Перейти к содержимому

Қарқаралыдағы инфо-тур: аңыздар мен тарихқа толы сапар

Қарағанды облысына арнайы ұйымдастырылған инфо-турға қатыстым. Бұл сапардың басты мақсаты – Қарқаралы өңірінің туристік әлеуетін көрсету, табиғаты мен мәдениетін насихаттау еді. Екі күндік жол тарихқа толы аңыздармен, табиғаттың ғажайып көріністерімен өрілді.

Қарағанды → Қарқаралы

Таңғы 7:30-да Қарағандыда жиналып, жолға шықтық. Қатысушылардың арасында журналистер, блогерлер, туризм саласының өкілдері болды. Әркімнің көңілінде толқу – алда бізді қызыққа толы сапар күтіп тұр.

Бір сағаттан соң Ботақара ауылында тоқтап, таңғы ас іштік. Жол үстіндегі чебурек пен ыстық шай ерекше дәмді сезілді.

11:00 шамасында Қарқаралыға кіргенде алдымыздан жасыл таулар мен көне қаланың тынысы сезілді. Инфо-тур ресми түрде Қарқаралы өлкетану музейінде басталды. Мұнда сақ дәуірінен қалған алтын әшекейлер, археологиялық жәдігерлер, этнографиялық тұрмыстық бұйымдар бар.

Экскурсоводтың айтуынша, «Қарқаралы» атауы өңірде көп өскен әдемі гүлдің атымен байланыстырылады. Тағы бір аңызда хан қызының басындағы қарқарасы осы жерде түсіп қалып, жер солай аталған екен.

Түстен кейін біз Комиссаровка шатқалына жол тарттық. Мұнда бізді ұлттық парк егерьлері қарсы алды. Сапардың ең әсерлі бөлігі – Қарқаралы мегалиті.

Орасан зор тастардың тізбектеліп орналасуы ежелгі ғибадат орнына ұқсайды. Халық оны «қазақ Стоунхенджі» деп те атайды. Аңыз бойынша, бұл тастарды алып күш иелері қойған десе, ғалымдар геологиялық құпияларын әлі зерттеп жүр.

Кешке қарай біз «Орман» қонақ үйіне оралып, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Түнде далаға шығып, жұлдызға толы аспанға қараған сәт ерекше есте қалды – қалада мұндай көріністі ешқашан көрмейсің.

Табиғат пен тарихтың тоғысы

Келесі күні таңғы 7:00-де жолға шықтық. Басты бағыт – Шайтан көл тауы. Оның атауы да ерекше. Аңызда көлге түскен кей адамдар қайта шыға алмай қалған екен. Сол себепті халық оны «шайтан иелік еткен» жер деп сенген. Шын мәнінде, көлдің суы кейде түсін өзгертіп тұрады – бұл табиғи құбылыс. Таудың биігінен төмендегі орман мен көлдердің көрінісі көздің жауын алады.

Түске қарай біз шатыр тігу бойынша шеберлік сабағына қатыстық. Бұл – табиғат аясындағы туризм үшін аса қажет тәжірибе.

Күннің екінші жартысында біз Құнанбай мешітіне аялдадық. Бұл мешіт 1851 жылы Абайдың әкесі Құнанбай қажының бастамасымен салынған. Ол кезде Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болған Құнанбай халыққа рухани білім беру үшін осы мешітті тұрғызған. Мешіт қазақ даласындағы алғашқы медреселердің бірі ретінде белгілі.

Қайтар жолда біз Жосалы шипажайына тоқтадық. Мұндағы минералды су мен емдік балшық ежелден халыққа белгілі. Қариялар: «Жосалының балшығын жаққан жанның дерті жеңілдейді» дейді. Бүгінде бұл шипажай тек қазақстандықтарға ғана емес, шетелдік туристерге де қызық.

Бұл екі күндік инфо-тур маған Қарқаралының бай табиғаты мен тарихи мұрасының шынайы қазына екенін тағы бір дәлелдеді. Әрбір аялдама – аңызға, әрбір тау – сырға толы.Қарқаралы – Қазақстанның туристік картасында лайықты орын алатын ерекше аймақ анық.

@visitkaragandakz @kito_travel ұжымына рақмет

📸 түсірген: @yerasylbazylov

0
0
4616

Еще по теме