Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ӘДЕПТІ БОЛЫП ӘДЕТТЕН!

Жалпы халқымыздың, ата-бабаларымыздың жүріп өткен өмір жолдарына, күнделікті тұрмыс тіршілігіне, іс-әрекеттеріне көз жүгіртіп мән берер болсақ, онда басты мәселе күнделікті от басындағы тәлім-тәрбие жұмысының ешбір теңеусіз басты назарда болғандығын байқаймыз. Шырағым, баласы жаман болса, әкесін түйенің үстінде ит қабады деген, жаман атқа қалдыра көрме, әдепті бол – деп отыратын әке сөздерінің тәрбиелік мәні тереңде болатын. Осы негізде, айта кеткен дұрыс болар, ауыл ақсақалдары елден шыққан тентектерін тәрбиелеуде, әдеп ғұрыпты сақтамай жөннен шыққаны үшін билер талқыларына салып тиісті жазаға тартып отырғандығын бұрынғы өткен өмір тарихтарынан білеміз. Ал төрелік етуші билер өз пікірлерін ортаға салу үшін қамшыларын көтеріп сөз кезектерін алып әдеп сақтамай, тәртіп бұзушыларға байланысты ойларын білдіріп алдағы уақытта сабақ болу үшін жазаға тартып отырғандығы тағы белгілі. Осы тәрбиелік мәні зор заң негіздері жөнінде мысал ретінде Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғылары» негіз бола алады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ұрпақ тәрбиесі жөніндегі асыл да, жауһарлы «Тәрбиелі, әдепті болса ұрпағыңмен мың жасайсың» деген сөздері болашаққа тәрбиелі, саналы азамат өсір деп меңзеп тұрған жоқ па. Бұл, ұлттық әдеп – ғасырлар бойы қанымызда сіңіп қалыптасқан мәдени құндылық десек болады. Ата-бабаларымыз қайта-қайта айтып кеткен тәрбиелі, әдепті болу, яғни мемлекет болашағы ұрпағының ел-жұртының алдында беделді, абыройлы болуын қалағандығы болса керек. Тәрбиелі, әдепті болу дәстүрін бүгінгі күні мемлекетіміз өз деңгейінде жоғары дәрежеде белгілеп, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік моралін сақтау жөнінде жаңа заң нормаларын жүктеп «Әдеп кодексін» Ел басы Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 29 желтоқсанындағы Жарлығымен бекітті. Бұрын «Ар-намыс» кодексі деп аталса, енді «Әдеп кодексі» деп аталады. «Әдеп кодексі» бес негізгі сала бойынша 14 мінез-құлық ережесін қамтиды. Олар базалық және ақуалдық болып аталады. Базалық жүйе мемлекеттік қызметшілердің моральдық, этикалық кейпіне қойылатын негізгі талаптарды қалыптастыруға және олардың тәртіп векторын анықтауға бағытталған. Яғни, халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын-алуға бағытталған. «Әдеп кодексіне» сәйкес мемлекеттік қызметшілер Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлт-аралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс делінген. «Әдеп кодексінде» «Ар-намыс кодексіне» қарағанда мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы, қызметтік қатынастардағы, сондай-ақ, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары кеңінен айқындалған және талаптар күшейтілген. Әдепті болу, бұл тәрбие негізінде қалыптасқан жүріс-тұрыс, сөйлеу, азаматтық қарым-қатынас мәдениеттілігінің белгісі. Әрине осы айтылған ерекшеліктер заң нормаларында белгіленіп бекітілгеннен кейін оны бұлжытпай сақтау, орындау әрбір мемлекеттік қызметшіден талап етіледі. Ал, заң талабының бұзылуына жол беру, әрине тиісті дәрежеде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстағы алқалы органы болып табылатын Әдеп жөніндегі кеңестің талқылауында қаралады. Заң талаптарында белгіленген нормаларға қайшы келетін әрекеттер жасау тәртіптік жауапкершілікке тартылуға әкеліп, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершіліктерін қараумен ұштасып жатады. Осы әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі болғандықтан бірқатар мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексінде» белгіленген нормаларды сақтамай қасақана бұзу, яғни, (спирт ішімдігін ішу, қоғамдық тәртіпті бұзу, дөрекі әрекеттер жасау, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтау, қызметтік міндеттеріне адал, бейтарап болуда, бейқамдық танытуда) тәртіптік әрекеттері үшін комиссияның шешімімен жауапкершілікке тартылып айтарға сылтау таппай қызарып тұрғанын көргенде жаның аурады. Бұл әлі де қоғамдық сананың әлсіздігін көрсететін сияқты. Сондықтан да «Әдеп кодексінде» белгіленген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының стандарттары, қызметтен тыс мезгілдегі мінез-құлқының стандарттары, қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарын сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің абройлы борышы екендігін түсінуі қажет. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятындығы белгіленген. Осымен ұлттық әдеп жөнінде бірқатар мәселелер қозғағандықтан, мен де Ұлы Абай бабамыз айтқандай, көп сөйлеп созбайын-әдептен озбайын. Сөз соңында айтарым – әдепті болу әдеттен, әдепті болып әдеттен дегім келеді.

 

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының директоры, Қызылорда облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Қажденбек Баймаханов

0
0
3216

Еще по теме

ӘДЕПТІ БОЛЫП ӘДЕТТЕН! - Yvision.kz