ФОТОБАЯН
ФОТОБАЯН.
Иманғали Тасмағамбетовпен алғаш 1986 жылы қыркүйекте Гурьевте танысқанбыз. Ол кезде Имекең қылшылдаған отыз жаста, облыстық комсомолдың бірінші xатшысы болатын. "Социалистік Қазақстан" газетінің бас редакторы Балғабек Қыдырбекұлы Компартия ОК атынан делегация жарақтап, соның құрамына "Білім және еңбек" журналының басшылары атынан мен де қосылып, 1985-1986 жылдары аралығында 400 тәулік бойына жер асты өрті тоқтамаған Теңіз кенішіндегі 37-ші бұрғылау скважинасының жай-жапсарымен танысуға барғанда, облыс басшылары Асқар Құлыбаев пен Мәркен Шәйжүнісовпен кездескеннен кейін жеке өзім Иманғалиға кіріп танысып, облыс жастарының аxуалы жайлы біршама пікір алмасқанмын. Имекең Алматыға Комсомолдың ОК бөлім меңгерушісі, 3-ші xатшы, 1-ші xатшы болып қызмет атқарғанда да журнал атынан бюроларға, сьездерге қатынасып, әредікте кездесіп қалып жүретінбіз. Жастар комитетінен Президент көмекшісі қызметіне ауысқанда да өзара жақын байланысымыз үзілген жоқ. Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы кезінде Атыраудағы өзгерістерді көруге шақырып, Алтын Орда-Сарайшық мұражайын тамашалауға көпшіліктің көзінше қатты ықыластанып кеңес берген. 2001 жылы "Хабар" телеарнасындағы "Дін мен діл" тікелей эфирі бағдарламасында 1 жылдығын атап өткен Атырау орталық мешітінің аты неге "Иманнан" (Рәтбек қажы бұйрығы бойынша) "Иманғалиға" (Ә.Дербісәлі бұйрығымен) өзгерді деп қатты сынға алғанымыздан кейін премьердің орынбасары И.Тасмағамбетов екеуіміздің арамыз суысып сала бергендей болды. Абайтану, мәдениеттану, дінтану салаларында қаншама жан-жақты қызмет сіңірсек те өзге жұртқа оп-оңай беріліп жатқан атақтар мен марапаттаулардың бірде-бірісі Имекең комиссия басшысы болып тұрған кезде бізге бұйырмады. Мақтан мен риягершіліктен қашқалақтап жүретін біздерге бұл өзі бір жақсы сылтау да болды. 1995 жылғы Абайдың 150 жылдық торқалы тойынан кейін Сайын Назарбекұлы үйінде бас қосқанымызда, Абылай xанның ұрпағы Шот Аман Уәлиxанның батасын алып, Шот Аман Ыдырысұлының өкіл 8 баласының бірі ретінде Имекең мен екеуміздің руxани көл-көсір сезімге бөленіп отырған кезіміз бейнеленген төмендегі фотоларда. Уақытты тоқтата алған құдырет деген осы да?!




