kk
Default banner
Разное
426 450 постов45 подписчиков
Всяко-разно
0

КРИТЕРИЙЛІК БАҒАЛАУДЫҢ ПАЙДАСЫ ЖАЙЛЫ

2016 жылдан бері мектептер балалардың білімі мен дағдысын бағалаудың жаңа жүйесіне біртіндеп көшіп келеді. Бұл жүйені мамандар алты жыл бойы дайындап, бірқатар мектептерде қанатқақты жоба ретінде сынап көрді. Ал бүгін балаларға үлкен өмірге жалтақтамай қадам басуды үйрететін осы «критерий бойынша бағалаудың» пайдасын қарапайым мысалмен түсіндіргіміз келеді.

 

 

Сауалнамалар нәтижесі бойынша, жас маманды қызметке қабылдар кезде жұмыс берушілер оның алған бағаларына мән бермейді. Онда бағаның не керегі бар?

Мұғалімдердің пікірінше, баға – баланың оқу барысындағы бағытын айқындау үшін қажет. Алайда дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесі бұл талаптың үдесінен шыға алмайды. Сондықтан да мектепте білім беру жүйесіне критерий бойынша бағалау әдісі енгізіліп жатыр.

2014 жылы «Астана» командасының мүшесі Тур де Франс көпкүндігінде жеңімпаз болды. Мектеп қабырғасындағы білім де осы велотурнирге ұқсас. Бұл әдісте де екі кезеңді алға тартуға болады. Оқу барысын веложарыс кезеңі десек, жетістіктерді санамалау – барлық кезеңнің жалпы уақытын есептеу. Әр баланың қабілеті әр түрлі, қызығушылықтары да әр-алуан. Осыған қарамастан оқушының барлығы жаңа дүниені білуге ұмтылады. Ақыр соңында оған қолдарын жеткізеді де. Ал жетістікке қандай жолмен жеткені маңызды ма?

Винченцо Нибали турнирдің екінші кезеңінде қарқынын бәсеңдетті. Бірақ жалпы есепте жеңімпаз болуына бұл кедергі келтірген жоқ. Оқыту барысында баға қойып отыру – жеңімпазды жарты жолда анықтау секілді қисынсыз әрекет. Қазіргі оқу бағдарламасы бойынша әдеттегі баға қоюдың орнына қалыптастырушы бағалау енгізілген. Мұғалім баланың орындаған тапсырмаларына пікір жазу арқылы негізгі ұстанған білім бағытына қарай жол сілтейді. Осылайша оқушыны баға үшін емес білім үшін оқуға итермелейді.

Берілген оқу материалының соңында оқушының алған білімі анықталады. Көп жылдардан бері баланың білімін журналға қойылған баға көрсетіп келген еді. Мұғалімдердің бағалауға деген ортақ талаптары болмауына орай, әрі оның бағамын «бестіктің» пайдасына жығып берудің арқасында соңғы жылдары бағаның да құны түсе бастады. Яғни, оқу күрделене бастаған сайын үздік оқушылар саны арта түсті. Оқушылардың жетістіктерін нақты талаптар бойынша бағалап, әрі біржақты пікір тумауы үшін мектепте жиынтық бағалау енгізілді. Балалар біркелкі стандартты сынақ тапсырып, оның қорытындысы автоматты түрде ақырғы бағаға айналады. Әрі бұл жариялы, ашық түрде жасалады. Әдетте велошабандоздың да әр кезеңдегі уақыты қосылып, уақытына қарай жеңімпаз анықталады.

Мемлекеттің міндеті — балаларды үлкен өмірге дайындап, оларға қоғамда қажет болатын білім мен дағдыға баулу. Орта білім беру саласында критерий бойынша бағалау әдеттегі бес балдық жүйеге қарағанда балаларды баға үшін емес, білім үшін оқуға итермелейді. Себебі ер жеткенде журналға қойылған бестіктер емес, мектепте басына құйылған білім көмектесетіні дәлелдеуді қажет етпейді.

Біз сіздерге балалардың білімін критерий бойынша бағалаудың пайдасы жайында қысқаша айтып өттік. Келесі материалымызда осы жүйе бойынша жұмыс істеп жатқан мұғалімдердің пікірін біліп, балалардың білімін бағалайтын осы әдістеменің түп-маңызы мен механизмі жайлы мағлұмат аласыздар.