Ислам против коррупции
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облыстық өкілдігімен өңіріміздің барлық мешіттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай сағаты ұйымдастырылды.

Іс-шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткізілді. Жұма намазына жиналған жамағатқа сыбайлас жемқорлық сияқты ұғымның қоғамға тигізер зияны туралы айтылып, тек қана зайырлы заңдар емес, сонымен бірге қасиетті Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбардың сүннетімен де аса қатал түрде айыпталатыны жеткізілді.

Имамдардың айтуынша, мешіт жамағаты түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болып келеді, әсіресе жастар, кәсіпкерлер, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, т.б. Дін қызметкерлерінің басты басымдығы жұма күнгі уағыз барысында жамағатқа рухани тәрбие, адамгершілік, қайырымдылық, шыншылдық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік сияқты адам бойындағы қасиеттердің маңыздылығын жеткізу. Жалпы уағыз барысында 30 мыңнан астам адам қамтылып, осындай шаралар одан әрі жалғасын таба бермек.
