КНЯЗЬ НИКОЛАЙ РОМАНОВ МЫРЗАШӨЛГЕ НЕГЕ ЖЕР АУДАРЫЛДЫ?
Мырзашөлді суландыруға бағытталған іс-шараларынан түк шықпағаннан кейін патша үкіметі 1881 жылы су арнасын қазу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болыпты. Сол жылы Ташкентке жер аударылған Николай Константинович Романов белді бекем буып, бітпеген жобаны жалғастыруға кіріседі. Тіпті ауқымды шараға бір миллион сомнан астам қаржысын құйған деген дерек бар. Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы "Мақта шаруашылығы тарихи мұражайында" мақталы өлкеге тіршілік нәрінің келуіне байланысты құжаттар, суреттер ,көне құрал-саймандар сақталған.
Мақтарал -аптап ыстығы бет қаратпайтын , жеміс-көкінісі мол , мақталы өңір. Бұрын аңызақ желі ,құрғақшылықтан топырағының соры шығып жатқан бетпақдала екенін бала кезде оқулықтан оқымадым, ата-анам да айтпаған екен.
Осы сапарымда Атакент ауылдық округіндегі Мақта шаруашылығының тарихи мұражайына барып, туған жердің тарихына саяхат жасадым.
«Голодная степь» деп аталған Мырзашөлді игеру науқаны 1883 жылы басталған екен. «Мақта шаруашылығының тарихи мұражайындағы» деректер Ресей патшасының туысы , Мәрмәр сарайдағы гауһар тастарды ұрлап, жер аударылған князь Николай Константинович Романовтың Орталық Азияға келуі бетпақдаланың адам сенгісіз өзгергенін айғақтайды.
Имперотор Александр II әулетінің мүшесі, кіші інісінің перзенті князь Николай Константинович көңілдесі америкалық биші Фанни Лирге сыйлық жасау үшін сарайдан үш гауһар тасты ұрлап сатқан. Князьдің қылмыстық әрекеті әшкереленгеннен кейін отбасы жиналып, кеңес құрады.
Себебі, қарны тоқ, көйлегі көк князьдің қылмысын жасырып, патша отбасына абырой-беделін сақтап қалу маңызды еді. Жиында ағайындылар айтысып, князьді әскерге аттандырамыз, ел алдында соттаймыз, ит жеккенге қаңғытып жіберейік деген түрлі ұсыныстар айтады.
Нәтижесінде патша Николай князь ақыл-есінен айырылған ауру деген шешім шығарады. Бұл князь әулетінің беделіне қатты нұқсан келтірмеу үшін жасалған амал еді. Сонымен көңілдесі үшін әулетін әбігерге салған , ұры атанған князь мәжбүрлі түрде емдеуге жабылады. Оған тағылған жазаның ең ауыры үнемі күзетшілердің бақылауында болады және барлық мұрагерлік- байлықтан , атақтан айырылып, жер аударылады. Князьдің сүйіктісі Фанни ханым да Ресейден аластатылыпты. Бикешке Ресей шекарасынан өтуге тыйым салынады.
Қас пен көздің арасында жұртынан қуылып, бар мансап-атақтан жұрдай болған князь Романов 1881 жылы Ташкентке жер аударылған.
Енді Николайдың Мырзашөлді суландыруға арналған жобасына тоқталсақ.
Оның «Большой Голодностепкий каналының » жобасы аясында ыстығы бет қаратпайтын , жері сортаң мекенде 1901 жылы «Солтүстік» су арнасын қазу жұмыстары басталады. Мыңдаған тұрғын жұмысқа жегіліп, 12 жылдан кейін су арнасы арқылы Мақтарал өлкесіне тіршілік нәрі келеді. 1914 жылы каналға «Романов» атауы берілген екен.
Князь Романов Орталық Азияда отбасын құрады, отанына оралмайды. Ол 1918 жылы Ташкентте демікпе дертінен қайтыс болған деген дерек бар. Билікке енді келген коммунистер де Мырзашөлді игеру бастамасына көз тігеді.
"Мақта шаруашылығы тарихи мұражайының" қор сақтаушысы Севинч Хамедованың айтуынша 1918 жылы Мырзашөл өңірінің ақсақалдары В.И.Ленинге барып, Түркістан өлкесін суландыру жұмыстарын қаржыландыруға көмек сұрайды. Партия көсемі шаруалардың ұсынысын құптап, 50 миллион сом қаражат бөлу және осы жұмыстарды ұйымдастыру туралы Декретке қол қойғаннан соң бетпақдалада су арнасын қазу, сорын шаю жұмыстары басталады.
Мырзашөлді жасыл желекке айналдырып, Мақтаарал еліміздегі мақтаның отанына айналды. Су арнасының ұзындығы 113 шақырым . Қазір "Достық" арнасы деп аталады.
«Мақта шаруашылығы тарихи мұражайында» қазу жұмыстарына пайдаланылған көне тракторлар, құрал-саймандар су арнасын қазу жұмысына тартылған тұрғындардың бейнеті ауыр болғанын айғақтайды. Қазір таңда Мақтарал, Жетісай аудандарындағы 136384 га егістік алқапты су арнасынан аққан тіршілік нәрімен суғарылады.
Ал «Мақта шаруашылығы тарихи мұражайы» аудандағы ең көне ғимарат. 1930 жылы іргетасы қаланыпты. Мұнда мақтаның түрлері , ежелдегі тамшылап суғаруға арналған техникалар , Кеңес өкіметі тұсында Өзбекстан қарамағына өтіп, кейін қайтарылған Жетісай, Мақтарал ,Киров аудандарына қатысты тарихи фотосуреттер ,ақ ұлпадан жасалған өнімдер сақталған.
Тағы бір қызық дерек ,мұражайдың қор сақтаушысы Севинч Хамедова мақтадан жасалған 800 түрлі өнімді көрсетті.
Мақтадан жіп, мата ,сұйық май ғана емес тері құрғап, күстеніп кеткенде жағатын глицерин , Е дәрумені, кір жуатын сабын, глюкоза, парфюмериялық ,фармакологиялық индустрияда пайдаланылатын метил спирті ,капрон сияқты бірнеше өнімдерді алуға болады. Өкінішке қарай қазір өндірушілердің басым бөлігі табиғи өнімді өңдеп, оны кәдеге жаратуға пейілсіз. Олардың орнын синтетикалық қоспалар алмастырғаны ащы да болса шындық . Ал мақтадан жасалатын кейбір өнімдерді мұражайдан ғана көруге болады.
Мырзашөлдің байлығы ақ алтын . Мексикалық мақтаның қандай сорттары Мақтаралда өседі. Жалғасы бар....
Жазира Бегалы журналист , блогер.
