«ЕР ЕДІГЕ» жыры. ТӨРТІНШІ ЖЫР
автордың аудармасы
«ЕР ЕДІГЕ» жыры
«Малым - жанымның садақасы,
жаным - арымның садақасы»
ТӨРТІНШІ ЖЫР
"Тоқтамыс ханның Сұбраның жырмен айтқан болжамын тыңдап,
Едігенің білімі мен парасатын сынағаны туралы".
Айбарлы қарт Сұбра -
Еңкейіп кірді Сарайға.
Ұлы хан Тоқтамыс
Құрметпен оны қарсы алды.
Салтанатты той жасап,
Елдің даналарына -
Шақырушы жіберді.
Ел ағалар мен абыздарды,
Тойға түгел шақырды.
Көк-Төбеге ақ шатырлар -
Тігуге бұйрық берілді.
Ханның жанына жиналды
Көптеген би, мырзалар.
Тоқтамыс хан жанжағына
Қатулы көзбен қарады.
Ұлы істерді шешу үшін,
Елдегі дана адамдар!
Сендерді мен шақырдым.
Ойласып, кеңес беріңдер,
Құбығыл жайлы айтыңдар:
"Жақсы ма ол әлде жаман ба"?!
Дереу шараға құйылған
Бұрқыраған, хош иісті,
Жеткізілді тәтті бал.
Тостағандарды ұсынуға,
Тағайындалды Едіге.
Жыршыға кесені ұсынды.
Сіміріп ішіп қарт Сұбра,
Бір-ақ тартты төңкеріп.
Шараптан соң оттай лаулап,
Қызарып бетіне тарады.
Күмістей даусы сыңғырлап,
Айбынды Сұбра тіл қатты:
Егер жылқы қатты шапса,
Жүйріктен тамшылап тер шығар.
Ақ мақтадан - бөз шығар.
Данадан - асыл сөз шығар.
Мен мына жалған дүниеде -
Жүз тоқсан бес жыл бойы
Өмір жасап келіемін.
Сүйегім босап, тісім қаусап,
Жаным тозып әлсіреген.
Жағым ажырамасын деп,
Ақ жібек матамен байланған.
Мен секілді кәріден кімге
Қандай пайда бар?
Ай, қандай кімге пайда бар ?»
Жырласам - тілім кеуіп тұр,
Жыр айтсам әннен - көңілім құр.
Қураған шөптен - шық таппассың.
Қураған жіліктен - май шықпас.
Ақылынан адасқан кәріден,
Құлақ еститін сөз таппассың.
Хан - оның сөзіне құлақ аспас.
Ал, хан тыңдаса оны -
Халық оны қоштамас.
Хан - халықтың жолынан тайса,
Адасып, тығырыққа тірелер.
Мен халықтың сезінемін ашуын:
Әй, мынаның сөзі - сылдыр су екен,
Ойына келгенін былпылдап,
Сандырақтай береді екен.
Мейірім маған танытып,
Мөлдіреген балды төкпей,
Тостағанды ұсыныңыз.
Құйыла бер, жарқыраған бал,
Кеудемді менің өт күйдіріп.
Тамағымды жібітіп, жыр бастайын:
- Тыңда мені Тоқтамыс хан,
Жас, жүрдек тұлпар беріңіз.
Ер-тоқымы терлемейтін,
Сәйгүлікті маған беріңіз.
Егер маған саятқа құс берсеңіз.
Салмағымен ауырлатып,
Толтыратын Олжаға.
Аңға салатын сұңқар беріңіз.
Тон берсеңіз - қара болсын.
Киетін жүні тозғанша.
Кешкі көңілге қыз берсеңіз,
Хас сұлулардан таңдаңыз.
Күлкісі балдай тәтті болсын,
Жесір боп қалған күнінде де,
Оны басқа ер жар қылсын.
Жүк артатын мал берсеңіз,
Көксауыр атанды беріңіз.
Мың сан жүктің салмағын,
Жүретін болсын арқалап.
Сүт беретін бие беріңіз,
Сүті оның сарқылмасын,
Шөптерге қырау түскенше.
Маған мейірім танытып,
Ұсыныңыз тостағанды.
Балды төкпей, мөлдіретіп.
Тәтті бал тағы құйылсын !
Еділ деген кең дарияда,
Елу хан - өмір сүріпті.
Жайықта да хан болған —
Үлкендердің кішісі,
Кішілердің үлкені.
Көп жыл болды бұл дүниеде,
Менің өмір сүргенім.
Арғы аталардан біреуі -
Баяғыда хан болған.
Ол сендей алым-салықты
Халыққа көп салмаған.
Сененде артық халыққа
Сый-сияпат таратқан.
«Сөз сөйле!», «Жыр толға!» —
дейсіңдер маған.
Мен сендерге не айтайын,
Қай сөзім жағар көңілге,
Қандай сый маған бұйырар?
Сонда Тоқтамыс хан былай деді:
«Саған бұлғын ішік сыйлаймын,
Қоңырауы сылдыраған
сұңқарды да беремін.
Кең дарқан далада шабу үшін,
Жүйрік тұлпарды сыйлаймын.
Қамшы ұстамай-ақ мінерсің,
Жерде оның жүйткіген ізі қалар.
Саған бір аруды сыйлаймын —
Бұрын ондайды көрмегенсің.
Менің Ханекемнен де нәзік,
Менің Күнекемнен де көркем.
Оны оң жағыңа отырғыз,
Сәндеп оны киіндір,
Қадірлеп, мәпелеп ұста.
Бірақ, жыршы, алдымен
Алдыңдағы — Құбығылды -
"Кім өзі ? Ол қандай ер екен?
Маған толық айтып бер."
Хан Тоқтамыс жыршыға
Құндыз ішік киіндірді,
Бір тостаған балды ұсынды.
Жыршы тостағанды алды да,
Ұрттамастан балдан,
Шолып өтті Хан сарайын,
Назары түсиі екі батырға -
Жанына оның келсін деп,
Ишара етті оларға -
Едіге мен Киң-Жанбайға.
Киң-Жанбайдан сұрады,
Жыршы, сауалын қойды:
Ілгері бір заманда -
Түніке деген хан болған.
Өмір сүрген дәуірінде -
Талай істер жасаған.
Достарына құшағын жайып,
Дұшпандарын — жазалаған.
Кіші билеушілердің - үлкені,
Үлкен билеушілердің - кішісі .
Ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр,
Жердің иелері оған бас иіп,
Бағынғанын білдірген.
Ол туралы сөз - елге тараған,
Қытайға жорық жасаған тұста,
Оның аға уәзірі - Құлатай,
Тат руының басшысы,
Далада атпен келе жатқанда,
Панасыз қалған -
бір баланы тауыпты.
Сол баланы асырап алыпты,
Бала ер жетіп, азамат болғанда,
Қару ұстайтын - жасқа жеткенде,
Бүкіл Тат руын ертіп соңынан,
Түнікуге қарсы -
жорыққа аттаныпты.
Жеңіске жетіп,
Түнікуді биліктен қуып,
Құлатайды таққа
отырғызыпты.
Құлатай болса - хан атанып,
Өз өсірген әлгі баланың
Басын шауып,
Түнікіге тарту етіп,
Ханға тағын қайтарыпты.
Тыңда мені, аға батыр!
Мен саған бір сауал қоямын:
Кім дұрыс іс жасады —
Асыранды бала ма,
әлде уәзір Құлатай ма?».
"Дәулеттегі үлкені — Сұбра ата!
Қарттықтың жүгі басқан - Сұбра дана!
Жүз тоқсан бес жыл бойы
Өмір сүріп келесің.
Не айтайын мен саған.
Алдыңда мен дәрменсізбін,
Өзімді үкідей сезінем!
Менің айтарым — Құлатай ер
Дұрыс іс жасады !
Өгей баланы өлтіріп,
Хандық билікті -
заңды ханға қайтарды».
Сонда қарт Едігеге қарады,
Баяу үнмен тіл қатты:
«Әкең кім екенін білмеймін,
Сенің тегіңді де білмеймін.
Есіттім сенің даңқыңды.
Отызға толмаған жасыңда,
Оздың талай даңқты асылдан.
Жауап берші енді, Құбығыл,
Қайсысы дұрыс жол ұстанды?»
Едіге қартқа тіл қатты:
Ел ішіндегі үлкеніміз – Сұбра әке!
Кәріліктің ескі шапанын жамылған,
Даналықтың дариясы - би Сұбра!
Көпті көріп, талай сырды ұққансың,
Көпті біліп, талай ақыл айтқансың.
Ендеше, неге мына дүниеден
Жасырдың атын жетімнің?
Халық саған мұны кешірмес!
Теміртау деген батыр болған.
Үлкендердің кішісі,
Кішілердің үлкені —
Сегіз хандықты мекендеген
Үняньның Түнікуге бас иіп,
Мойынсұнғаны да рас.
Түніку көкке көтерілді,
Бағындырды ғажайып ел - Қытайды.
Биікке көтерген - халқына,
Қырын кете бастады.
Әлсіздердің еншісіне құлдық тиді,
Күштілер құлға ие болды.
Туған өлке кедейленіп, әлсіреді,
Егер Халық құл болса -
Ел де жарлы болады».
Түніку хан өз халқының
Құлдық қамытын кигені
Ойына да кірмеді.
Ал, жетім бала Теміртау
Әр есіктен аттады,
Әр қалаға, кіріп әр шатырға,
Жетімнің көрді мұңлы жанарын.
Халықтың қасіретін естіді.
Қорғансыздарды қорғады.
Құлдарға — ашық жол болды,
Ханға — қатал жаза болды.
Түніку ханды қуып жіберді.
Бұл ерлігі үшін оған
Құрмет пен даңқ лайық,
Ол дұрыс іс жасады !
Ал, Құлатай түсін өзгертті,
Сөйтсе, ол айлакер екен,
Ол халықтың қорғанын -
Өлімге қалай қиды екен...!
Міне, Сұбра-Ата,
Ойым мен жауабым осы,
Бұдан артық айтпаймын».
Сұқтана қарап Едігеге
Сақалы аппақ ақ қардай,
Күмістей ағарған шашы.
Разылықпен Сұбра шал
Басын иіп, сөз айтты:
Жастарда ақылға бай болады,
Басында майлы ми болар.
Жас сүйектен де
Майлы ми табылар!»
Кәрі де, айбынды, қарт Сұбра
Балға толы тостағанды көтеріп,
Едіге мен Киң-Жанбайға қарады:
«Әй, ханның күбісінен шыққан бал,
Сары да тәтті, балдай бал!
Ал, батырлар, балды кім ішеді?»
Киң-Жанбай ойланып,
Тұрып қалды абдырап.
Ал, Едіге бір-ақ сәтте -
Істің шешімін тапты:
Тостағанды түбіне дейін
Ішті бір-ақ сіміріп.
Сұбра қарт көңілденіп үн қатты —
Кәрі көріпкел, дана қария:
«Міне, нағыз жігітсің !
Батыр осындай болады!
Сен, нағыз батыр екенсің!
Айтшы, ойланып, мен күтейін:
Егер ханға өштігіңді
Білдіргің келсе,
Оны қалай білдірер едің?»
«Оған қызмет еткің келсе,
Достығыңды білдіргің келсе,
— Оны қалай көрсете аласың?»
Едіге ойланып тұрып:
«Достығымды білдіргім келсе
— Шұбар атқа қарғып мініп,
Жау қолына қарай шабамын,
Жау әскерін жайпап саламын.
Олжасын қолға түсіремін,
Мол алым-салықты әкелемін,
Ханға асыға тапсырамын,
Ханның көңілін табамын.
Ал, дұшпандығымды
білдіргім келсе :
— Шұбар атқа ширақ мінемін,
Сарайға сұңқардай ұшамын.
Ханды бүркітше бүремін.
Халық үшін - есесін қайтарамын:
Басын мойнынан жұлып алып,
Басын жұлынған қойдай
Қан-жоса қылып тастаймын.
Содан бас киім жасаймын,
Басыма қонымды ол болар.
Ханның қазынасын тартып алып, Халыққа қайтарамын.
Ал, егер айтқан сөзімде тұрмасам, Топыраққа тапталған ұл болайын.
«Өз әкесінен безген ұл» деген
Жаман атты арқалайын!» .
Екі батырды да сынап көріп,
Айбарлы Сұбра былай деді:
«Ей, хан ием, хандардың ханы!
Маған құрмет көрсетіп,
Өлең шығар деп бұйырдың, —
Бірақ тілім жүрмей тұр.
Байланса да тілім менің,
Ән салып мен көрейін,
Өзіме тән бір әнімді -
Жырдың бастауын,
қарапайым етейін.
Сенің екі сұңқарың бар,
Бірақ екі құс — екі бөлек ұядан.
Сенің екі жауынгерің бар,
Екі ер — екі бөлек ұядан.
Алдыңда тұрғаны — аға жауынгер.
Аға жауынгердің ерні салбыраған,
Маңдайы дөңес,
Айбынды арыстандай
айбатты көрінеді.
Сөзге шешен, сөз саптаудың шебері,
Сөз өнерінің бағы қонған.
Оның аты Киң Жанбай -
Қарттардың құрметіне бөленген.
Хан алдында жас сарбаз тұр,
Міне, өзі — қасқыр тұрқымен тұр!
Аяғы мығым, қолы қарулы.
Ноғай екен, -
Ай, ноғай екені көрініп тұр!
Сөзі сыңғырлап, анық шығады,
Ерніі жұқа, шешен екені көрініп тұр!
Шашы айдай жарқырайды,
Саусақтары мыстай,
көздері жұлдыздай,
Сымбаты келісті,
көрікті екені көрініп тұр!
Мойны ұзын, кеудесі кең,
Қолдары садақ тартуға жаралған —
Атқан оғы мүлт кетпейді
Айқаста айбарлы екені көрініп тұр!
Осылай деді қарт Сұбра,
Күмістей қоңыр үнімен,
Жырдан өрнек өрген жырау,
Сақалы ағарған сәуегей:
«Мен — сенің абыз қарияңмын,
Кәріліктен қалжыраған қартпын.
Көзімнің нұры тайған қартпын.
Дүниеде талай нәрсе көрдім мен,
Нені ғана көрмедім мен!
Ерте заманда Башлық хан билеген,
Мен — оны көрген кәрі едім.
Одан соң Абыл хан келді,
Одан соң Қара хан келді,
Одан соң Ала хан келді,
Мен — солардың тұсында
Өмір сүрген қарт едім».
Сен бір ұзын сырық таяққа
Екеуің қатар отырғыздың.
Арғы бабаң — Тұмауыл,
Мен — оны көрген кәрімін.
Қолынан бір сәт шығармаған,
Он екі кез садағын құлаштаған,
Шыңғыс ұлылыққа жеткенде,
Мен — оны көрген кәрімін.
Оның соңынан талай ерді,
Кезегі келгенде талайы кетті.
Бізді қайғыға салмады олар,
Бәрін атап шығудың қажеті бар ма?
Мен — бәрін көрген кәрімін.
Жаушы да бір кезде ел биледі,
Мен — оны көрген кәрімін.
Хан Баянды, Сайын ханды,
Дауылдай ұшқан Берке хан,
Қылышымен жауын жеңген ер,
Мен — бәрін көрген кәрімін!
Өткен ерте заманда -
Өзбек хан да өмір сүрді,
Алтын үзеңгі аяғында тұрды.
Мен — оны көрген кәрімін.
Асылбектің жүгені алтын еді,
Тінібектің ат жабуы -
Алтынмен зерделенген еді,
Мен — екеуін де көрген кәрімін.
Жәнібек алтын қару ұстады,
Одан кейін Бердібек таққа отырды,
Мен — екеуін де білген кәрімін!
Ата-бабаларыңа -
қызмет етіп өмір сүрдім,
Тұқтуға мен Тұйғұжа —
олардың есімдері,
Мен — екеуін де білген кәрімін!
Отыз тоғыз ханды көрдім мен,
Ғасырларды көрдім,
Сұлтандарды да көрдім,
Бағынышты болуға да
әбден үйрендім.
Әй, Тоқтамыс, Тоқтамыс!
Кеше ғана сен емес пе едің,
Жалаңаяқ бала болып,
Басыңа ештеңе киместен,
Қураған дала шөбін кешіп жүрген?
Ал енді хан болып төрде отырсың,
Маған сұстана қарап отырсың.
Ашуыңды босқа төкпе.
Өлтіресің бе? Менің нем қалды?
О дүниеден де орын табармын,
Бір үйден бір үйге көшермін.
Егер ажал сағатым -
әлі соқпаған болса,
Әзірейіл мені -
ұмытып кеткен болса,
Мен сенен қорықпаймын,
Оның ілмегіне ілінбеймін.
Сонда сен маған:
«Бір кезде Тоқтамыс хан -
өмір сүріпті», — деп,
Айтуға тыйым сала аласың ба?
Мен — одан да ұзақ жасаған қартпын,
Ай, одан да ұзақ жасаған қартпын-ау !
Егер білсең ғой, дүниенің
Қаншалықты көне екенін!
Ұнянда Көк батыр өмір сүрген.
Он батырдың ішіндегі ең күштісі —
Оған тең келер жан -
Жер жүзінде жоқ еді.
Как аспанда, кемпірқосақ керілсе,
Оның садағы да соған пара-пар еді.
«Көк батыр» деп атанған ер,
Көк аспанға көз тігіп,
Кейде көкке жебе атқанда,
Жебесінің ұшында -
жұлдыз жерге құлайтын.
Шынында да,
Көк батыр Ұлы еді!
Мен — оны көрген кәрі шалмын.
Інжу мен Ванджуда өмір сүрген,
Бес батыр жайын айтайын.
Олардың басшысы Тау батыр еді,
Оның қолында бір шоқпары бар еді,
Салмағы бес батман -
( 50-80 келі) болатын.
Хан атаулыны үрейге салатын!
Қылышының ұзындығы жүз сүйем,
Сол қылышымен -
тауды да қирататын,
Тұтас бір әскерді -
жалғыз өзі жайрататын.
Сондықтан оны,
Тау батыры деп атаған.
Мен — сол заманда онымен,
Бірге өмір сүрген кәрі шалмын!
Мынадай бір шежіре-баян тыңда:
Жайық жатқан жерде,
Еділ бойында —
Төрт батыр өмір сүріпті.
Солардың ішіндегі - ең таңдаулы
Батыр жайында -
Ел талай сөз айтыпты.
Көк аспанда қалқанын -
жарқыратып,
Жаудың оғын құм санаған.
Зеңбірекке тайсалмай тура қарап, Кеудесін зеңбірек оғы да -
тесіп өте алмаған!
«Зеңбірек оғы өтпес» деп,
Ол осындай даңқты атқа ие болған.
Ал мен — оны өз көзіммен
көрген қартпын !
Көптеген әміршілерді көрдім мен,
Көптеген алып ерлерді білдім мен.
Жүз тоқсан бес жыл бойы
Жалған, өткінші дүниені көрдім.
Көптеген батырлардан -
ұзақ жасадым,
Көптеген хандардан да -
ұзақ жасадым.
Бірақ Кұбығылдай ерді мен,
Қартайған шағымда,
ешқашан көрмеппін !
Қас-қабағына көз салсам —
Қаламмен өрнектелгендей!
Көзіне бір қарасам —
Мөлдір аспандай көрінер!
Жүзіне назар аударсам —
Ашудан жаралғандай ол !
Бітіміне көз тастасам —
Нұрдан жаралғандай ол !
Аттың жалындай айбарлы ер,
Иығына қарашы — қандай кең!
Бойына қарашы — қандай биік!
Ер Құбығыл батыр -
Құмға қадалған талды таңдар,
Тұзақ салған жіпті алар —
Жүйрік аттарыңды айдап әкетер
Көп ұзамай Құбығыл.
Сенің сан алуан ел-жұртыңның
Арасында туын тігер Кубығыл.
Сауыры сұры аттарыңның ішінен,
Қуатты бір тұлпарды таңдар,
Қос қосалқы жиренді де алар.
Ноғайда сақталған -
Ғажайып бір өлке бар.
Арлан қасқырдың ұлығаны,
Аш барыстың ақырғаны —
Сол үнменен үн қатып,
Елге хабар берер Құбығыл.
Ұлан-ғайыр жазық даладан,
Қырық күндік жол салған,
Арық қаздырар Құбығұл!
Еділдің жағасы қызыл құм,
Құмыра жасар балшықтан,
Балшық илеп, құмыра құйғызар!
Қайраты бойын кернеген,
Ертістің бастауын мекендеген,
Қара Түнді де жақындатар!
Құбығыл сенен тартып алар
Балдай тәтті сары балды.
Ащы балдай сусыныңды.
Сарбаздарымен бөлісіп,
Ортаға алып ішер ол.
Қалың әскерін тойдыру үшін,
Малдарыңды алдырар,
Қойларыңды түгел сойдырар.
Қазан асып, от жағар,
Құбұғыл батыр ас берер!
Таза алтыннан сарайың,
Күмістен соғылған есігің.
Бір күні сондай күн туар,
Сенбесең де, рас болар.
Темір тоқпақпен есігіңді
Дүрсілдетіп ұрар күн.
Құбығылдың қара көлеңкесі
Сарайыңды басар күн.
Ашумен саған аттанар,
Алтын сарайыңды қиратып,
Күлге айналдырар есігіңді.
Ағашыңды отын ғып,
Алтыныңның сарысын,
Әрбір алтын құймаңды
Түгел тартып алар Құбығыл!
Қасықтап жиған күмісіңді,
Тамшылатып жинаған ырысыңды
Ожаумен сапырар Құбығыл!
Хан, ордаңды тартып алар,
Тағыңа арқан салар ол.
Қап-қара шашыңды
Ақ шалған қылар ол.
Тұман басқан көзіңді
Қызыл қанға толтырар ол.
Әкең де, атаң да
Осы жерде ғұмыр кешкен.
Ал сені, хан Тоқтамыс,
Кәрілік жеткен шағыңда
Туған жерден қуар ол.
Табаныңды тіліп алып,
Ішін шашпен толтырар.
Жарқыраған күндей нұрлы
Жұбайың Жәникені,
Бұлбұлдай тәтті үнді Ханекені,
Жәннаттағы перідей сұлу
Күнекені, —
Олжа етіп әкетер,
Қуаныштарын кемітер.
Сол бір арулардың
Сұлулығы солар ма,
Солғын тартып, семірер.
Қамшы мойныңды осқылар,
Кеудеңнен қаның сорғалар.
Тәж киген хан басыңа
Құрмет көрсеткен болар ол:
Иығыңнан басыңды
Шауып алар сол батыр!
Адам танымадым ба мен,
Адамның жайын білмедім бе?
Егер адамды танысам,
Егер елдің жайын білсем,
Бұл батырдың аты — Құбығыл,
Кұттықияның ұлы — Едіге !
