Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

Қаржылық сауат: жастар үшін маңызды дағды

Қаржылық сауат: жастар үшін маңызды дағды

  Қазіргі таңда қаржылық сауаттылық - әрбір адамға қажет негізгі дағдылардың бірі. Әсіресе жастар үшін ақшаны дұрыс басқару, табысты тиімді пайдалану және болашақты жоспарлау өте маңызды. Осы тақырыпта zhuldyz podcast подкастында қаржы маманы Жалғасбек Ақболатпен подкастта сұхбат жүргізіп, қаржыға қатысты көптеген пайдалы ойлармен бөлісті.

Подкаст басында қаржылық сауат дегеніміз не және жастар ақшаны қалай дұрыс қолдану керек деген сұрақтар көтерілді. Қаржы маманының айтуынша, қаржылық сауат - бұл тек ақша табу емес, оны дұрыс басқару қабілеті. Көп адамдар

«көбірек ақша тапсам, көбірек жұмсаймын» деп ойлайды. Бірақ бұл көбіне дұрыс емес әдеттің нәтижесі.

  Жалғасбек Ақболат өзінің қаржы саласына қалай келгенін де айтып өтті. Ол мектеп кезінде бастапқыда әскери болуды армандағанын, бірақ кейін елге пайдасын басқа жолмен тигізуді ойлағанын айтады. Сөйтіп, кәсіпкерлікті дамыту және қаржы саласын таңдайды. Оның айтуынша, адам білімді тек мектеп үшін емес, өмір үшін алу керек.

Қаржылық сауаттылықтың маңызды бөлігі – нақты мақсат қою. Мысалы, жай ғана «ақша жинағым келеді» деу жеткіліксіз. Оның орнына нақты сома мен уақыт белгілеу керек. Мысалы, «мен 1 жылда 1 миллион теңге жинаймын» деген сияқты. Сонымен қатар, бұл мақсаттың не үшін қажет екенін түсіну де маңызды. Себебі нақты мақсат болмаса, адам оңай жолдан шығып кетеді.

  Подкастта тағы бір маңызды мәселе - табыс артқан сайын шығын да арта беретіні айтылды. Мысалы, студент кезінде 100 мың теңге жеткілікті болса, кейін табыс 200-300 мыңға жеткенде де ақша жетпей қалады. Бұл адамның комфортқа тез үйренетінін көрсетеді. Сондықтан табыс өскен сайын шығынды бақылауда ұстау керек.

Қаржы маманы ақша жинаудың бірнеше әдісін ұсынды. Соның бірі – 50-30-20 ережесі. Бұл әдіс бойынша табыстың 50%-ы қажеттіліктерге, 30%-ы қалауларға, ал 20%-ы жинақ пен білімге жұмсалуы керек. Сонымен қатар, «алдымен өзіңе төле» деген қағида да маңызды. Яғни айлық түскен кезде бір бөлігін бірден жинаққа салып қою керек.

  Қазіргі жастар арасында кредитке зат алу жиі кездеседі. Мысалы, қымбат телефон немесе тұрмыстық техника алу үшін қарызға кіру. Мамандардың айтуынша, бұл көбіне нақты мақсаттың жоқтығынан болады. Адам өз мақсатын білмеген соң, жарнамаға немесе трендке еліктейді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін 72 сағат ережесін қолдануға болады. Яғни бір зат алғың келсе, 3 күн күтіп көру керек. Егер сол уақыттан кейін де қажет болса ғана алу керек.

Тағы бір маңызды кеңес – кіріс пен шығысты жазып отыру. Көп адамдар өз ақшасының қайда кетіп жатқанын білмейді. Ал барлық шығынды жазып жүрсең, қай жерден үнемдеуге болатынын анық көресің. Бұл қаржылық тәртіп қалыптастыруға көмектеседі.

  Отбасындағы қаржылық тәрбие де үлкен рөл атқарады. Кей жағдайда ақша туралы әңгіме отбасында дұрыс жүргізілмейді, бұл балаға да әсер етеді. Сондықтан балаларға кішкентайынан ақша басқаруды үйрету керек. Мысалы, берілген ақшаны бөліп жұмсау немесе өзіне қажет затқа өзі ақша жинау сияқты.

Ақшаны картада немесе қолма-қол ұстаудың да айырмашылығы бар. Кейбір адамдар картадан ақша жұмсағанда оны байқамай қалады. Ал қолма-қол ақша болса, адам көбірек ойланып жұмсайды. Бірақ бұл да адамның өз тәртібіне байланысты.

  Студенттердің жұмыс істеуіне қатысты да пікір айтылды. Мамандардың айтуынша, студент үшін ең бастысы - білім. Бірақ бос уақытында мамандығына байланысты жұмыс істесе, бұл оның дамуына жақсы әсер етеді. Жұмыс арқылы адам өзін таниды, тәжірибе жинайды және жауапкершілікті үйренеді.

Сұхбат соңында қаржылық сауаттылықты дамыту үшін кітаптар оқу ұсынылды. Мысалы, «Бай әке, кедей әке», «Қаржылық еркіндікке апаратын жол», «Ақылды инвестор» сияқты кітаптар пайдалы болуы мүмкін.

  Қорытындылай келе, қаржылық сауаттылық - бір күнде қалыптасатын дағды емес. Ол үшін тәртіп, нақты мақсат және тұрақты әрекет қажет. Әр адам өз табысын дұрыс басқаруды үйренсе, болашақта қаржылық қиындықтардан оңай өте алады.

0
1
106580

Еще по теме