KURSIV ECOSYSTEMS FORUM қалай өтті?
Соңғы кездегі ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда Қазақстандағы электронды коммерция нарығы 2023 жылы 24,3%-ға өсіп, 2,44 трлн теңгеге жетті. Елде маркетплейс, интернет-дүкен және ірі финтех ұйымдар сияқты бірқатар экожүйе жұмыс істейді: бұл отандық компаниялар мен шетелдік платформалар.
Электронды коммерция нарығының мамандары, сондай-ақ нарық көшбасшылары мен реттеуші органдардың өкілдері KURSIV ECOSYSTEMS FORUMы барысында өз ойларын ортаға салды.

ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова
Біз бұл бағытқа ерекше назар аударамыз. Маңыздылығын ескере отырып, оны дамыта түсу үшін бар күшімізді саламыз. Біздің бизнес өте креативті. Әр жолы қазақстандық бизнестің мақсатқа ұмтыла білетінін, үлкен қызығушылығы бар екенін байқаймын… Алдыңғы қатарлы, осы бағытты қалыптастырып жүрген, оның дамуына серпін беретін қазақстандық платформалар бар, біз мұны тек қолдаймыз.

Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушы және басшысы Михаил Ломтадзе
Hepsiburada түрік маркетплейсі акцияларының пакетін сатып алу туралы жақында шыққан жаңалыққа тоқтала отырып, компанияда жасалған барлық технология мен өнімді қазақстандық команда әзірлейтінін атап өтті: «Қазақстанда пайда болған технологиялар мен білімдер өте бірегей. Біз жасайтын барлық технология, өнім мен қызмет, біз әзірлейтін дизайн — мұның бәрі қазақстандық командамыздың еңбегі». Kaspi.kz жыл сайын технологиялар мен қызметтерді әзірлеуге және дамытуға шамамен 200 миллион АҚШ долларын инвестициялайтынын хабарлады. «Біздің миссиямызда географиялық шектеулер жоқ. Әр 3-6 ай сайын жаңа сервис іске қосып отырамыз.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин
Біз, былайша айтқанда, цифрлық рельс ұсынамыз. Егер біз нашар жұмыс істесек, экожүйелер де баяу дамиды. Жақсы жұмыс істесек, экожүйелер өркендейді», — деп атап өтті. Ол компанияның 3,5 жыл ішінде 800 мың клиентті «мыс» желілерден (ADSL) талшықты-оптикалық интернетке ауыстыруды жоспарлап отырғанын, бұл цифрлық қызметтердің сапасын арттыруға және экожүйелердің дамуын қолдауға мүмкіндік беретінін де тілге тиек етті.

Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов
Интернеттің табиғаты сондай: бірінші ойыншы, мәселен, нарықтың 60%-дан астамын иеленеді, екінші ойыншыда 15% немесе одан аз болады, ал қалған бөлігі көптеген кішкентай ұйымдар арасында үлеске түседі. Мен мұндай күй көптеген секторда бізді күтіп тұр ма деп қорқамын.

Яндекс Go компаниясының платформалық жұмыспен қамтуды дамыту директоры Наталья Москвитина
Қызмет көрсетуге арналған цифрлық платформалар — бұл қолданушыларға арналған ғана емес, сонымен қатар орындаушылар үшін де жасалған өнімдердің үлкен экожүйесі. Тапсырыс алып, жұмыс істеп жатқан барлық жүргізуші, курьерге арнап экожүйе арнайы өнімдер жасайды.

Шара барысында үкіметтің экожүйелерден не күтетіні, экожүйелер мен шағын және орта бизнес арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері, маркетплейстердің ел экономикасына тигізетін әсері, қаржыландыру алу проблемалары, компаниялардың бизнес-процестерін цифрландыру, киберқауіпсіздік мәселелері және экожүйелерді дамыту инфрақұрылымы, сондай-ақ дәстүрлі қызметтерді ұсына отырып цифрлық форматқа көшкен компаниялардың тәжірибесі талқыланды.
