Қаллеки театрының «ішкі Әлемі»
Жалпы, кез-келген шаһарды білгіңіз келсе, әуелі оның музейіне барыңыз. Ал, Астана қаласындағы 16 театрдың ішінде өз музейі бар Қаллеки театры десек қате айтпағандық болар. Музей танымды, Қаллеки театрының қалыптасуына еңбек сіңірген, қазақ театр өнерінің корифейлері Мәмбетов Әзірбайжан Мәдиұлы, Жетпісбаев Қадыр Рахымбайұлы, Жақып Омарұлы, Әшірбек Сығай, Мырзақұлова Маралжан Қазбекқызы, Доспаев Дәулет Сатылғанұлы бастаған бейнелер көзге жылы ұшырай берді әрі театр тарихы, әртістері туралы мол материал жинақталған. Қаллеки театрына баратын болсаңыз ертерек келіп, міндетті түрде аталған музейге бас сұғуға кеңес беремін. Ұзын саны екі жүз жәдігер бар, оның ішінде құрметіне театр атауын берген Қалибек Қуанышпаевтың аса таяғы да тұр.
Және, менің назарымды аударғаны құжаттар, фото-бейне суреттер аса ыждаһаттылықпен жиналыпты және ұлттық киімдер үлгілері де тұр, бұл да танымды деп ойлаймын. Қысқаша айтқанда Сіз оны өз көзіңізбен көруіңіз керек.
Келесі бас сұққан жеріміз – ол Грим бөлмесі, мұнда әртістердің сахнаға шығар алдында әдеміленетін, тіпті, олардың өз-өздерін қайрап, дайындығын білдіретін ортасы. Бұған әркім бас сұға бермейді, көзбен көріп, сезіну тіпті күшті сезім екен. Ертегі Әлеміне дайындық десем де болар. Көп жағдайда адамдардың әдемілігіне, түп-сипатына мән беретініміз де шын ғой. Мұндағы жұмысты стилистердің, визажистердің және грим жағушылардың шеберлігінің шыңы десек те болар.
Одан соң Реквизиттермен жұмыс істеу залына бас сұқтық. Мұнда әуелі қойылымға қажетті, әртістердің киімдері, қойылым барысында пайдаланылатын тұрмыс заттары және бутафория жасалады. Реквизиттер жиналып, тізімделіп, дайындалып, реттеліп қойылса, бутафорияның жөні бір басқа. Өйткені, бутафория аса ыждахаттылықты талап етіп қоймай, сурет, өнер туындыларымен қатар десек те болар. Себебі бутафория папье-машеден, пластикадан, ағаштан және өзге де материалдардан жасалуы тиіс. Айтқандай «Жошы хан» қойылымында пайдаланылған бутафория дүниелері өте әдемі көрінді, мысалы, ол ат арбалары, алаңда қойылған заттар, сахнадағы өзге де қажетті нәрселер. Жалпы, бутфориялар маған ерекше әсер етті, қолмен ұстап, көзбен көрудің өзі бір ғанибет емес пе?
Келесі назар аударған бөлім – ол Тігін цехы, шындығында мұнда әр әртіске қажетті, ыңғайлы киімдер тігіледі, дайындалады. Біз барған кезде жұмыс қызып жатыр екен. Өз ісіне берілген жандарды көрдік, бұл жай ғана тігін цехы емес, бұл өнер жолындағы цех қызметкерлерінің жанқиярлығы десек болар. Өйткені, жұмыс, яғни, сахна киімдерін тігу, дайындау, шақтау уақытты талап етеді, ол уақыт жедел болуы да мүмкін.
Жалпы, Қаллеки театрының кей қойылымдары театр қойылымдарының үздік үлгілері десек болар, мысалы, «ROMEO and JULET» синема-эпосы шынында кино қойылымы іспетті, шынайы бере білген. Міне, осы қойылым барысында манағы айтқан бутафория заттарының тиімді пайдаланылғанын байқадым. Ал, «ROMEO and JULET» синема-эпосы немесе «Жошы хан» тарихи драмасын не «Бопай ханым» тарихи трагедиясын көрген кезде бутафорияның және реквизиттердің үйлесімдігін байқай аласыз.
Міне, осы және басқа да қойылымдар барысында Ауыр декорациялар үшін жүк жеделсатысының цоколды бөлігінен ауыр заттар мен бутафорияларды, реквизиттерді көтеру, жеткізу де маңызды. Бұл да көрінбейтін майдан.
Айтқандай, Қаллеки театрының өз Халық аспаптар ансамблі мен Симфониялық оркестрі және «Teatre Avenue» атты бэнді бар. Бұл ретте, Оркестр ойы туралы айта кетейік. Сахнадағы қойымылымды музыкамен әрлей білу, көрерменнің жүрегінен орын алу ондағы, дұрысы ойдағы музыканттарға да байланысты. Қай заманда да музыка адам жанының емшісі.
Және, ең соңғысы буфет туралы айтпасақ болмас, себебі театрға келген адам үзіліс кезінде не қойылымға дейін буфетке барып, су ішіп, тіскебасар жеп, әлденіп алған соң күшті эмоциямен қызықты һәм мағыналы қойылымдарды көруді жалғастырар еді.
Қысқаша айтқанда, театрдың тұрақты көрермені ретінде көрген, білген, байқаған жайттарым осы. Және, Қаллеки театрының ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, тағы да Әсел Рысмағанбетқызына алғыс білдіремін.
Ал, баршаңызды театр көрермені болуға шақырамын!
Мақала және фото авторы – Амандық Әмірхамзин

