kk
Default banner
Разное
426 450 постов45 подписчиков
Всяко-разно
0

Əйел заты

Әйел адамның көтерген жүгі ауыр. Табиғаттың құдіретімен, Алланың, Ғаламның бір ерекше күштеріне орай біз уайым мен мазасыздыққа әкелетін миллион себеп табамыз. Біз ұйқы құшағында жатып та, мұңды түстен жылап оянамыз, әдемі кинофильм көрсек те, екі ғашық үшін уайымдап жылаймыз, анамыз бен әкемізді уайымдап жылаймыз, балаларымызды “қандай болады екен”, “қайда жүр екен”, - деп жылаймыз. Эмоциямыздың түстері соншалық көп, кейде тау аударатындай күшті боласын, кейде әлсіз, түңілген жанға айналасын. Жаралы жүрек – әйел жүрегі. Себебі біздің асау жерлеріміз тым көп, тым баршаға белгілі. Біз жұдырықтай болса да, жүрегімізді қатыгездіктің қамауына тықпаймыз. Ол ашық, ол сүйуге, кешіруге, көмектесуге әрдайым әзір. Әйел заты нәзік келгенімен, біз осы күніміз үшін қоғаммен, еркектермен, тіпті өзімізбен өзіміз де жанталасып күресіп келеміз. Оқу оқимыз дедік, машина айдаймыз дедік, бастық боламыз дедік, академиктің атын иеленіміз дедік... Бірақ қоғам, заман, біз қанша өзгерсек те, ең бастысы - әйел боламыз дедік, ана атанамыз дедік және одан бас тартпауымыз лазым. Инженер болу қиын емес, академик те болу қиын емес. Әйел болу қиын. “Екі қайықтың басын ұстама – суға кетесің”, - дейді халық, ал әйелдер екі тұрмақ одан да көп қайықты баптап, ұстап, үлкен саяхаттарға жібереді. Жібергеннің өзінде де маяк болып түндер бойы бағдар көрсетіп жанып тұрады. Осындай күш қайдан келеді? Бұндай қайратты қайсар күштің көзі ең нәзік, жаралауға оңай жүректен келеді, ол – махаббат. Толғағы келген ананы жан мен тәннің таласына шыдататын тумай жатқан балаға деген махаббат. Ауырып тұрған ананы баласына тамақ беруге тұрғызатын күш – махаббат. Жарының қабағынан шілдеде де қыңқ етпей аяз кештіретін, аязда да шілдеге көндіретін төзім – махаббат. Ана мен әкесіне мейірім төгетін, қартайғанда қылықтарына шыдататын даналық – махаббат. Жүрегіне жара салған дұшпанын да кештіретін құдірет – махаббат. Әйел заты – осы өмірдің көзі.