестіктің бас жауынгерлік белгісі – өз туы болды. Ту соғыс кезінде кем дегенде екі қызметті атқарды: бірінші, ол қасиетті белгі, екінші, оны өз әскеріне түрлі белгі беру үшін пайдаланды. Сондай-ақ, Ту әскер қолбасшысының тек қана сыртқы белгісі емес, сонымен бірге әскери атақ пен данқтың белгісі болды. Қабанбай батыр соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді жүйелі түрде дамытып пайдаланған. Бас сардар әр ұрыстың, әр шайқастың әдісін үнемі тәжірибе ретінде жинақтап одан әрі дамытып отырған. Мысалы, «Құйрық жеу» соғысын алсақ –бұл тәсіл бойынша, ұрысқа сайланып келе жатқан жаудың ең артқы қосының артынан, екі бүйірінен тию. Жаудың алдыңғы қолы тыныш өткен жерден арттан жау күтпейді, ал арттағылардың алдыңғы қолға хабар беруіне мұршасы болмайды. «Ай қораланды» тәсілін жаудың қолынан саны көп әскермен қолданған. Бұл тәсіл бойынша жауды айландыра қоршап алып, сонан соң оларды біртіндеп жою. Саны басым әскер сыртқа қарай беттеген жаумен ұрыс сала отырып оларды қоршап алады. Жау әскеріне садақ оғы қардай боратылады. Тұтқиылдан шабуылды күтпеген жау есі шығып қаша ұрыс салады. Есі кеткен жау әскерін қазақтар «қоян қашты» қылады. Атыс-шабыс кезінде тірі қалған қалмақтар жанталасып, сытылып кетуге тырысады. Қашқан жауда береке бола ма, олар да бір қашқан қоян да бір. Олардың артына алдын ала әзірленген мерген сарбаздар жүйрік атпен түсіп, қашқандардың көбін жайратып салады. «Бөлек батырдың қолы «құйрық жеу» ұрысын салып, қалмақты көп шығынға ұшыратты, өздеріде біраз адамды қара жер қойнына берді. Оларға айналып толғануға мүмкүндік бермеді, – «Қоян қашты» жасады. Нақ осындай соғысты Қабанбай қолы да салды» – деп, жазды Қазыбек би Тауасарұлы.
«Үлкәр жәрік» соғысы бойынша майданға шауып бірінші жүз адам кіреді, олар жаудың алғашқыларымен өзінің ұрысын бітіріп, ілгері өтіп, майданнан шығып кетеді. Оның артынан екінші, үшінші, төртінші жүздік сөйтіп біртіндеп келе береді. Осылай мың адам он рет бірінен соң бірі ұрысқа кіре береді, жау қанша мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмайды, қалжырайды – ақырында күл талқаны шығып жеңіледі. Қабанбай батыр соғыс кездерінде ауа райында ұрысқа қолайлы пайдаланған. Оған мысал ретінде, қазақ әскерінің үлкен жеңісімен аяқталған Баспан-Базар шайқасын айтуға болады, өйткені жаңбырлы күні білтелі мылтықтың істен шығатынын біліп, Қабанбай жасақтарын, жау бекінісіне шабуылға жібереді, әрине мылтықтары су болып атылмай қалған қалмақтар естері шығып ойсырай жеңіліс табады.
Қазақ халқы өзінің жері мен елін, Отанын Жоңғар басқыншыларынан бір ғасырдан астам кезеңде қорғаған бұл соғыс қазақтар үшін Ұлы Отан соғысы (1643-1756 ж.ж.) болды, өйткені қазақтар өз Отанын жаудан қорғады.
Осы бір қасиетті Отан үшін жан берісіп – жан алысқан сұрапыл шайқастарда елі, жері үшін жанын пида еткен көп қазақ батырларының ішінде Қабанбай батыр ең бірегейі. Қабанбай елін, жерін, халқын сүйген асқан ұлтжанды батыр. Туған халқы оны айлакер, тапқыр, қабілетті және дана қолбасшы ретінде танып біледі. Қабанбай батырдың әскери өнер жолы қазақстандықтарды ерлікке, қайсарлыққа, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Осындай даңқты бабаларымыздың арқасында өз елінде өмір сүріп жатқан замандастар және болашақ ұрпақ Қабанбай батырдың ерен ерлігіне тағзым етіп оны үлгі-өнеге етуі қасиетті парыз.
