«ЕР ЕДІГЕ» жыры. ҮШІНШІ ЖЫР
автордың аудармасы
ҮШІНШІ ЖЫР
"Тоқтамыстың билеріне әмір етіп,
Құбығылдың шын мәнінде кім екенін
сынауға бұйырғаны туралы"
Түндердің бірінде Жәніке -
Тоқтамысқа тіл қатты:
— Жарым менің, көзімнің нұры,
Ханым, айналаңа қарашы.
Кеше ғана жылқы менен
қой баққан.
Кеше бақташы болған.
Бүгін сенің - кеңесшің.
Кетпей отыр қасыңнан.
Өзі би, мырза секілді,
Не істеп отыр Құбығыл?
Көзіңді ашып қарашы ?
Олда ұлды болғанда,
Орданың билеушісі сияқты,
Дүркіретіп той жасапты.
Сен, ұлы орда әміршісі,
Қадырберді туған кезде.
Екі егіз қыз тапқанымда,
Ел қуанып, тойлағанда.
Құбығылда той жасапты.
Сонда ханның ұрпағына
Өз баласын теңепті.
Ханым, айналаңа қарашы,
Шыңғысханнан қалған ту,
Мұра етіп саған қалдырған.
Сол ту оның қолында,
Ешкімненде қаймықпай,
Тақ иесіндей өзін сезініп,
Тұр елді басқаратындай.
Қарашы, ханым, жарым менің !
Еліңді қалай билеп отыр.
Қырық нөкерің сап түзеп,
Серіппедей боп иіледі.
Қарашы байқап, қарашы,
Билікті бастамай тұрғанда,
Оның Ішке қалай кіргенін,
Алдымен соны байқашы.
Хан-сарайы ырысқа толы,
Ашылады таңда қақпасы.
Төбедегі қара түсті Ту,
Желбірейді желменен.
Таққа отырды билеуші хан,
Тотықұс - тақтың сәні еді.
Құс адамша тіл қатып,
Сайрап тұрды үн қатып.
Қырық қызметші көрінді,
Басы жерге дейін иілді.
Серіппедей, тік тұрып,
Қайтадан сапқа түзелді.
Қырық бірінші зор денелі —
Кіріп келді Едіге .
Ал, Едігені көргенде,
Хан ұшып тұрды орнынан,
Өзі де байқамай қалғандай,
Орнынан тұрды қайтадан.
Ақылды жары Жәніке -
Мұны бұрын да байқаған.
Сонда жары Жәніке -
Назданып ханға тіл қатқан:
— Күні кеше қой баққан,
Кеше ғана мал баққан,
Бүгін міне, би атанып,
Кеңесші болды өзіңе.
Саған төрелік айтатын,
Сенің биің — Құбығыл.
Сенбесең оған қарашы,
Үйеңкіден қатты екен!
Оған біткен қайраты
Артық сенің күшіңнен.
Әлемде оның атағы
Сененде ол әйгілі !
Тұлғасына қарасаң,
Сененде ол еңселі !
Оның ойын өлшесең,
Сенен де ұшқыр, зерделі!
Жүрегіне үңілсең,
Сенен де батыл, ерлі екен!
Есің сенің әлсірепті,
Ұмыттың ба өткенін?
Құлдан туған құл еді ол —
Соны неге ұмыттың?
Ол кіргенде орныңнан,
Атып тұрып, өзіңді
Құл орнына түсірдің.
Неге тұрдың орныңнан?!
Ай, ол кіріп келгенде,
Орныңнан неге тұрдың ?
Ренжіп айтты Тоқтамыс:
«Жүрегімді жаралама,
Отты сөзбен, әйелім!
Жүрегімді қан жылатып,
Өтірікпен қинама !
Кешегі менің малшым еді,
Кешегі менің қойшым еді,
Қазір болса — қасымдағы
Ақылшым мен кеңесшім.
Күбығыл менен мықты емес,
Үйеңкідей қатты емес!
Үйеңкідей қатайса да,
Оның еркі ешқашан
Менің еркімнен аспас.
Шашы тікірейіп тұрса да,
Елдің ханы — мен өзім!
Ол емес, мен - Ел басы,
Биліктің тізгінін ұстаған!
Ол - дәл мендей бітімді,
Еңселі болып жаралмас!»
Дәл мендей алып бола ма,
Дәрежесі мендей бола ма?
Мен — әміршімін тәж киген,
Менімен құл тең бола ма?!
Арғы атам — айбарлы Теміршін,
Менің қаным — ханның тұқымы!
Одан жүйрік менің ойым бар,
Одан батыл менің бойым бар.
Одан кең менің тұлғам да,
Хан болып туған ұлмын мен!
Ол кіргенде тұрсам орнымнан,
Ар-намысым болар қорланған.
Жұрт алдында жерге қарар ем,
Тоқтамыс деген атымнан
Иә, мен қалар ем!
Хан Сарайы — толы ырысқа,
Қақпасын ашады таңертең.
Төбедегі қара түсті Ту,
Желбірейді желменен.
Хан Тоқтамыс сол сәтте
Отырды алтын тағына.
Жәніке болса, инемен
Етегін бекітті тағына.
Тоқтамыстың құзырында —
Барша халық, бүкіл ел.
Төбесінде алтын түсті
Тотықұс тіл қатып тұр.
Қырық төре, қырық нөкері
Иіліп кірді алдына.
Жерге дейін тағзым етіп,
Қайта тұрды қалпына.
Қырық біріншісі - Едіге
Кіріп келді соңынан.
Жарын көріп тұрса да,
Аңғармастан Тоқтамыс
Атып тұрды орнынан.
Тағын кейін ысырып,
Шіркін, ханның етегі
Сол сәтте шарт етіп үзілді.
Иненің ащы сылдыры,
Жыртылған мата астары
Ыңғайсыз болып естілді.
Хан төмен салды назарын,
Кінәсін енді түсінді.
Жәнікенің не ойлағанын,
Ұқты оның ренішін.
Өкініш қарып көкірегін,
Жүрегін жара тілгілеп,
Төсекке жатты Тоқтамыс,
Бірақ ұйқысы келмеді.
Үш түн бойы көз ілмей,
Кірпігін де қақпады.
Төртінші түнде Жәніке
Келіп оның жанына,
Мейірлене тіл қатты:
«Уайымға салынба,
Батпасын жүрегің қайғыға.
Жараңды қайта тырнама,
Егер оның қайраты
Сенікінен бек болса,
Әлсіретерміз қайратын.
Жүрегі оның сенікінен
Батыл да қайсар болса,
Батылдығын басамыз.
Қайтадан Құбығыл келгенде,
Алдына тәтті бал қойып,
Біз де одан дәм татып,
Балдың ішіне у қосып.
Досың ба, дұшпан ба — білерсің:
Егер ол пышағын суырып,
Ұшын көкке көтерсе,
Балды ішпей тұрып-ақ,
Дұшпан екені білінер.
Пышақтың сабын көтерсе,
Оны - дос деп танырмыз.
Қайғырма, менің хан ием,
Оның жанын сынап көр,
Көңіліне үңіліп, сырын біл.
Сынағын өзің атқар да,
Жүрегіңдегі мұңыңды,
Сеніп тапсыр сен маған !!».
Хан-Сарайда — ақ есік,
Оң жағында — Аңғысын,
Сол жағында — Таңғысын.
— Екі сақшы тұр күзетіп.
Олар Ханның құлы еді.
Ал, Едігенің - қолы еді.
Ықыласымен беріліп,
Сарайдағы хабарды
Жеткізіп тұр Едігеге.
Хан сарайы нұрланды,
Тағына хан жайғасты.
Қырық нөкерлермен бірге
Қырық біріншісі болып
Едіге кірді Сарайға.
Хан кіріп, сәлем айтты да,
Тоқтамыс хан күлімдеп,
Бал құйылған тостақты
Едігеге ұсынды.
Балға бір сыр қосылған,
Сары бал — уға тосылған!
Аңғысын Танғысынға - көз қақты,
Танғысын түртіп Аңғысынды,
Мағыналы басын изеді,
Едіге оның ымын ұқты.
Суырып алып пышағын,
Сонда Едіге былай деді :
— Алтын сапты өткір пышақ,
Тәтті балға кірші, пышақ!
Жұрттың көзінше кір оған.
Егер балда у болса,
Барлық уды өзіңе ал.
Осы сөзді айтып Едіге,
Алмас жүзді өткір пышағын
Қынабынан суырып алды.
Сары балға пышақ сұғып,
Төртке бөлді сары балды.
Араластырды ортасын,
Сосын пышағын суырып,
Ханшайымға тіл қатты:
— Елегің әсем, өрнекті,
Сасық екен шелегің
Осыны айтып Едіге,
Сарайдан шығып жөнелді.
Ханша жылап, жыртып жағасын,
Тақ үстіне құлап түсті.
Сонда айтты:
— Ұлы әміршім, түсіндім,
Ханым менің, жарым менің!
Мына ісінен Құбығылдың
Не ұқтың, ханым, сездің бе?!
Ол сенің де, менің де
Намысымызды қорлады.
Пышақ жүзін көкке сермесе,
Жау болғаны анық қой.
Балды төртке бөлгені —
Не дегені, ханым, ойлашы!
Төрт бөлікке бөлгені —
Ертіс, Жайық, Еділ, Шолман,
Төрт тарапқа бөлмек елін,
Төртке тіліп жатқаны!
Араластырып ол балды,
Мәнісі енді анық тұр:
Бұлғар менен Сарайды
Бұдан былай бүлдірмек.
«Елек» деді, «шелек» деді —
Жасырын айтты астарлап.
«Шелек» деп кіші қызыңды,
«Елек» деп үлкен қызыңды
Меңзеп отыр жасырмай.
«Егер ұлым қарсы болмаса,
Екеуін де тең көрсе,
Қайсысын ол қаласа, соны
Келін етіп алар», — деді ол...
Ай, бірін алар жар етіп,
Бірін жар етіп алар!..
Тоқтамыс хан жауап берді:
«Көңілім жүдеу, мұңды деп,
Мазалама, жарым-ай!
Ақ жүрекке у жайып
Азғырма мені, жарым-ай!
Жантемір еді менің досым,
Арамызда сыйластық пен
ынтымақ.
Ақылды, абыз қария,
Жақсылығы қалай ұмытылмақ.
Сол Жантемірден туған Құбығыл
Маған жау боп шықпас-ты.
Ел билеген ер Құбығыл,
Даңққа әбден лайықты.
Құбығыл менімен таласпас,
Маған қарсы ол шықпас.
Менен рухы мығым болса,
Маған қызмет адал етсе,
Маған қастық ойламай,
Ізгілікпен іс қылар.
Одан ешбір қауіп жоқ,
Жамандықта туындамас!»
Тағы да айтты Тоқтамыс:
«Одан келмес ешбір кесір,
Сен айтып тұрған бұл күдік.
Ондай нәрсе болмайды,
Ешқашан ол болмайды.
Әй, болмайды-ау
ешқашан»
Ханша Жәніке тіл қатты:
— Егер саған Құбығыл,
Жау болмаса, кек сақтап
іштей жүрмесе,
Жарыңның айтқан сөзіне
Сенімің сенің жоқ болса,
Ханым, онда бір іс қыл.
Ендеше, ел ішінен шақырғын
Тоғыз данышпанды,
Ұлы той жасап, думан қыл,
Сол жерде сынап көрелік.
Кім екен ол, өзі кім екен —
Жұрттың бәрі Құбығыл деп жүрген? Құбығылмын деп өзін танытқан,
Айтшы, кім ол, кім екен өзі?
Мұны естіген хан Тоқтамыс
Абыржып, дағдарып қалды.
Жауабын бере алмай састы.
Хан Тоқтамыс -
жан-жағына қарады,
Бірақ кеңес берер жан таппады.
Тоғыз жыршы мен
Тоғыз данышпан шақырды.
Біреуін алдына әкеліп,
Хан сонда сөзін бастады:
— Құдайберді, ер батыр!
Иығыңнан бір соқсам,
Білемін сен қозғалмайсың
Иығымдағы киімді де
Батыр-ау, сен кимейсің.
Өлеңмен шындықты өрнектеп
Бар ақиқатты жырға сал!
Құдайберді тіл қатты,
Сөздері ханға жақпады.
— Шық! — деді хан қаһарланып,
Қуып шықты Сарайдан.
— Ақбалтырдың ұлы — менің Уағым, Мүнжірдың ұлы — менің Шуағым. Көздерінде қызыл от ойнаған,
Қызу шайқаста шашы ағарған.
Жауларын сескендірген,
Бөрідей болып тістенген!
Жаудың қанын талай таттыңдар,
Талай жорыққа аттандыңдар.
Сонда да шөлдерің қанбады,
Қанша жауды жеңсеңдер де,
Ажалдан аман қалдыңдар!
Екеуің кіріп, жыр айтыңдар!
Екі ақшашты көсем де
Айқастырып қолдарын,
Күмбірлетіп сөздерін,
Төгілтіп төкті жырларын.
Сөздерін айтты желдіртіп.
Бірақ ханға бұл да жақпады,
Екі қартты да қуып салды.
Екі көсемнің айтқан жыры,
Ханның құлағына жақпады.
Адамдар арасынан таңдалған,
Жылқылардың ішінен - арғымақ,
Қырағы құстардың ішінен,
қыран болған.
Шекараны күзетіп, арлан болған.
Исфаһан қылышын серік еткенсің,
Қалың жауға айбар болып жеткенсің.
Дауыл болып қарсысына тік тұрып,
Қабағыңды түйіп, тұман боп тұрдың!
Менің батырым — Қара Құжа,
Үйіме кір де, жыр толға!»
Бірақ Қара Құжаның бұл сөзі
Ханның көңіліне қонбады.
— «Шық!» — деді ол Құжаға.
Хан Тоқтамыс әбден қажыды,
Бар жанын қайғы жегідей жеді.
Айналасына көз тастап,
Мынадай сөз айтты:
«Жиынға кімдер ғана келмеді?
Бірақ жырлайтын жан әлі жоқ!
Қандай күнә үшін жазаландым?
Әлсіз қалған мына бір күнімде,
Маған жыр айтып жұбатар
Табылмағаны ма,
маған бір пенде?!»
Ноғай елі абыржып,
Әбігерге түсті жұрт.
Ешкім жауап таба алмады,
Ешкім кеңес бере алмады.
Ханға жырмен тіл қатуға
Шамалары келмеді.
Жақындауға ешкімнің
Ханға дәті бармады.
Ханның қаһары қатты,
Қорқыныш басты баршаны.
«Біз білмейміз», — деді жұрт,
«Кешіріңіз, хан ием!» — деп,
Еңкейіп тұрды бастары.
Сонда Тоқтамыс тіл қатты:
«Көз жұмып, жол таппассың.
Талай сырды ашарсың.
Құпияның бәрін де
Таба білерсің қашанда.
Қолыңа алсаң сазыңды.
Саз да сөйлер тіл қатып.
Қайғылы шақ келгенде,
Саз да зарлар мұңданып.
Қуанышты күн туса,
Саз да күлер сыңғырлап.
Тұқтардың ұлы, Тұғаш батыр
Дарынды кезді жасырма.
Қоңыр сазды сөйлетіп,
Шындықты маған жасырмай,
Жырлап айтып бер маған.
Өнеріңді көрсетіп,
Тарқатшы сырды сөзіңмен.
Тұғаш қолын қусырып,
Ойланып, біраз тұрды да,
Сосын мына сөздерді,
Айта бастады толғанып:
«Ойың сенің тым терең,
Сырыңа жету — тым қиын.
Құпияңды ұғуға -
Шамам жетпес, хан ием.
Көңіліңдегі ойларға,
Жете алмаспын мен бүгін.
Айтқан сөздің мәнісін
Толық ұға алмаспын.
Бірақ қазір хан қақпада,
Тоғыз батыр ағасы,
Қыпшақтың биі тұр мықты —
Сенің берік қорғаның.
Сол жалғыз-ақ түсінер,
Көңіліңдегі ойыңды,
Сенің айтқан сырыңды».
Сонда хан Тоқтамыс тіл қатты:
«Өзгенің сөзіне құлақ аспайсың,
Сауыт-сайманыңды
шешіп тастамайсың.
Ханның жарлығына
қарамайсың,
Өз ақылыңа ғана сенесің !
Қыпшақ би, кір үйіме,
Құлақ сал айтар сөзіме.
Екі бүйіріңде — қос пышақ,
Алып жүрсің қару-жарақ.
Қарағайдай биік тұлпар мінгенсің,
Алып Батыр, темір сауыт кигенсің.
Мың темірден құйылған сауытың,
Кеудеңді қалың қабат жауып тұр.
Найзаңның ұзындығы — жиырма кез,
Қос қабатты туырлықтай ақ ордаң,
Бір емес, екі жабудан тігілген.
Өзгенің сөзіне құлақ аспайсың,
Ой елегінен өткізбейінше,
Бос сөзге жұрттың ермейсің.
Өзге жұрт мекендеген өлкеге
Аяқ басып кірмейсің.
Мүтәннің ұлы, Қыпшақ би,
Шындықты жырға қосып айт.
Бар ақиқатты өлеңге
сыйғызып жырмен
жеткіз шындықты!»
Қыпшақ иіліп, тәжім етіп,
Хан алдына кірді үнсіз.
Тізесін бүгіп отырды,
Бас киімді жастап тізесіне,
Бал сусынды қолына алды.
Дәмін татты жартысын,
Сөз бастап, жыр төкпек еді,
Бірақ Камал ұлы Киң-Жаңбай
Жағдайды бірден аңғарып,
Қыпшаққа білдіріп ишара,
"Орынсыз сөз сөйлемей,
Шегін кейін"- дегендей.
Токтамыс хан сонда тіл қатты:
— Қырық түйе зорға сүйреп
Арқалап жүрген айбарлы
Қорамсағың бар,
Камалдың ұлы, үйіме кір!
Бойың көктегі періштеден биік,
Хан алдында еңбегің де көп.
Алты жұрттың тілін сөйлейсің,
Алты өзге елдің сөзін ұғасың.
Мұнда талай жанның үні естілді.
Сен — Киң-Жанбай,
Торсығымдағы қымыздың
Ең соңғы сен тамшысың.
Ендеше, соңғы кеңесіңді бер,
Киң-Жанбай, көзімнің нұрысың!
Егер Қыпшақтың тілі байланса,
Өзің маған жырмен жауап бер:
— Кубығыл кім? Ол кім өзі,
Кубығыл деген кім?!
Сонда Киң-Жанбай тіл қатты:
— Ұлы ханым, менің Тақсырым!
Бұл сырға сен бойлай алмадың,
Мен де мұның мәнін білмедім,
Көздеген мақсатқа жете алмадым,
Бұл жұмбақ — ауыр түс сынды,
Шешуі қиын бір сырлы іс сынды.
Ноғайға мұны ұғу қайда,
Бұл жұмбақтың шешімін
Біздерге табу қайда?
Алты өзеннің жағасында,
Қазірде бар бір адам,
Сұбра деген оның есімі,
Оның жүзі құндыздай сарғайған,
Кәмшаттың түсіндей шашы ағарған. Сусындай жеңіл қылышы бар.
Тісі қаусап, қуаты тайған,
Аяғы сіресіп, қатып қалған.
Жуық қалды оның сүйегін,
Ағаш аяқты атпенен
Топыраққа барып кіруге.
Жүз тоқсан бес жыл бойы
Жалғанның қызығын көріпті.
Жетпіс жеті елді аралап,
Өңірлерді кезіп жүріпті.
Арыстан мен қабыланды,
Аңдып жүріп, талайын алыпты.
Тон киген бұл көрікті қария —
Даналығы асқан бір данышпан,
Кәмшат бөрік киген әнші екен. Құбығылдың кім екенін
Білетін де — осы Сұбра.
Егер ол да білмесе,
Бұл дүниеде Құбығыл
Жайлы ешкім әңгіме айталмас.
Сөйтіп батыр Киң-Жанбай
Айтқан бойда, сол қартты
Тауып өзіне хан шақыртты.
Тоқтамыстың әмірін естіп ап,
Ханның елшісі Баймұрат
Бірден басына бөркін киіп
Беліне белбеуін байлап.
Аттың құйрығын түйіп алып,
Алты өзен жаққа аттанды.
Алты күн шапқан жүйрік ат,
Жол қысқартып,
Желмен жарысып,
Алты өзеннің жағасына
Жетіп келді бір күнде.
Елші барып жыршыны көрді,
Айбынына таңғалды.
Бірақ бейнесі өлікке ұқсап,
Қаңқасы ғана қалғандай,
Қу сүйек жүргендей секілденді.
Тістері түгел босапты,
Ерні де әрең ілініп тұр.
Ажырағалы тұрған ұртын
Ақ орамалмен таңыпты.
Соншалық кәрі қарт екен,
Атқа өзі міне алмас.
Мінген күнде амалсыз,
Аттан өзі түсе алмас.
Сонда елші Баймұрат
Жыршыны өзмен ерте алмай,
Кері қайтты хан жаққа.
Ханға келіп Киң-Жанбай:
— Тақсыр ханым,
алыстағы қоныста.
Ақылман бір жыршы бар.
Айбарлы да асқақ тұлғалы,
Бірақ атқа міне алмайды
Мінсе егер атына,
Ол қайтадан түсе алмайды.
Уа, әміршім, мейірім қыл,
Алтын күйме жасатып,
Алты қара атты жегіп,
Күймені сәндеп гүлдетіп.
Жегуін де әшекейлеп,
Көрпелерді төсеп қойып
Екі сенімді құлыңды
Жанына бірге отырғыз.
Сонда ол бас тарта алар ма?
Келмей қалуға бата алар ма?
Тоқтамыс ықыласын танытты,
Алтын арба әзірлеуді тапсырды.
Алты қара тұлпар жегілсін деп,
Гүлменен арбаны көмкерсін деп,
Кермесін сәндеп қойсын деп,
Жұмсақ мамық төсеп айнала,
Екі нөкерін отырғызды қасына.
Алты өзен жағасыда көрінді,
Сонда бір нөкер тіл қатты:
— Әсем шапан киген абызым,
Бұлғын бөрік киген жыршым!
Салмақты сенің сымбатың,
Даңқың сенің өшпеген.
Жүз тоқсан бес жыл бойы
Жалғанның қызығын көрдің сен.
Құрметке әбден лайық қария,
Келер күнді болжар дана едің.
Менің әміршім — хан Тоқтамыс
Өз үйіне сені шақырады.
Егер оның ордасында қонақ болсаң,
Одан не жоғалтасың, абызым?
Егер оның бір ісін шешсең,
Одан не ұтылып қаласың?
Ханның ақ ордасына барып,
Ақыл-кеңесіңді берсең егер,
Өзіңе келер қандай зиян?
Жақсылығың елге жайылар,
Даналығың жұртқа тарар.
Құлдар да атқарды парызын,
Қарияның белін буып белбеумен,
Орамалмен байлап екі ұртын,
Аузына ақ жібек орады,
Жыршының үні өшпесін деп.
Гүл шырынын көзіне тамызып,
Көзіне жас тұнып, баспасын деп,
Қолына алмастың тасын ұстатты,
Ханның әмірі — осы еді.
Кәрияны арбаға отырғызып,
Ақиқатты айтам деген ант алғызып,
Жанына қос таяғын қойғызып,
Қартты ханға алып кетті.
