Перейти к содержимому
Обложка сообщества Екпiн

Ербол Серікбай: «Көңілім қаламаған салаға бет бұрғым келмеді»

Ербол Серікбай Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан елді мекені, Қажымұқан ауылында дүниеге келді. Сол ауылда мектеп бітірген соң Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де Ғылыми Информатика мамандығы бойынша білім алды. Бүгінде Ербол «Айтабер» блог-тұғыры, «Сұрақ-Жауап» сайтының авторы. «Екпін» журналы жас маманды әңгімеге тартып, Қазнетке танымал жобалар мен мамандық таңдау мәселесіне тоқталды.

— Ербол, сені IT маманы деп айтса да болады?

— Жалпы, солай десек те болады. Бірақ қазір мен веб-сайтқа қатысты бағытқа бет бұрдым. Кішкентай кезімнен техникаға әуес болып өстім, радио шұқылау, микросхемаларды ақтару сүйікті ісім еді. Кезінде анам уақытымды бос өткізбесін деп, музыка мектебіне берген. Онда 4 жылдай оқып, баянда ойнауды үйренгенмін. Бірақ онымнан түк шықпады, жарытып ойнай алмадым. Өйткені менің кішкентайымнан қызығатыным — компьютер. Оқушы кезімде мектептегі компьютер сыныбынан шықпайтынмын. Одан басқа жерде ауылда компьютер атаулысы болмайтын еді ғой. Сол кездерден-ақ осы саланың маманы боламын деп шешім қабылдадым.

9-сыныпты бітіргеннен соң программист мамандығы бойынша колледжге түсемін дегенде, анам: «музыка колледжіне түсесің, әйтпесе оқуға түсірмеймін» деп қарсылығын білдірді. Көңілім қаламаған салаға бет бұрғым келмеді. Содан не керек, 11-сыныпты бітіріп, өзімнің армандаған мамандығым бойынша жоғарғы оқу орнына түсіп, бітіріп шықтымса. Осы саланы таңдағаныма өкінбеймін.

— Алғашқы жасаған сайтың қандай болды?

— Университетте оқып жүргенімде үй тапсырмасы ретінде берілетін 5-6 беттен тұратын статикалық сайттар істейтін едік. Алғашқы сайт құру, оны жасау жолдары туралы түсінік үшінші курстың соңында Бауыржан Жақашев ағамыздың «Сайт жасау» үйірмесіне қатысудан басталды. Содан жаз айында Бауыржан ағамызға бірнеше бала болып, сайт жасауды үйретуін сұрадық. Ол кісі бізге уақытын бөліп, 3 айдың ішінде толыққанды курс өткізіп берді. Сол кезде алғашқы www.termin.kz сайтының негізін қаладық. Осы курстан алған бар білімімді Термин.кз сайтын жасауда қолдандым десем, қателеспеспін.

— Сонда осы саладағы алғашқы ұстазың — Бауыржан аға ма?

— Осы саладағы негізгі ұстаздарым — ОҚМУ-дағы Информатика кафедрасының ұстаздары. Ал бұл салада бізге бар білгенін беріп, үйретіп, алға жетелеп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп жүрген ағамыз ол — Бауыржан Жақашев. Осы саланың нағыз маманы, 1991 жылдан бері сайт жасаумен айналысып келеді. Алғаш танысқан кезден бастап, осы уақытқа дейін өзінің бар білгенін бізбен бөлісіп, қазақ тілді интернетті дамытуға үлкен үлесін қосуда.

Садық Шерімбек, Мухаммедзафар Оразбаев, Берікбол Жарылқасын, Раушанбек Пазилов т.б. мен танитын көптеген жігіттер — осы кісінің шәкірттеріміз. Мүмкін осы кісіні жолықтырмағанымда, «Сұрақ-Жауап» сайты өмірге келмес те еді.

— Қазір немен айналысып жүрсің?

— Қазіргі уақытта «Сұрақ-Жауап» сайтының әкімшісімін, сайттың толықтай техникалық жағымен айналысамын. Сонымен қатар, жақында бірнеше жігіт болып, «Айтабер» танымдық блог-тұғырын іске қостық. Сол сайтты да бақылап, пайдалы, әрі сапалы ақпарат көзімен толықтырып отырамын. Бұл жұмыстарым бос уақытымда, үйде кешкісін отырып алып, істейтін істерім. Яғни, бұл сайттар қазіргі таңда ешқандай қаржылай пайда әкеліп жатқан жоқ. Сондықтан, ОҚМФ Академиясы Информатика кафедрасында лаборант қызметін атқарып жүргеніме бірнеше ай болды. Мұнда интернетке шығу мүмкіндігім бар болғандықтан, жұмыстан бос уақытымда сайттарыма қарап, оларды алға жылжытып отырамын. Яғни, істеп жатқан сайттарым 24 сағат бақылауымда десек те болады.

 

— Сенің сәтті жобаң — «Сұрақ-Жауап» сайтын жасауға не түрткі болды? Жалпы идеясы қалай келді?

— Бауыржан ағамыздың жаз айында ұйымдастырған сайт жасау курсына барып жүрген кезім. «Термин.кз» сайтына қажетті ақпарат іздеп отырып, «Ответы mail.ru»-ге тап болдым. Онда бір қазақ қарындасымыз қазақ тілінде сұрақ қойған екен. Оған орыстар: «қай тілде жазып жатырсың?», «не үшін бұл сайтқа кірдің?» деген сынды түрлі пікірлер жазып кеткендігін байқадым. Сол кезде маған осы сайттың қазақша нұсқасын неге жасамасқа, деген ой келді.

Негізгі концепциясы сол күні туды. Бұндай ірі көлемді жобаны жасатуға қаражат жоқ, өзім істей салатын білім жетпейді. Веб-сайт жасаудан біраз хабарым болғандықтан, осындай мүмкіндікті қанағаттандыра алатын CMS іздей бастадым. Интернеттен Wordpress, Joomla секілді CMS қарастырып көрдім, бірақ ойымдағыдай болмады. Интернетті шарлап, ағылшынша Question2Answer атты CMS тауып алдым. Екі күн ішінде қазақ тіліне аударып, CMS-ті қазақ тілді аудиторияға бейімдеп, барша қазақ тілді қолданушыларға ұсындым.

— Бүгінде «Сұрақ-Жауап» сайтына күніне қанша адам кіреді?

— Қазіргі таңда Google Analytics-тің есептеуі бойынша сайтымызға күніне 10 мыңға жуық қолданушы кіреді. Олардың 98 пайызы — Қазақстандық қазақ тілді интернет қолданушылары. Яғни біз күніне 10 мыңға жуық ақпарат іздеген жастарға қызмет көрсетіп отырамыз. Кейде бір күнде 12 мыңнан аса адам кіретін кездер де болып тұрады.

— Сайттың негізгі қолданушылары кімдер?

— Басым бөлігі — оқушылар мен студенттер. Сайт жалпы бағытта болғандықтан, бұл жерден болашақ дәрігер, ұстаздар, IT-мамандары, заң т.б. салалардың мамандарын көрулеріңізге болады. Олар өздеріне қажетті ақпарат іздеген уақытта көбіне «Сұрақ-Жауап» сайтының көмегіне жүгінеді. Себебі қазіргі таңда қазақ тілінде ақпараттың тапшылығы байқалады. Сондықтан көп жастар сайттың мүмкіндігін қолданып, қажетті ақпартты басқа құрбы-құрдастары арқылы тауып алуға тырысады. Сонымен қатар, мыңдаған қолданушы сайтқа тікелей кіріп, қойылған жаңа сұрақтарға жылдам жауап беріп отырады.

— Бүгінде сайтқа қанша қолданушы тіркелді?

— Қазіргі таңда 8 мыңға жуық қолданушы тіркелген және олардың саны күн санап артуда. Көптеген жаңадан келген қолданушылар сайттың жақсы тұстарын көріп, өзінің достарына «Сұрақ-Жауапта» тіркеліп, белсенді болуына кеңес береді.

— Негізінен сұраққа жауап беретіндер көп пе, әлде сұрақ қоятындар көп пе?

— Сайтта 20 мыңнан аса қойылған сұрақ, оларға 60 мыңдай жауап бар. Орта есеппен күніне 100 шақты сұрақ қойылып жатады. Яғни бір сұраққа 3 жауаптан келеді деген сөз. Әрине, жауапсыз сұрақтар да жетерлік. Алайда, ол сұрақтарға жауап берілмеудің негізгі себебі — сол сала мамандарының жетіспеушілігінде. Қазір сайттың басым бөлігі оқушылар мен студенттер болғандықтан, өздері сұрақ қойып, өздері бір-бірінің сұрақтарына жауап беріп жатқандығын көреміз. Бірақ алдағы уақыттарда арнайы мамандармен жұмыс істеп, сайтқа әр саланың нағыз мамандарын жұмылдыру жоспарда бар.

— Ал енді «Термин.кз» және «Айтабер» сайттары туралы айтып берсең.

— «Термин.кз» — менің алғашқы сайтым. Мен үшін өте үлкен практика көзі болды десем де болады. Бар білгенімді осы сайтқа салып, істеп көрдім. Оны іске қосқаннан кейін «Сұрақ-Жауап» сайтын да іске қосып, қатар алып жүрдім. Бірақ екі жобаны алып жүру өте қиынға соқты. Әзірге «Термин.кз-тің» жұмысы тоқтап тұр. Оны жігіттермен басқа мүмкіндіктермен істеп шығуды жоспарлап қойған болатынбыз, әзірге уақыт тапшы болып жатыр. Алдағы уақытта жағдайға қарап, іске қосармыз. Ол сайттың да атқаратын өзіндік ерекше орны бар.

Ал «Айтабер» — шымкенттік бірнеше жігіт бірігіп іске қосқан жобамыз. Мақсатымыз — оны қазнетте ақпараттық-танымдық үлкен блог-тұғыр етіп жасау. Өзіміздің білгенімізбен бөлісу үшін осындай сайт ашып, бар тәжірибемізді осы сайтта мақала арқылы жеткізіп жатамыз.

— Жобаларың елімізде көпшілік қауымға танымал. Оқырманы көп осындай танымал сайт жасау үшін не істеу қажет?

— Ең алдымен, сайттың негізгі концепциясын дұрыс айқындап алу керек. Қандай сайт болмасын, ол қолданушыларға бағытталған. Яғни, оқырмандары, ой-пікір айтатын қолданушылары болғанын қалайды. Сондықтан, пікір қалдыру үшін сайттағы ақпарат қолданушыға қызық, қажеттілігін қамтамасыз ете алатындай болуы керек. Сонда пікір де, тұрақты оқырман да болады.

— Жобаларыңның алға жылжуына біреулер қаржылай көмек көрсетеді ме?

— Сайттың алға жылжуына ешкім қаржылай көмектеспейді. Осы процессті қолданушылардың өздері қамтамасыз етіп отыр. Сұрақ қоятын да, жауап беретін де, таныстарын шақыратын да өздері. Алдында шағын қолдау көрсетіп жіберсеңіздер деп, қолданушыларға үндеу тастаған болатынмын. Біршама қолданушылар өз көмектерін ұсынып, аздаған қаржы аударды. Ол қаражатқа сайттың бір жылдық хостинг ақысын төлеп қойдым. Әзірге сайтты контентпен толтырудамыз. Алдағы уақытта сайттан қаражат табу жолдарын қарастырып жатырмын.

— Жастардың қаласы Алматыға келу ойыңда бар ма?

— Бүгінгі таңда интернетке қол жетімділік ауылда отырып-ақ жұмыс істей беруге мүмкіндік туғызып отыр ғой. Сондықтан да бір іс бастаймын деген адам, қайда болса да, істейтін ісін атқарып, жемісін көре береді деп ойлаймын. Шымкент — өзімнің туып-өскен қалам. Әзірге Шымкенттен кету ойымда да жоқ. Биылғы Блогкемпке қатысқанымда, Астана қаласы өте қатты ұнап қалды. Мүмкін Шымкенттен кететін болсам, Алматыға емес, Астанаға барып қалармын. Алматы да әсем қала. Сайтымды дамыту, коммерциялық жобаға айналдыру үшін таптырмас мекен. Мүмкін Алматыға да барып қалатын шығармын. Оны болашақта көре жатармыз (күліп).

Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева

Еще по теме