ДІННЕН ДІНГЕ
Төмендегі мақалам 1998 жылы ШҚО облыстық «Дидар» газетінде басылған еді. Мұнда отандастарымыз корейлердің діни сенімі жөнінде Мәскеу журналисі Л. Млечиннің «Новое время» журналында жазған мақаласы негізінде жаздым. Бұл бар қазақстандықтарға көңіл бөлерлік деп ойлаймын.
Капитализмнен социализмге немесе одан қайта кері өткен халықтардын сергелдеңі аз болмағаны сияқты, бір діннен екінші дінге өтуді басынан кешірген ұлттардың да машақаты аз болмаған. Корейлер мен қазақтардың өз тарихында осынай «машақаты» бастан кешірген ұқсастығы бар көрінеді. Тағдыр тәлкегі корейлерді еріксіз бір діннен екінші дінге енгізіп, ақыры христиан дінін қабылдап, соның салдарының не ол емес, не бұл емес, христианшыл да емес халыққа айналдырды.

Біздің халықтың да діни тағдырының кейбір тұстары осындай болған сияқты. Академик Бартольд өзінің еңбегінде (V том) мұсылманша бас киім кимегендерді басқыншылар шеге қағып өлтіріп отырыпты. Қазақ даласын мекендеген халық Тәңірден қол үзе бастады, будда мен христиан дінін таза ұмытып, ислам дінін де қабылдап жарытпады (Дәйексөз «Егемен Қазақстаннан» алынды 15.10.1997). Академиктің бұл сөзіне жолшыбай мынаны қоса кетейін: бір мәйіт жөнелту рәсіміне қатысуға мешіттен келген ұлты түрік молдамен қатар отырып әңгімелесу үстінде мен - неге біз, қазақтар, Құран оқыларда жалмажан баскиім кие қоямыз, - деп сұрадым. Молданың айтуынша ол міндетті емес екен. Тегі, түріктердің төбесіне ешкім шеге қақпаған ғой деп ойлаймын қазір.

Діни сенімге байланысты қазақ пен корейді қатарластыра келтіріп отыруымның себебі ертеректе екеуміздің де діни наным-сенімдерімізде бақсылар басты тұлға болған. Ол дүние мен бұл дұние арасын байланыстыратын бақсыларға кәміл сенгендерге бақсы ойынының әсері осы күнгі гипноз бен экстрасенстер әсерінен кем болмаған. Қазіргі жастар оны тарихтан оқып біле жатыр, ал аға буын оны әлі ұмыта қойған жоқ. Мен өзім бақсы ойынын бала кезімде бір рет қана болса да көргенім бар, тіпті соғыстан кейінгі алғашқы жылдары да Ұлан, Жарма өңірінде ел аузында Шыңғай-бақсы есімі жиі аталушы еді. Ел арасындағы бертінге дейінгі бақсылық ойындар туралы «Дидарда» Күршім аудынынан Қабдолда Тұрар ақсақал да жазған еді (15.11.97).

Біздің бақсы дегенімізді өзге халықтар, мысалы орыстар, шаман деп атайды, олар бұл сөзді якут, моңғолдан қабылдапты, тіпті бұл сөздің шығу тегі көне Үнді тілдерінен басталады екен. Мәскеуде шығатын «Новое время» журналынан Оңтүстік Кореяға барып, бақсы ойынына қатысып, көргенін, ойға түйгенін жазған Леонид Млечин «шаман» сөзін қолданды.

Корейлерді ХХ ғасыр басында Жапон империясы өзіне кіріптар етіп қаратып алғанда, олардың арасына Синто дінін күштеп тарата бастаған еді. 1945 жылдан бастап Оңтүстік Кореяны 30 жылдай билеген Ли Сын Ман өз елін Европамен жақындастыру үшін христиан дінін қабылдауда жақтады. Одан кейін 16 жыл президент болып, елін алдыңғы қатарлы индустриялы жолбарысқа айналдырған Пак Чжон Хи ескі шаман діні елді алға бастамайды, кері тартады деген оймен Кореяға ене бастаған өзге діндерді қолдады. Мемлекеттің қолдауымен христиан дінін таратушылар шамандарды келекелеп күлкі етті, буддизм жақтаушылары оларды елеп-ескеріп көзге де ілмеді, конфуциялықты уағыздаушылар оларды басынып, төмендетумен болды. Корейлердің өздері де өзгеріп мәдениеттің, ғылым мен техниканың шыңына көтерілді, бірақ олардың ішкі жан дүниесінде сол баяғы өздерінің ескі құдіреттері мен шамандарына деген сенімі әлі де сақталған деп пайымдайды Л. Млечин.

Сеулден аулағырақ бір жерде түнгі шаман ойынына барып қатысқанын ол былай сүреттейді: терде орыс икондары сияқты рухтардың суреттері қойылыпты, онан төменіректе тәтті күріш шелпектері, қарбыз, дін, алма, жидек, банан, басқа да корейлік тәтті-дәмді тағамдар жасалған, кағаз гүлдермен көмкеріліп әшекейленген, майшамдар жанып тұр, хош иістері мүңкиді. Саз аспаптарында ойнаған топтың қолдауымен шаман ырғақпен сөз түйдектерін сарнап, бастырмалатқанда оған дауыс қосып, бірге билеп қимылдайтын көмекшілер бар. Саз үніне қосылып қолдағандарды бастаған шаман би, тақпақ арқылы, кәзіргі сәттегі керекті тиісті рухтарды шақырды. Жиналғандар өз көкейіндегі көксеген арман, мақсаттарының орындалуын тілейді. Мәселен, математика рухынан студент баласынынң университетте емтиханды ойдағыдай тапсыруын сұрауға болады. Аналық рухтан күні жетіп отырған әйелдің аман есен босануы сұралады. Тек еркектер ғана емес әйелдер де шаман бола алады. Христиан, буддизм, тіпті конфуциялық наным, сенім, салт-сана бойынша әйелдер қоғамдық өмірге қатыстырылмайды, өмірі үй-іші, оның төңірегімен ғана шектеледі. Ал олар мұң-мұқтажын шаманға ғана айтып жеткізе алады, әсіресе, егер шаман әйел болса, оған ауру баласы, дөрекі күйеуі, қатал енесі жөнінде бүкпесіз мұңын шағып рухтардың көмегін сұрайды.

Екінші бөлімде ата-бабалар рухы шақырылады. Ол дүниені кезіп рухтар кейде жылушырап шаман арқылы мұңдағы ұрпақтарына ақыл кеңес береді, кейде наразылық білдіріп, қатуланады, әрине, ол да «шаманның қабақ шытуы» арқылы білдіріледі (Қабдолда ақсақал жазған Қойбақ деген бақсы сымақтың нағыз бақсыға еліктеп «қамшымен қышқыртып, әркімді сабап та алады» дегені еске түседі осы жерде).

Үшінші бөлімде жауынгерлік рухтар шақырылып, осы шаман ойынына жиналғандарға зиянын тигізіп жүрген жындарды аластауға бағытталады. Оның барысында барабан дабылы, неше түрлі би қимылдары, дұға сарындары, иіліп табақ тарту – бәрі қабаттаса жүреді. Шаман қалшылдап, селкілдеп кетті, - дейді қатысып отырған мәскеулік журналист, - ол әбден қиналды, ақыры әлсіреп, отыра кетеді. (Қабен мақаласында: «... сілесі қатқан...төрдің алдында Қазғұмар бақсы сұлап жатыр...»).

Ертеңінде автор өлікті жөнелту салтына қатысыпты. Бұл рәсімде Қытай мен Жапондағы буддизмнің күшті әсері сезіледі екен. Бірақ, рәсім шамандарсыз өтпейді. Буддист монахтарының жерлеу кезіндегі сутраны әндетуінен шамандық әдет-ғұрып әлдеқайда әсерлі екен, көп адамдар, сазгерлер, бишілер қатыстырылып, аста-төк дастархандар жайылады, буддалық рәсімдерге қарағанда шығынды келеді екен (қазақтар бұл жөнінде «өлі разы болмай, тірі байымас» дейді ғой).

Мәскеулік журналистің пайымдауынша, Кореяда шаман дінінің құрып жоғалар түрі жоқ, тіпті христиан діндарларының өздері де кейбір салт-дәстүрлерді шамандық әдет-ғұрыпқа бейімдей бастаған көрінеді. Пак Чжон Хи кезінде шаман ойынына жиналғандарды полиция қуып таратып отырса, қазір еркіндік беріліпті. Халықтың ескі наным-сенімдерін енді мәдени мұра деп бағалайды екен.

Бақсылық әдет-ғұрыпты біз мәдени мұрамыздан шығарып-ақ тастаған шығармыз. Бірақ, былайғы халық бірлігі мен ұлт тарихына арналған жылы, өткенді салмақтап, саралай отырып өзіміздің күй атасы Қорқытты менсінбей келгенімізді мойындай бастадық. «Қорқыт Шығыстың ең алғашқы бақсысы» - депті Шоқан Уәлиханов. Қазақ Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті Ә. Нысанбаев: «Баят руында Қорқыт ата дейтін сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның болжамдары қатесіз болған... Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған екен. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайдың сөзінде Қорқыт атамыздың түркі әлемінің философиясындағы орны жоғары бағаланады, биыл оның есімі ардақталып кеңінен де лайықты атап өтіледі екен.

Егер біз өзіміздік мемлекет, саясат, мәдениет, философия қалыптастырамыз десек, өткенімізді өзек етіп алып, адам баласына тән барлық өркениеттен нәр ала білуіміз керек қой.
Ғаббас ҚҰМАРОВ
