Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

«Иран конференциясы» спектаклінің екінші тынысы ашылды

16-17 қараша күндері алматылық көрерменге Шам театры Иван Вырыпаевтің әйгілі «Конференция» драмасы ұсынылды. Қойылым көрермендерді терең ойға жетелеп, ғаламдық мәселелер мен жеке адам трагедияларының нәзік байланысын көрсетті.

Былтыр “Шам” театрының "Иран конференциясы" атты алғашқы қойылымын көре алмаған едім. Биылғы жылы сәті түсіп барып қайтқан жайым бар. Актерлық құрамға сөз жоқ. Кино және театр әлемінде аты шыққан танымалдар, кіл мықты.

Ал, қойылымға келер болсақ, басында неге “Иран конференциясы”? деген сұрақ болғаны рас. Айтпақшы, биыл спектакль "Конференция" деп аталыпты.

Тұсаукесер алдында сондай әдемі атмосфера бере алды. Паранжа киген нәзік те құпияға толы қыздар қарсы алды. Оған бір топ өнерпаздың музыкалық сүйемелдеуі ғажап сезім сыйлады.

Әлбетте, әркім өзінің таным деңгейімен көре алады ғой. Мен үшін бұл спектакль адамзат проблемасы, жеке адам проблемасы, әркімнің жан күйзелісі, діни түсінік пен гуманизм, екі түрлі түсініктің “қақтығысы” сияқты ойлармен ассоцияцияланды. Мәнсіз, мағынасыз, нәтижесіз жиындарды сынға алғаны ұнады.

Соңғы түйін: Батыс” пен “Шығыс” арасын қабырға бөліп тұр, нәтижесінде әркім өз проблемасымен қалады.

Айта өтейік, Şam театры – спектакльдері қазақ тілінде қойылатын еліміздегі тәуелсіз шығармашылық ұжым. Театрдың негізін қалаушылары – өнер қайраткерлері Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит.

Театрдың екінші маусымын ашқан бұл спектакль Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Ерлан Біләл, Дархан Сүлеуменов, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Ақбота Рахат, Алмат Құрақ сынды актерлық құрамнан тұрды. Режиссеры Фархад Молдағали.

2 жарым сағаттық қойылымнан түйгенім: Адамдар жеке мәселесін шешуге қауқарсыз, бірақ, әлем мәселесін шешуге ұмтылады. Бірақ, оны да шешуге қауқарсыз. Талай конференция, жиындағы жаһандық мәселелер құр талқымен, шешусіз қалады. Түрлі адамдар, мемлекеттер түрлі проблемаларымен жалғыз қалуға, жалғыз күресуге мәжбүр...

P.S. «Конференция» — бұл кезекті қойылым емес, көрерменнің ішкі жан дүниесіне әсер ететін, өмірге басқа қырынан қарауға мүмкіндік беретін туынды. Жеке адам мен қоғам арасындағы нәзік байланысты бейнелеген спектакль көрермендердің есінде ұзақ сақталары анық.

Шырағың сөнбесін, шам!

0
0
4516

Еще по теме

«Иран конференциясы» спектакліне екінші дем бітті - Yvision.kz