Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

КУРСТАН КЕЙІНГІ ШАРАЛАР ҚАЛАЙ ӨТІП ЖАТЫР?

Деңгейлі курстың өзі қандай маңызды болса, курстан кейінгі шаралар да сондай маңызды. Деңгейлі бағдарламаның бір ерекшелігі – ол халықаралық стандартқа сай және үш айлық оқумен шектеліп қалмайды, мұғалімдердің курстан кейінгі әрекеттерін де қамтиды. Тренерлер мұғалімдермен курстан кейінгі кезеңде де тығыз байланыста жұмыс жасайды. Курстан кейінгі шаралардың негізгі формалары – коучингтер мен сабақтарға, шеберлік сабақтарына қатысу, кеңес беру және практикалық семинарлар т.б. Мұндай шаралар тренерлерге деңгейлі курс аяқтаған мұғалімдермен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Ал мұғалімдер осы уақытқа дейін атқарған іс-шараларын, жеткен жетістіктерін, үйренген әдіс-тәсілдері мен дағдыларын басқа мектептерден келген әріптестерімен бөліседі, өзінің қай деңгейде екендігін бағамдайды, басқалардың деңгейлі курс идеясын қалай жүзеге асырып жатқандығын көреді, көкейде жүрген сұрақтарын көпшілік талқысына салады.  Аталған шаралар ішінде семинарлар бірден үлкен аудиторияны қамти отырып, секцияларда практикалық жұмыс істеу мүмкіндігінің болуымен, соңында қорытындылап, түрлі формада кері байланыс жүргізуге болатындығымен  де тиімді.

Әдетте бір ауданнан кейде бүкіл облыс мектептерінен келген мұғалімдер семинар ұйымдастырылып отырған мектепке жиналады. Сабақты сол мектептің оқушыларымен өтеді. Күнделікті өзінің жұмыс істеп жүрген оқушылары емес, басқа мектеп оқушыларымен бірден жұмыс істеп кету, жай сабақ емес көпшіліктің алдында шеберлік сабағын өткізу мұғалімнен үлкен дағдыны, білім мен білікті талап етеді. Осындай сабақтар кезінде шеберліктері шыңдалған, шығармашыл, педагогикалық шеберлікті өнер деңгейіне жеткізген ұстаздардың бар екендігіне сүйсінесің.

Өткізіліп жатқан іс-шараларға қатысу, оларды ұйымдастыру барысында байқаған, болашақта ескерілсе екен деген кейбір мәселелерге де тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

Алғашқы жылдарға қарағанда қазір деңгейлі бағдарламаға қатысты мұғалімдер тәжірибесі әлдеқайда жетілді. Көп жаңашылдық бар, шығармашылықпен өткізілетін шеберлік сабақтарын, коучингтерді, тренингтерді көріп ұстаздар еңбегіне, ізденісіне шын жүректен риза боласың. Бірақ кейбір мұғалімдердің осындай шараларға өздері курс кезінде оқыған тақырыптардың материалдарын,  ресурстарымен бірге сол күйінше алып келіп көрсетіп, айтып тұрғандарын көргенде таң қалмасқа шараң жоқ. Ондай материалдарды өз мектептеріндегі курстан өтпеген мұғалімдерге ұсынуға болатын шығар, ал деңгейлі курсқа байланысты арнайы өткізілетін шараларда мұғалімдер жаңашылдық көргісі келеді, тәжірибелерін жетілдіргісі келеді, сондықтан өз тәжірибесінің ұтымды тұстары болса көпшілікке соны ұсынып, болмаса тәжірибе алушы ретінде қатысқаны дұрыс.

Бір өкініштісі, кейбір мұғалімдерге осындай шараға қатысты деген аты мен алған сертификаттары ғана маңызды сияқты, тиіп-қашып жүреді.

Кейбір аудандардың бетке ұстар 2-3 мұғалімі болады,  курстан кейінгі қандай шара өтсе де солар жүреді,  себебі аудан соларды жібере береді. Олардың ойынша мұндай шараларға тек мықты мұғалімдер қатысуы керек. Ол - ескі көзқарас. Біздің қазіргі мақсатымыз - 2-3 мұғалімді жалау қылып желбірете беру емес, біздің мақсатымыз - барлық мұғалімді дамыту. Мұндай шараларға қатысуға әр мұғалімнің мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан 2-3 мұғалімнің ғана тәжірибесін жетілдіріп, 2-3 мұғалімнің ғана көшбасшылық қабілетін шыңдай бермей, кезекпен барлық мұғалімге мүмкіндік тудыру керек.

Осындай шараларға мектеп директорлары мен аудан әдіскерлерінің қатыспайтындығы өкінішті. Мұғалімдер үшін қандай маңызды болса, олар үшін тіпті маңызды болуы керек, себебі мұғалімдерді бағытттайтын, жұмысты ұйымдастыратын солар ғой. Қатысатын басшылар сирек, өз басым бірнешеуін ғана көрдім. Алакөл ауданы Білім бөлімінің басшысы әдіскерімен бірге аудандық семинарға бастан-аяқ қатысып отырды, Ақсу ауданы әдіскері Ботагөз де аудандық семинарда бастан-аяқ болды. Биыл Кербұлақ ауданында өткен семинарға  әдіскерлер К.Н. Кенжебекова мен С.М. Искакова, сол өңірдегі мектеп директорлары қатысты. Қарасай ауданында өткен семинарға Райымбек ауданының әдіскері мұғалімдерімен бірге келіп қатысты.

Курстан кейінгі шаралар Деңгейлі бағдарламалар тарапынан ұйымдастырылған кезде  жер шалғайлығына байланысты әр аймақты қамту жағы ескеріледі. Сол аудан мұғалімдері мен жақын орналасқан    аудандардың көбірек қатысу мұмкіндігі бар. 14-15 қараша күндері Кербұлақ ауданында өткен семинарға 500 км жердегі Алакөл ауданынан  4 мұғалім келіп қатысқанда, тиіп тұрған Панфилов ауданынан бір де бір мұғалімнің келмегені өкінішті.

Қай мектепте ұйымдастырылды, сол мектептің мұғалімдері көбірек қамтылғаны дұрыс, өз аяғымен келіп тұрған дайын әдістемелік көмекті кейде бағалай алмай да жатамыз.

Мұғалімдер сабақ өткізу барысында да, сабақ талдау кезінде де сипаттай беруден шығып, өздерінің талдау, жинақтау, бағалау дағдыларын жетілдірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ұялы телефондар қазір тек қарым-қатынас құралы ғана емес, біздің мәдениетіміздің өлшеуіші ретіндегі  қызметті де атқарып жатыр. Олар бұрынғы телефондар сияқты үйде не жұмыста қалмайды, біз қайда барсақ сонда жүреді. Семинарлар кезіндегі сабақ я коучинг қалай басталады, телефонның шырылы қоса басталады. Кейде басталарда ескертесіз: «Әріптестер, телефондарыңызды я сөндіріп, я дауысын басып қойыңыздар» - деп, жоқ, кейбіреуі сол сөз айтылғаннан кейін 10 минуттан кейін телефонын алып сөйлесе бастайды. Кейбірі еңкейіп сөйлеседі, онысы әдепті болғандағысы немесе естілмесін дегені шығар. Еңкейсең де, шалқайсаң да дауыс сол дауыс қой. Ең ыңғайсыз жағдай тастап кеткен, иесі сыртқа шығып кеткен сумкадағы телефон шырылдағанда болады, оқушылардың да, сабақ беріп тұрған мұғалімнің де, қатысушылардың да мазасы әбден кетеді, бір уақытта біреу шыдамай тұрып кімнің сумкасы болса да ақтарып, телефонды тауып өшіреді. Қатысушылардың барлығы мұғалімдер екенін ескерсек, олар сабаққа да телефонды сөндірмей кіреді-ау, сабақта да телефонмен сөйлесіп жатады-ау деген ой туады. Біздің өміріміз біздің әдеттерімізден тұрады.

Кейбір мұғалімдер келіп, тіркеліп, біраз отырғаннан кейін «Такси күтіп тұр еді, кете берсем бола ма?» - деп өзі де мазасызданып, елдің де мазасын ала бастайды. Бұлар түрлерін көрсетіп кетуге келгендер. Біреулер түрлерін көрсетіп, кеткісі келіп тұрса, енді бір мұғалімдер осындай шараларға жете алмай жүреді. «Облыстық семинарға бірінші рет қатысып тұрмын, кезегім енді келді» - деді қуаныштан жүзі бал-бұл жанып тұрған бір мұғалім жақында өткен бір семинарда, өзі менің тобымда 2014 жылы оқып еді.

Деңгейлі бағдарлама идеялары алғаш енгізіле бастаған кезеңмен салыстырғанда мұғалімдер тәжірибесінің біршама жетілгендігі, рефлексиялау  мәдениеттерінің де өскендігі байқалады. Шығармашыл ұстаздардың әдіс-тәсілдердің көпшілігін түрлендіріп, жетілдіріп, өз пәндеріне лайықтап қолданып жатқандығы да қуантады. Дегенмен де тәжірибесімен бөлісуге келетін мұғалімдердің бірқатарында әлі де болса өздеріне деген сенімділік аз, қателесуден қорқады, дәстүрлі стильдегі «сабағым мінсіз болуы керек» деген түсініктен әлі де толық арыла алмай жүргендіктен болар. Курстан кейінгі шаралардың барлығы мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету, бағыт-бағдар беру, қолдау, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылады, сондықтан бірлескен жұмыстың қателікті түзеуге, жаңа дағды үйренуге, жетілуге, дамуға, ең бастысы, сенімнің  күшеюіне ықпал ететіндігі анық. Адамда өзіне және өзгеге деген сенім болса алмайтын қамалы болмайды.

Дүйсембекова Л.

 
0
0
1592

Еще по теме