Құдайберліге Құдай берген ақындық талант
Құдайберлі Мырзабек еліміздегі әйгілі ақын, айтыс шебері, осы өте күрделі жанрдағы ондаған республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы, атақты Кәкен Шәкеевтің үздік шәкірттерінің бірі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.
Зеренді ауданына қарасты Ақан ауылының тумасы. Тілінің көркемдігі туған өлкесінің әсемдігінен шабыт алады. Көкшетау қаласының және Зеренді ауданының "Құрметті азаматы". Жақында Құдеке өзінің 60 жылдығын атап өтті.
Біз мерейтой иесінен тұтас өмірін арнаған өнері туралы басты сұрақтарға жауап беруін сұрадық.
- Айтысқа қалай келдіңіз? Бұл жанрдағы айтулы бәсеке мен жеңістеріңізге тоқталып өтсеңіз.
- Менің айтысқа келуімнің басты себебі өзіме және айналамдағы жүрген жақындарым мен дос-жарандарға белгілі болып қалған суырыпсалмалық қабылетім деп айтар едім. Ондай өнердің бойымда пайда болуына әсер еткен жастайымнан әкемнен батырлар жырын, бұрынғы ақындардың айтыстары мен жыр-термелерін тыңдап өсуім. Әкем Рахымбек Мырзабекұлы «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Көрғұлы» секілді эпикалық жырларды, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмаларын, Тезек төре мен Бақтыбай, Орынбай мен Арыстанбай ақындардың айтыстарын және Шортанбай жыраудың, Шал ақынның терме-толғауларын жатқа жырлайтын, би-шешендердің әңгімелерін көп білетін. Домбыраны жақсы шертетін еді. Және бала кезімде батырлар жырының, ән-күйлерінің грампластинкаларын қаладан арнайы сатып әкеліп радиолланы қосып қойып тыңдауды ұнататын. Міне содан болар мен ауыз әдебиетімен мектеп жасынан сусындап, жадыма тоқып есейдім. Мектепте жүріп өлең жазып газет-журналдарға жолдайтынмын. Ауылда жүргенде теледидардан Көкен Шәкеевтың Бүркіт Бекмағанбетовпен, Қалихан Алтынбаевпен айтыстарын тыңдап, айтыс өнеріне деген қызығушылығым артты. Әскер қатарынан оралысымен облыстық «Көкшетау правдасына» жұмысқа орналастым. Сол жылдарда өткен жиын тойларда, дөңгелек отырыстарда домбырамен суырып салып өлең шығарып айтып жүретіндігім бар-тын. 1995 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына арналған қалалық айтыс болып, ақын-журналист ағамыз Қорғанбек Аманжолов қоярда қоймай мені айтысқа қатысуға түрткі болды. Мен солайша айтыс сахынасына шығып, сол жылы күзде Сырымбетте өткен облыстық айтыста екінші орынды иелендім. Бірінші орынды Жұмабай Есекеев алды. Өнердегі шабысымды көрген Көкен Шәкейұлы маған батасын беріп, шәкіртім деп дүйім елге жариялады. Көп ұзамай Алматыда өткен Көкшетау мен Торғай облысы ақындары арасында өткен республикалық командалық айтысқа қатысып, айтыстың ең қиын түрі қайым айтысқа түсіп, қарсыласымнан басым баға алдым. Бірнеше республикалық, халықаралық, аймақтық айтыстарға қатысып жеңімпаз, жүлдегер атандым. Айтыс тарихындағы ең тұңғыш автокөлікті сахынаға шығарған Павлодар облысы болды. Сол темір тұлпар маған бұйырып еді. 2000 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өткен Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына арналған айтыстағы бас жүлдеге тігілген автокөлік те маған нәсіп болды. Сол кезден бастап мен айтысқа ақындар баптап, шәкірт тәрбиелеуге кірістім. Менің ізбасарларым Арман Бердалин, Әлібек Серғалиевтер бірнеше айтыстың грампри жүлдегерлері атанды. Қазір облыста жиырмаға жуық жас суырыпсалма (импровизатор) ақын бар.
- Ақындықтан бөлек айтыскерге тағы қандай қабілет керек? Берілген тақырыпқа бірден өлең шығарып, қарсыластың көңіліне тимей, қағытпа қалжыңмен қалай басым түсуге болады?
- Айтыскерге ең алдымен керек қасиет, қарсыласының не айтып отырғанын тыңдап қана қоймай, оның не айтайын деп отырғанын алдын ала сезетін қабілетті машықтандыру керек. Креативті ойлай білу керек. Білім мен біліктілік ақынның бес қаруы. Өзі өскен, тұрып жатқан өңірдің тарихын, атақты тұлғаларын, әлемде болып жатқан саяси жағдайларды, елдің экономикалық, ғылыми жетістіктерін білген абзал болады. Үнемі ізденісте жүріп жетілу, тәжиірбе жинақтау, өзін өзі шыңдап, машықтану айтыскерді кез-келген сыннан сүріндірмей алып шығады. Сахына мәдениеті, сөз қолдану шеберлігі, ойға келіп қалған сөзді қас қаққанша сараптап үлгеру, қажет кезінде айтысты шиеленістірмей әртістік қабілетке салып, әзіл-қалжыңға бұрып әкету көрерменнің көңілінен шығатын шеберлік болып табылады. Өйткені сахынаға шыққаннан кейін өнерің өзіңдікі емес халықтыкі. Халықтың қалауын бер, қара басыңды ұмытуға тиіссің.
- Тарихшылардың айтуынша, өткен ғасырда айтыс поэзия мен суырып салма өнері ғана емес, халықтық театрдың да орнын басты. Қазіргі уақыттағы ролі қандай? ІТ дәуірінде сұранысты қалай арттыру керек?
- Айтыстың рөлі бүгінгі күнде де маңызды. Ол ұлттық мәдениетімізді насихаттап, жастардың рухани тәрбиесінде азаматтық көзқарас пен ұстанымдардың қалыптасуына, елдік менталитеттің орнығуына қызмет етеді. ІТ дәуірінде айтыс технологиялық платформаларда, әлеуметтік желілерде танымал болу үшін видео форматта, онлайн байқаулар менвебинарларда өткізілсе жастарға жақындай түспек. Бүгінгі таңда Оқу және білім министрлігі тарапынан мектептерде айтыс өткізуге қадамдар жасалып жатқандығы қуантады. Осы үрдіс тоқтап қалмай жалғаса түссе екен деймін. Біздің қазақтың маңдайына біткен төл өнеріміз болғандықтан, мектептерде айтыс туралы сабақтар өтіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру керек. Әрине екінің бірі суырыпсалма (импровизатор) ақын болып шыға келмейді. Өнер қанмен келеді, тұқым қуалайды. Бірақ қазақтың екісінің біреуі, тіпті бәрі табиғатынан ақынжанды десем ешкім жоққа шығармас. Сондықтан отбасынан, мектеп қабырғасынан айтыс өнерін қуаттаушы, қолдаушы көрермен қалыптастыру да қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің көсегесін көгертетін іс.
- Әрбір айтыскер - ақын, бірақ әрбір ақын айтыскер бола алмайды. Бұл тұжырым дұрыс па? Қазақ тарихындағы 5 мықты айтыскер кім?
- Әрине төрт сөздің ұйқасын келтіріп өлең құрау қазақтың ерекшелігі деп білемін. Дегенмен ақын деген ат әркімге беріле салмайды. Ал айтыскер болу тіптен қиын. Өлеңді суырыпсалып айтқандада жеріне жеткізіп, өзіңе қарсы уәж айта алмастай, дәлелімен, фактісімен, бейне бір соққы бергендей ұрымтал жерден ұстауға тиіссің. Сенің ол айтқаныңды көрермен де қолдай кететіндей болу керек. Өзіңе қарсыласың шабуыл жасағанда, тапқырлықпен ұтымды жауап қайыруың қажет. Соның бәрі ат сүрініп түзелгенше, қыз кірпігін қаққанша дейінгі секундтарда басыңнан өтетін құбылыс. Тарихта өткен мықты ақындарды атасақ Орынбай Бертағыұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Шал ақын, Сүйінбай, Жамбыл т.б. атап айтуға болады. Көзіміз көрген қарт ақындарды атасақ одан да көп қой.
