Yvision.kz
kk
0
09:44, 16 апреля 2024

Дені саудың – жаны сау

Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Отанымыздың келешегі – салауатты өмір сүретін білімді жастардың қолында екені хақ. Денсаулықты күтіп баптаудың бірден-бір жолы - дұрыс тамақтану.
Қазіргі таңда көптеген адамдар күйбең тіршілікке бар уақытын арнап, тамақтану әдебіне салғырт қарайды. Күнделікті тамақтануға ерекше көңіл бөліп, тамақ құрамының құндылығына назар аударған жөн. Кез-келген жағдайда әр адам өз мәзірін біліп жүру керек.
Күндізгі тамақтану адамның қанша күш жұмсайтынына байланысты. Егер жұмыстың басым бөлігі түске дейін болса, таңғы ас пен түскі асқа баса назар аудару керек. Сонымен қатар ұйқы кезінде ас ақырын қорытылады, сондықтан ұйықтар алдында тойып тамақтанбау керек. Ұйқыға жатардан үш-төрт сағат бұрын тамақтанған дұрыс.
Бір күнде адамға қандай мөлшерде тағам керек? Бұл оның жасы мен айналысатын жұмысына байланысты. Бір орында отырып жұмыс жасайтын қызметкерлерге қарағанда физикалық күшті барынша көп талап ететін маман иелерінің тағамдану тәртібі өзгеше болатыны сөзсіз.
Жалпы адам ағзасы 4 рет тамақтанса, оның екеуінде ыстық тағам болғаны абзал. Қатты майлы және тәтті тағамдардан бас тартып, көп тамаққа тосқауыл қою білу қажет.
Ағзада маңызды рөлді минералды заттар атқаратыны белгілі. Натрий, калий, фосфор, магний ағзамызға міндетту түрде қажет. Ал, цинк, марганец, хром, кобальт, молибден, селен т.б. аз мөлшерде қажет. Бір элемент ағзада біраз уақыт жетіспеген жағдайда ауру тудырады, сондықтан тағамның бір түріне ғана байланбай, мүмкіндігінше түрлі тағамдармен қоректену қажет. Сондай-ақ дәрумендері мол тағамдарды көп жеген дұрыс. Кері жағдайда адам авитаминозға шалдығады.
Қазіргі жағдайларда тамақтану мәселесі бірқатар себептерге байланысты бірінші орынға шықты. Мысалы: экологиялық ортаның бұзылуы, организмге қажетті дәрумендердің жеткіліксіздігі, сапасы төмен және саны көп азықтар және т.б. Дені сау адам жейтін асына жиі зейінсіз қарайды. Ал, ауырып қалған сәтте, үйреншікті дәрілерді іздейді. «Біздің барлық емдеу құралдарымыз азық-түлік заттары болуы керек, ал азық-түлік заттары емдік заттар болуы керек» деген Гиппократтың сөзін ұмытпағанымыз жөн.
Зат алмасуының бұзылған жағдайда адам қант диабетіне шалдығып немесе артық салмақ қосуы мүмкін. Сондықтан қоғамда тамақтану мәдениеті өзекті болып саналады.
Дұрыс тамақтану денсаулықтың және ұзақ өмір сүрудің басты факторы болып табылады. Егер тамаққа зейін салмаса, адам тойғанын білмей қалып, артығымен тамақтанады.
Денсаулыққа ең пайдалы 12 тағам түрі: фасоль, сүт, балық, жұмыртқа, алма, жаңғақтар, қаражидек, анар, көк шәй, брокколи, пияз-сарымсақ және қызыл ет. Бұл тағамдар салмақты реттеп отырады және қан құрамындағы қантты қалпына келтіруге септігін тигізеді. Витамин, минерал және басқа да пайдалы заттарға өте бай. Жүрек, қан тамырлары, иммунитетке жақсы әсер ететін көптеген пайдалы заттардың қайнар көзі. Миды қорғайды және көздің көруін жақсартады. Есте сақтау қабілетінің жақсаруына, инфаркт, инсульт қаупінің азаюына, ісік ауруларының алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Және қан қысымын реттейді, тамырларды қорғайды және ісіктердің үлкеюіне тосқауыл болады. Ал зиянды тағамдардың бірін медицина ғылымдарының докторы, диетолог Михаил Гинзбург краб таяқшалары екен атап айтты. Ағзаның қартаюын тездетеді екен. Құрамындағы бояғыштар, дәм күшейткіштер және басқа да тағамдық қоспалар дам ағзасына едәуір соққы жасайды.
Қорыта келе, дұрыс тамақтану - денсаулығымыздың аман болуына апарар дара жол. Өмірді сапалы сүріп, ауырмай жүру - өз қолымызда.


Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті Ерланқызы Асемай

Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б. Рушанова

0
178
0