ГЭРРИС
Он бесінші тарау
ГЭРРИС
Ертең жетінші сәуір деген күні түнде, таң алдындағы күзетте тұрған Остин Дингоның өршелене абалап өзенге қарай жүгіріп кеткенін көзі шалды. Сол сәтте миссис Уэлдон, Дик Сэнд және негрлер үңгірден жүгіре шықты.
– Динго адамның немесе бірер хайуанның дыбысын сезген, – деді жасөспірім.
– Басқа біреу болса болар, әйтеуір Негоро емес, – деді Том, – Динго оған ерекше ызалана үреді.
– Негоро қайда болды екен? – деп сұрады миссис Уэлдон, Дикке көз қиығын тастап, мұның мәнісіне тек қана Диктің өзі түсінді. – Егер бұл Негоро болмаса, онда кім болғаны?
– Оның кім екенін қазір білеміз, миссис Уэлдон, – деді Дик Сэнд. Сосын Бат пен Остинге жәнс Геркулеске қарап:
– қане, достарым, мылтық пен пышақ алыңдар да, менің соңымнан еріңдер, – деп үстеді.
Бәрі де белбеулеріне пышақ қыстырып, қолдарына мылтық алды. Сосын төртеуі де мылтықтарын әп-сәтте оқтап алып, аяқтарын тез басып, өзен жағалауына қарай жөнелді.
Миссис Уэлдон, Актеон және Том қарт үңгірдің кіре беріс аузында қалды, үңгірде ұйықтап жатқан кішкентай Джекті кәрі Нан бағып отыр.
Күн жаңа ғана көтерілген. Оны биік жар қалқалап тұрғандықтан, жағалаудың қайраңын әлі көлеңке басып жатыр. Бірақ теңіздің батыс жағы сонау көкжиекке дейін алғашқы түскен күн сәулесімен жарқырап тұр еді.
Дик пен үш негр жарды жағалап, өзен сағасына қарай тез аттап келе жатты.
Бұларды өзен сағасында Динго күтіп алды. Ит тұрған жерінен табан серіппей үріп тұр. Ол адамның өзін көрді немесе дыбысын сезді, әйтеуір оның адамға үргені анық.
Том қарттың айтқаны келді: Динго өзінің ескі дұшпаны Негороға үрмеген екен.
Құзды қиядан төмен түсіп бір адам келе жатыр. Ол жағалаудағы қайраңды бойлап, итке күшімдей түсіп, аяғын балпаң басып, ілгері жүрді, оның ашулы төбеттен қорыққаны көрініп тұр.
– Мынау Негоро емес, – деді Геркулес.
– Негороның орнына басқа біреу келсе, зиян тарта
қоймаспыз, – деді Бат.
– Бұл жергілікті халықтан болса керек, – деді жасөспірім.
– Мұның пайда бола кетуі, алысқа ұзап жер шолудан бізді құтқаратын болды. Әйтеуір өзіміздің қай жерде екенімізді білетін болдық!
Төртеуі де мылтықтарын арқаларына асынып, жат адамға қарсы жүрді.
Бейтаныс бұларды көріп таң қалды. Жағалаудың осы бөлегінен адам кездестірем деп күтпеген тәрізді ол.
«Пилигримнің» сынықтарын оның әлі көрмеуі мүмкін, әйтпесе апатқа ұшырағандардың жағалауда екенін білер еді. Анығын айтқанда, түнгі соққан дауыл кеме қаңқасының быт-шытын шығарып талқандаған болатын, енді оның теңіз бетінде тек кейбір сынықтары ғана қалқып жүр.
Бейтаныс өзіне қарсы келе жатқан қарулы адамдарды көріп, қалт тұра қалды, мылтығын дереу қолына алды да, қайтадан иығына асты.
Әйтсе де Дик Сэнд оған сәлем беріп, қолын бұлғады. Сірә, жат адам өзіне қарсы келе жатқандардың бейбіт ниетте екенін түсінсе керек, сәл уақыт толғанып тұрды да, сосын бұлардың қасына келді.
Дик Сэнд оны анықтап көрді.
Бұл өңіне қарағанда, жасы қырықтарды қусырған, сақал-
шашы бурыл тартқан, ойнақы көз, беті күнге күйіп қарая түскен бойшаң адам еді. Бұл сияқты күнге күйіп тотығушылық көшпелілерде, өмір бойы орман аралап сахара кезіп таза ауада жүретін адамдарда ғана болады. Бейтаныстың басында етекті қалпағы, үстінде тері күртесі, тері шалбары бар. Қонышы тізесінен асқан былғары етігінің сірісіне үлкен шпор байлап алған, аттаған сайын сылдыр қағады.
Дик Сэнд өздерінің алдында тұрған пампастың жергілікті адам емес екенін бір қарағаннан-ақ таныған еді, шынында да солай боп шықты. Мұны шетелдік, сезікті авантюрист деуге болады, алыста жатқан шала жабайы елдерде мұндайлар аз емес. Оның түрі мен жирендеу келген сақалына қарағанда, ағылшын-саксон қанды адам деуге болады. Әйтеуір ол жергілікті халық та, испан да емес.
Дик Сэнд бейтаныс адамға ағылшын тілінде сәлем беріп еді, о да сол тілмен ешбір мүлтіксіз:
– Хош келіпсіз, жас достым! – деп жауап қайырды.
Диктің жорамалдауы шынға айналды. Ол таяу келіп Диктің
қолын алды.
Жат адам Диктің негр жолдастарына тек қана басын изеп қойды.
– Сіз ағылшынсыз ба? – деп сұрады ол жасөспірімге қарап.
– Америкалықпын, – деп жауап қатты бала жігіт.
– Оңтүстік пе?
– Жоқ, солтүстік.
Бұл жауап бейтаныс адамды қуантқандай болды. Ол нағыз
америка салтымен Диктің қолын қайта алып сілкіп-сілкіп қойды.
– Жас достым, бұл жағалауға қалай келіп қалғаныңызды сұрауға болар ма екен?
Бірақ Дик Сэнд жауап қайырып үлгірмей-ақ, бейтаныс адам басындағы қалпағын алды да, иіліп тәжім етті.
Миссис Уэлдон құм үстінде аяғын ептеп басып, олардың алдына келіп тоқтаған еді.
Бейтаныс адамның сұрағына миссис Уэлдонның өзі жауап қайырды.
– Сударь, – деді ол, – біз апатқа ұшырадық. Біздің кемеміз жағалау маңының су асты құзына соғылып, кеше ғана қирады.
Бейтаныс адам жаны ашып қынжылғандай болды. Мұхитқа бетін бұрып, апаттың ізін көзімен шолды.
– Кемеміздің түгі де қалған жоқ, – деді Дик Сэнд. – Оның тас-талқаны шыққан, қалдық жаңқаларын бүгін түнде толқын шайып әкетті.
– Бәрінен бұрын, – деді миссис Уэлдон, – өзіміздің қай жерде екенімізді білсек деймін.
– Оңтүстік Америка жағалауындасыздар, – деп жауап қатты бейтаныс. Ол миссис Уэлдонның сұрағына таңданған сияқтанды. – Сіздер мұны қалайша білмейсіздер?
– Ие, сударь, анық біліңкіремейтінім рас, – деді Дик Сэнд. – Біз бұл жөнінде, күмәнді едік, өйткені жел кемені бағытынан тайдырып, басқа жаққа айдап әкетуі мүмкін, ал мен болсам, өзіміздің қай жерде екенімізді анықтауға мүмкіндігім болмады. Бірақ менің сізден өтініп сұрайтыным, біздің нақ қай жерде екенімізді дәлелдеңкіреп айтсаңыз екен. Перу жағалауында болсақ керек, дұрыс емес пе?
– Жоқ, жоқ, жас достым! Аздап оңтүстікке таман. Сіздердің апатқа ұшыраған жеріңіз – Боливия1 жағалауы. Дәлдеңкіреп айтқанда, Боливияның оңтүстік бөлегі, Чили шекарасында деуге болады.
– Сіздер мына мүйісті не деп атайсыздар? – деп сұрады Дик Сэнд солтүстік жақты көрсетіп.
– Бір өкінішті жері, мен мұны білмеймін, – деп жауап қатты бейтаныс. – Мен бұл елдің орталық өлкелерімен жақсы таныспын, өйткені онда жиі-жиі барып тұруыма тура келді, бірақ бұл жағалауға келіп тұрғаным осы бірінші рет.
Дик Сэнд бейтаныс адамнан мына сөзді есітіп, ойға қалды. Жалпы алғанда, жасөспірім оншалықты таңданған жоқ.
Ағыс күшін білмеген соң, есептен жаңылуы қиын емес. Бірақ Дик Сэнд «Пилигримнің» апатқа ұшыраған жері оңтүстік ендіктің жиырма жеті – отыз градустардың аралығы деп шамалаған-ды, мынаның айтуына қарағанда, Дик онша көп қателеспеген. Кеме жиырма бесінші градуста апатқа ұшыраған болды.
Ең соңғы анықталған жер Пасхи аралы еді, ол арадан шыққалы кеме ұзақ жүрді, қателесу мөлшерінің мұншалықты аз болуы мүмкін емес.
Бейтаныс адамға шын айтпады деп күмәнданарлықтай Диктің ешбір дәлелі болмады. «Пилигримнің» апатқа ұшыраған жері төменгі Боливия екенін білген соң, бұл жағалаудың елсіздігіне Дик Сэнд таңданған жоқ.
– Сударь, – деді ол бейтанысқа қарап, – сіздің айтуыңызға қарағанда, біз Лимадан2 көп қашықтамыз деп шамалаймын?
– Лима қайда, алыс... Лима ана жақта! – деп ол солтүстікке қарай қолын сілтеді.
1 Чилиге қарсы жүргізілген соғыста (1879-1884) Боливия теңіз жағалауындағы меншігінен айрылған болатын, содан бері ол мемлекет мұхитқа шыға алмай келеді.
2 Лима – Перудың астанасы.
Негороның жоқ болып кетуінен сезіктенген жас әйел мына адамды зер сала бақылады. Бірақ ол мұның қылығынан да, қайырған жауабынан да сезіктенерліктей ешнәрсе таба алмады.
– Сударь, – деп бастады сөзін миссис Уэлдон, – егер менің сауалым сізге ыңғайсыз тисе кешіріңіз! Сіз, Боливияда тудыңыз ғой, ә?
– Мен өзіңіз сияқты америкалықпын, миссис... – Қасында тұрған адамдардың біреуі өзіне әйелдің фамилиясын айтып жіберуін күтіп, бейтаныс адам тына қалды.
– Миссис Уэлдон, – деді Дик.
– Менің атым Гэррис, – деп бейтаныс сөзін жалғастырды.
– Мен Оңтүстік Каролинада тудым. Бірақ менің туған
елімнен кеткеніме, мінеки, жиырма жыл, содан бері Боливия пампасында1 тұрып келемін. Мен өз отандастарыммен жолығысқаныма өте қуаныштымын, бұған сенуіңізге болады!
– Мистер Гэррис, сіз Боливияның осы бөлегінде үнемі тұрып келесіз бе? – деп сұрады әйел.
– Жоқ, миссис Уэлдон, мен оңтүстігінде, Чили шекарасында тұрамын. Бірақ мен қазір солтүстік-шығысқа, Атакамаға бара жатырмын.
– Демек, біз Атакама сахарасынан қашық емес екенбіз ғой? – деп сұрады Дик Сэнд.
– Дұрыс айтасыз, жас достым. Ол сахара сонау көкжиектен көрінген тау бөктерінің аржағынан басталады.
– Атакама сахарасы! – деп қайталады Дик.
– Ие, жас достым, – деді Гэррис. – Бәлки, Атакама
сахарасы Оңтүстік Американың ең қызғылықты да, аз зерттелген бөлігі болар. Бұл тамаша жер басқа елдердің жерінен ерекше...
– Сіз, шөл далада жападан-жалғыз жол жүруге қалай тәуекел еттіңіз? – деп сұрады миссис Уэлдон.
1 Пампас – Оңтүстік Америка даласы.
– О, мен бұл сияқты асулардан талай-талай асқанмын, – деді Гэррис. – Осы арадан екі жүз миль жерде Сан-Феличе бар, онда гациенд – ірі ферма орналасқан. Ол менің бауырымның фермасы. Онда сауда ісімен жиі барып тұрамын. Егер қаласаңыз, менімен бірге жүріңіз, онда сізді шын ықыласымен қарсы алатындарына кепіл бола аламын. Сіз ол арадан Атакамаға оңай жетесіз, менің бауырым сізге қуана-қуана көлік береді.
Америкалықтың мына сыпайы ұсынысы шын ықыласпен жолаушылардың пайдасына айтылған сияқты еді. Гэррис бұл ұсынысының жауабын күтпестен тағы да миссис Уэлдонға қарап:
– Мына негрлер сіздің құлдарыңыз ба? – деді ол Томды және оның жолдастарын көрсетіп.
– Осы күні Құрама Штаттарда құл жоқ, – деді миссис Уэлдон оның сөзіне наразы үнмен тез жауап қайырып. – Солтүстік Штаттар құлдықты әлдеқашан жойды, оңтүстіктер де солардың өнегесінен үлгі алған.
– Аһ, айтпақшы, солай екен ғой, – деді Гэррис. – Бұл маңызды мәселені 1862 жылғы соғыстың шешкені есімнен шығып кетіпті ғой. Мына мырзалардан кешірім өтінемін, – деп үстеді Гэррис мысқылды үнмен, құлиемденушілік жойылғаннан кейін оңтүстік америкалықтар әдетте негрлермен осылай сөйлесетін.
– Бірақ бұл джентльмендер сізге қызмет етіп жүргенін көрген соң, мен...
– Сударь, бұл адамдар маған қызмет еткен жоқ және етпейді де, – деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.
– Сізге қызмет етуге борыштымыз, миссис Уэлдон, – деді Том қарт. – Бірақ бізді ешкімнің иемденбейтіндігі мына мистер Гэрриске мәлім болсын! Менің құл болғаным рас. Алты жасар күнімде мені құл саудагерлері Африкадан ұстап алып, Америкаға апарып сатқан. Ал менің балам Бат, мен құлдықтан құтылып ерікті адам қатарына қосылған уақытымда туды, жолдастарымның бәрі ерікті адамдардың балалары.
– Ендеше, сіздерді сол бостандықтарыңызбен құттықтаймын, – деп жауап қатты Гэррис, миссис Уэлдонға оның үнінде келеке бардай сезілді. – Дегенмен осы күнгі ерікті Боливияда да құлдық жоқ. Олай болса қорқа қоятын түк те жоқ. Жаңа Англия1 штатында жүргендеріңіз сияқты, мұнда да қауіп-қатерсіз жүре берулеріңізге болады.
Осы сәтте кішкентай Джек Нанға еріп үңгірден шықты да, жұдырығымен көзін уқалады.
Бала анасын көре сала, тұра ұмтылды.
Миссис Уэлдон бөбегін аймалап бетінен сүйіп жатыр.
– Қандай сүйкімді бала! – деді америкалық Джекке
жақындап.
– Бұл – менің ұлым, – деп жауап қатты әйел.
– О, миссис Уэлдон! Мына ауыр күндерде сіз екі жақтан бірдей – өзіңіз үшін де, бөбегіңіз үшін де азап шеккен екенсіз ғой!
– Оның бәрі енді өтіп кеткен уақиға ғой, мистер Гэррис. Джек те аман, басқаларымыз да аманбыз.
– Бұл сүйкімді бөбектің бетінен сүюге рұқсат етіңіз? – деп өтінді Гэррис.
– Мейліңіз, сударь.
Бірақ кішкентай Джек мистер Гэрристі оншалықты
жақтырмаса керек, анасына тығыла берді.
– Қарай гөр, мұны, – деді Гэррис. – Сен мені сүйгің
келмей ме? Демек, мен саған жексұрын көрінеді екенмін ғой?
– Кешіріңіз оны, сударь, – деп миссис Уэлдон асыға жауап қатты. – Джек – өте ұялшақ бала.
– Біз екеуміз алдымен танысып алайық, сосын достасып та кетерміз, – деді Гэррис. – Гациендке барған соң ол жерден сен мініп серуендейтін әп-әдемі кішкентай ғана ат та табылады, ол жануар біз екеуміздің таза достасуымызға дәнекер болады.
1 Жаңа Зеландия – Америка құрама штаттарының солтүстік шығыстағы өндірістік штаты.
Бірақ «әп-әдемі кішкентай атты» айтып Джекті қызықтырғанымен, бала оған оншалықты елжірей қоймады, бұрынғысынша бетін анасының етегімен жауып жасырына берді.
Миссис Уэлдон әңгіменің бетін басқа жаққа бұруға асықты, Джектің жылы шырай көрсетпеуі өз қызметін соншама сыпайылықпен ұсынған адамның қытығына тие ме деп қорыққан еді ол.
Гэрристің ұсынысы туралы Дик Сэнд ойға қалды. Екі жүз миль жол жүру миссис Уэлдон мен Джекті өте қажытуға тиіс, өйткені аяқ артарлық ешқандай көлік жоқ.
Дик Сэнд өзінің неден қауіптенетінін Гэрриске айтты да, не дер екен деп оның жауабын күтті.
– Шынында да бұл ұзақ жол, – деді Гэррис. – Бірақ жағалаудан жүз қадам жерде менің атым байлаулы тұр. Мен оны миссис Уэлдонға шын ризалығыммен беремін. Еркектер жаяу жүреді, бірақ жаяу жүру еркектер үшін ешқандай қиын емес және қажытпайды да, бұған сенуіңізге болады. Мен, баратын жеріміз екі жүз миль дегенде, өзен жағалауы мен ондағы жолдың жылан ізіндей ирек-ирек екендігін есепке алдым, осы жолмен қазір ғана өзім жүріп келдім. Егер біз орман арасымен төтелеп жүрсек, онда біздің жолымыз кем дегенде сексен миль қысқарады. Күніне он мильден жүріп отырсақ, гациендке қалай жеткенімізді білмей де қаламыз.
Миссис Уэлдон америкалыққа алғыс айтты.
– Егер айтқан алғысыңыздың шын екендігін дәлелдегіңіз
келсе, менің шын ықыласыммен айтқан ұсынысымды қабылдаңыз, – деді Гэррис. – Расын айтқанда, менің бұл орманға келіп тұрғаным осы ғана, сонда да болса қиналмай- ақ жол табатыныма күмәнданбаймын, өйткені мен орман аралап үйренген адаммын ғой. Бізді азық мәселесі ғана қинаңқырайды. Мен Сан-Феличеге жету үшін бір адамға ғана жетерлік азық алып шыққан едім.
– Мистер Гэррис, – деді миссис Уэлдон, – бізде азық көп, бөлісіп жерміз.
– Міне, жарады, миссис Уэлдон! – деп айқайлады Гэррис. – Іздесе таптырмастай боп сәтінің түсе қалғанын қараңызшы, меніңше, ендігі қалғаны – тек қана жолға шығу!
Гэррис тоғайға байлап кеткен атын әкелейін деп жүре беріп еді, оны Дик тоқтатып жаңадан сауал берді.
Теңіз жағалауынан ұзап, ұзындығы жүз мильге созылған жыныс орманды кезу жасөспірімге ұнаңқырамады. Дик нағыз теңізші еді, теңіз жағалауынан ұзап кеткісі келмеді.
– Мистер Гэррис, – деді ол, –Атакама сахарасын кезіп, жүз жиырма миль жол жүру маған қолайсыз көрініп тұр. Теңіз жағалап жүргеніміз жөн болмас па еді? Мейлі, біз солтүстікке немесе оңтүстікке қарай жүрсек те бәрібір, әйтеуір теңіз маңына жақын қалалардың біріне жетсек болғаны.
Гэррис жайлап қана қабағын кіржитті.
– Жас достым, – деді ол, – бұл жағалауды мен білетін
болсам, теңіз маңына ең жақын қала біз тұрған жерден үш жүз немесе төрт жүз миль...
Дұрыс айтасыз, – Дик Сэнд оның сөзін бөлді, – бірақ оңтүстікте ме, әлде солтүстікте ме?
– Оңтүстікте, – деді америкалық, – Чилидің өзіне жеткенше төмен қарай жүруіміз керек. Демек, жол ұзаққа созылады деген сөз. Мұның үстіне, егер мен сіздің орныңызда болсам, Аргентина Республикасының пампастарына жуымауға тырысар едім. Бір өкінішті жері, сіздерге еріп онда өзім де бара алмаймын...
– Чилиден шығып Перуге баратын пароходтар ол жағалауға жақындамай ма? – деп сұрады миссис Уэлдон. – Жоқ, – деді Гэррис. – Олар ашық теңізбен кетеді. Сірә, сіздерге бірде-бір пароход кездеспеген болар?
– Дұрыс айтасыз, – деді миссис Уэлдон. – Сөйтіп, Дик, сенің мистер Гэрриске тағы қандай сауалың бар?
– Бір ғана сауалым бар, миссис Уэлдон, – деді жасөспірім оның ұсынысына қосылғысы келмей. – Бізді Сан- Францискоға жеткізетін пароход қай порттан табылар екен, осы жағдайды сұрап білейін деп ем.
– Расын айтқанда, жас достым, сіздің бұл сұрағыңызға жауап қайыру маған қиын соғып тұр, – деді америкалық. – Сан-Феличедегі гациендтен сіздерді Атакама қаласына жеткізіп салатын көлік табамыз, мен осыны ғана білемін, ал сосын...
– Мистер Гэррис, – миссис Уэлдон оның сөзін бөлді, – сіздің ұсынысыңыз Дикке ұнамай тұр екен деп ойлай көрмеңіз! – Жоқ, жоқ, миссис Уэлдон, – деп айқайлады жасөспірім. – Мен мистер Гэрристің ұсынысын жан-тәніммен алғыс айтып қабылдауға әзірмін. «Пилигрим» бірнеше градус солтүстікке немесе оңтүстікке таман қирамады, менің өкінетінім осы ғана. Олай болғанда бірер портқа жақындап, елімізге қайтуға біраз жеңілдік табар едік және мистер Гэррис бізге бола
жолынан қалып әуре болмас еді.
– Ғафу етіңіз, мен аса қуаныштымын, – деді Гэррис. –
Бұл жерде отандас адам сирек кездеседі дедім ғой, сондықтан да шын ықыласыммен сіздерге аз да болса қызмет көрсеткім келді.
– Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз, мистер Гэррис, – деп жауап қатты миссис Уэлдон. – Әйтсе де сізді атыңыздан айырып, жаяу жүргізгім келмей тұр. Өзім де асқан жүргіш...
– Мен сізден де жүргішпін, – деп Гэррис тағзым етті. – Мен пампастарды жаяу кезіп шынығып қалған адаммын, егер біздің отряд жолда кідіріп қалатын болса, оған мен кінәлі емес шығармын. Жоқ, миссис Уэлдон, сіз кішкентай Джекті алдыңызға алып атпен жүресіз. Дегенмен гациенд қызметкерлерінің бірі жолшыбай ұшыраспауы мүмкін емес. Егер салт бара жатса, бізге астындағы аттарын қуана-қуана түсіп береді.
Дик Сэнд Гэрристің ұсынысына наразылық білдіре берсе, келіншекті ренжітіп алатынын байқады.
– Мистер Гэррис, – деді ол, – олай болса, жолға қашан шығуымыз керек?
– Тап бүгін, жас достым! – деп жауап қатты америкалық. – Бұл араның жауынды маусымы май айынан басталады, лайсаң басталғанша Сан-Феличедегі гациендке жетіп қалуға асығуымыз керек. Орман аралап жүретін жол төте, бәлки қауіпсіз де болар. Көшпелі үнділер орманға сирек келеді: олар көбінесе жағалаудағы елді талауды көздейді.
– Ал, Том, достарым, – деді Дик негрлерге қарап, – ендігі мәселе қазірден бастап жол жүру қамына кірісу ғана. Азық қорынан көтеріп жүруге ыңғайлы жеңіл-жеңілдерін ғана іріктеп алып, тайлап буамыз да, барлық жүкті өзара бөлісіп аламыз.
– Мистер Дик, – деді Геркулес, – тілесеңіз жүктің бәрін бір өзім-ақ көтеріп жүрейін.
– Жоқ, болмайды, батыр, – деді жасөспірім, – ең абзалы, барлық жүкті бәрімізге тең бөлу.
– Геркулес, сіз күшті көрінесіз, – деді Гэррис, – бейнебір оны сатылғалы тұрғандай басынан аяғына дейін қарап шығып. – Африканың еріксіздер базарында сізге бағаны аз төлемес еді.
– Маған құнымнан артықты кім төлесін, – деп күлді Геркулес, – бірақ сатып алған кісі мені ұстау үшін талай жер жүгіруі керек болар.
Жолға шығуды тездету үшін бәрі жұмыла іске кірісті. Дайындық жұмысы ұзаққа созылған жоқ, өйткені бұлардың қазіргі тұрған жерінен Сан-Феличедегі гациендке жету үшін небары оншақты күн уақыт керек.
– Мистер Гэррис, сіздің меймандостығыңызды пайдаланбас бұрын, сізді өзіміз қонақ еткіміз келіп тұр, – деді миссис Уэлдон. – Бізбен бірге отырып ас ішуден бас тартпассыз деймін. Бұған риза шығарсыз?
– Әбден ризамын, миссис Уэлдон, әбден ризамын, – Гэррис көңілдене жауап қатты.
– Бірнеше минутта ас дайын болады.
– Әбден жақсы, миссис Уэлдон, ас піскенше мен атқа
барып келе қояйын. Оның ендігі оты да қанып қалған болар.
– Сізге еріп баруға рұқсат етіңіз? – деп сұрады Дик
Сэнд америкалықтан.
– Егер барғыңыз келсе, жас достым, – деді Гэррис, –
мейлі, бірге барайық, сізге мына өзеннің теңізге құятын сағасын көрсетейін.
Сөйтіп, олар атқа бірге кетті.
Бұл арада миссис Уэлдон энтомолог ғалымды іздеуге
Геркулесті жіберді. Айналада не боп жатқанымен Бенедикт ағайдың түк жұмысы жоқ. Тоғай шетіндегі бұталардың арасынан сирек кездесетін жәндіктер іздеп жүрген.
Ғалымды Геркулес зорлап әкелуге мәжбүр болды. Миссис Уэлдон Бенедикт ағайға, алыс елге жаяу кетуге ұйғарылғанын, орман аралап жүретіндерін және жолдың он күнге созылатынын айтты.
Бенедикт ағай қалаған уақытта жүріп кетуге әзір екендігін айтты. Тек қана оған жолшыбай жәндіктер аулауына рұқсат етілсе болғаны, Оңтүстік Американың ол шетінен бұл шетіне дейін жаяу баруға риза екенін білдірді.
Мұның соңында миссис Уэлдон Нанды жәрдемшілікке алып дәмді ас дайындады. Ұзақ жолға шығар алдында тамақтанып алудың ешқандай артықтығы жоқ қой.
Бұл уақытта Дик пен Гэррис өзен сағасындағы жарды жағалап, бірнеше жүз қадам өзенді өрлей жүрді. Біраздан соң ағашқа арқандаулы тұрған ат көрінді, ат иесін көріп, оқырана қарсы алды.
Бұл бір асқан жақсы ат екен, оның қай тұқымнан екендігі Дикке мәлім емес. Бірақ аттың тұла бойында араб тұқымның нышаны бар-ды, мұны анықтау үшін, аттың жіңішке мойны мен жатағандау шоқтығына мал танитын тәжірибелі адам көз жүгіртіп өтсе, жетіп жатыр.
– Сіз байқайсыз ба, жас достым, – деді Гэррис, – бұл сондай күшті жануар. Бұған алаңсыз сенуге болады.
Гэррис ағаштан атты шешіп алды да, жүгенінің сулығынан ұстап, Диктің алдына түсіп үңгірге қарай жүрді. Бала жігіт өзеннің екі бетіндегі жарға тесіле қарай түсіп, Гэрристің соңынан ерді. Бірақ ол сезіктенерліктей ешнәрсе көре алмады.
Үңгірге таяу келгенде, күтпеген жерден:
– Мистер Гэррис, сіз бүгін түнде португал Негоро дегенді
кездестірмедіңіз бе? – деп сұрады Дик.
– Негоро? – деп қайырып сұрады Гэррис, өзінен Диктің
кімді сұрап тұрғанын білмеген кісіше, – Негоро дегеніңіз кім?
– Ол кісі «Пилигримнің» аспазы еді, – деп жауап қатты Дик Сэнд. – Жоқ болды да кетті.
– Суға батты ма? – деп сұрады Гэррис.
– Жоқ, жоқ, – деді жасөспірім. – Ол кеше кешкісін
бізбен бірге болды, бірақ түнде кетіп қалыпты. Оның өзенді жоғары өрлеп кетуі ықтимал. Сіз оның кеткен жағынан келдіңіз ғой, сол себепті сұрап тұрмын.
– Маған ешкім кездескен жоқ, – деді америкалық. – Егер сіздің аспаз орманның ит мұрны өткісіз қалың жеріне жападан-жалғыз барып енсе, оны адасты дей бер... Дегенмен, мүмкін, біз оны жол-жөнекей қуып жетерміз.
– Ие, мүмкін... – деп міңгірледі жасөспірім.
Дик Сэнд пен Гэррис келгенде, ас әзір болған еді. Кешегі
сияқты, бұл ас та ет консервісі мен кептірілген наннан істелген- ді. Гэррис асқа аш қасқырша килікті.
– Жолда аштан өлмейді екенбіз, – деді ол. – Бірақ, жас достым, әлгі португал сорлының халі нешік болар екен?
– А! – деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді. – Негороның ғайып болғанын сізге Дик айтып па еді?
– Ие, миссис Уэлдон, – деді жасөспірім. – Мистер Гэррис Негороға ұшыраспады ма екен, соны білгім келіп еді.
– Жоқ, ұшырасқам жоқ, – деді америкалық. – Енді ол қашқын туралы ойлауды қоялық та, өз ісімізбен болайық. Миссис Уэлдон, сіздің қалаған уақытыңызда аттануға әзірміз.
Әркім көтеруге тиісті жүгін алысты. Геркулес жас әйелді қолтықтап атқа отырғызды. Кішкентай Джек өзінің ойыншық мылтығын арқасына асып, анасының алдына мінді, өзіне сондай тамаша ат берген адамға алғыс айтуды ойына да алған жоқ.
Тізгін ұстауға асыққан Джек, «бұл мырзаның атын» өзім жүргіземін деді анасына.
Тізгін Джекке берілгенде, жұрттың бәрі өзін отряд басығы деп танығандай болды бала.
