Ғ. Мүсірепов театрында жаңа қойылым: "Раечка"
Кеңес және қазақстандық кино әрі театр актрисасы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, "Құрмет" орденінің иегері Раиса Мұхамедиярованың қазақтың классик жазушысы, драматург, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғабит Мүсіреповтің үшінші жары болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Бүгін біз сіздерге көпшілікке "Менің атым - Қожа" фильмі арқылы жақсы таныс Майқанова апай мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің махаббат хикаясы жайында айтатын боламыз.

Жақында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Ғ.Мүсіреповтің Раяға жазған хаттар желісі бойынша сахналанатын «Раечка» қойылымының премьерасы және Ғ.Мүсірепов атындағы мұражай-үйімен бірлесіп жасалатын жазушының шығармашылығы жайында сыр шертетін көрме өтті.

Кіші залда өткен жаңа туындаға келген көрермен саны көп болды.

Қойылым нәзік сезімді әсерлі хаттарымен жеткізген Ғабит пен Раяның ақ әрі адал махабаттарының желісіне құрылған. Ұлы жазушының ынтық сезімін эстетика арқылы жеткізетін қойылымның көрермені болдық.

Шығарманың авторы – драматург Ольга Малышева, режиссері – Карина Бесолти. Қойылымның басты әрі негізгі кейіпкерлерін Жомарт Зейнәбіл, Анар Адилова, Шұғыла Ешенова сомдады.

"Махаббатта шекара жоқ". Ғабит Мүсіреповтың хатынан жары Раисаға деген сыршыл сезімі мен сағынышын байқауға болады.

"Махаббат жоқ жерде — қуаныш та жоқ" деген.
Амансың ба, менің ең қымбаттым, аяулым, жалғызым, Раечка! Менің осы хатым Жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені, сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып, мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жеделхат жіберіп, екеуміз Жаңа жылды Мәскеуде қарсы алсақ деп едім, бірақ, сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап, аймалағым келіп кетті.
Бізді Африкаға жіберуге дайындап, дәрігерлер тексеріп жатыр. Безгек, сүзек, тырысқақ ауруларына қарсы екпе жасады. Басымыздан башпайымызға дейін тексеруде. Дәрігерлердің айтуы бойынша, әзірге жүрек те, іш-құрылыс та жақсы.
Мұнда жұмыс көп, ыстық жерге баратын болғандықтан, соған өзімізді әзірлеп, әрі кітапханаға барып сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен кеңірек танысып жүрмін. Осы хатты бүгінгі самолетке үлгерейін деп мәжілістің арасындағы үзілісте жаздым.
Сау-сәлемет бол, көріскенше, өз Ғабитің".
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ РАИСА МҰХАМЕДИЯРОВАҒА ЖАЗҒАН тағы бір ХАТЫ:
"Қымбатты ММ, РР! Әңгімені жер бетіндегі тұңғыш еркек Адам сияқты әйелге сөз айтудан бастайын. Адресің қайда? Менің дауысым саған жете ме? Мен саған адресіңді толық жаз деп едім ғой. Саған қалай хат жазамын? Әрине, саған бәрібір, өйткені, сені ойлайтын, бір сәт те естен шығармайтын адам бар, ол сен үшін мәңгілік! Қазір ол сенен қашықта болса да сен туралы ойлап, сені сағынып, мазасы кетуде. Сені іздеп таппай, жаны жай табар емес. Сен жүрген қаладағы барлық қонақ үйлерге телефон соғып іздесе де таппады. Қайда жүрсің, менің Қара қызым!
Кеткелі бір апта болды, хабарың жоқ, жеделхатпен үйге адресіңді хабарла, өтінемін. Аэрофото ма, теле-космоспен бе, тез хабар бер! Бұл үйде қалған сенің ең қымбат адамың үшін өте қажет.
Сенің жаның қандай таза, ММ! Тіпті, кейде сәбидей томпиып, өкпелеп қалғанда да өте сүйкімдісің. Кінәлі болмасаң да кінәлі жандай мойындай салатын әдетің ше?! Мұндай қылық көп адамда кездесе бермейді. Әйтеуір мені кінәлаудан қашан да аулақ тұрушы едің. Жалғыз адам ойшыл болады екен. Тезірек оралшы, ММ.
Саған үш нәрсе тілеймін: біріншіден — ауырма, екіншіден — жұмысыңның сәтті аяқталуын, үшіншіден — өзіңнің сүйіктіңнің құшағына оралуды.
Мәңгілік сүюші М.М.Ғ. "Мәңгілік" деген сөзді осы уақытқа дейін ешкімге айтқан жоқ едім…".
22.09.1962 жыл.

