Әдебиет
Барлықтарыңыз ертегі тыңдаған шығарсыздар ия?
Менде де кішкентай кезімнен ертегі тыңдағанды қатты жақсы көретін едім. Әкем мен анам (4 жасымнан бастап, деп айтсам өтірік емес шығар) ертегі айтып беретін еді күнде жатарда. Кейін анамның "бақа" туралы ертегісімен, әкемнің "шәйтән" туралы қорқытып уйықтататын ертегісін жаттап алдым. Қызық емес қайта-қайта бір ертегіні тыңдай берген. Сол күні жыладым "басқа айт, басқасын!" деп, сөйтіп сол күні дәу мамам(Қалжан) жанына алып жатып мен тыңдамаған басқасын айтып берді. Ертесі күні әкем мен анам мектептің кітапханасынан үлкеен екі қазақша, бір орысша ертегі кітабын алып кепті. Сонымен күнде суретін көріп, көз алдыма кейіпкерлерді елестетіп, жап жаңа ертегі тыңдап ұйықтайтын болдым. Әдебиетке деген қызығушылығым осы кезден басталды деп айтсам болады.
Кейін бірінші сыныпта мына өлең жолдарын оқып, өлеңге деген қызығушылығым арта бастады.
Мектептен қайтты Марияш,
Әліппесі қолында.
Шақырды оны атасы,
-Кел, құлыным, кел мұнда.
Марияш келді «Ата!»-деп,
«Ата, берші бата»-деп.
-« Бата!»десең, қарт атаң,
Айналсын сендей ботасын!
Оқы, құлыным, ғалым бол,
Атаң берді батасын! - осы тақпақты атамның құлағына тыным бермей жүз рет айтқан шығармын :)
Анам әдебиетке деген қызығушылығымды байқап әліппегешім болған күні, үйге қайтып бара жатқан жолда -Ақмүшегім мен саған күшті бір зат алдым, бірақ үйге барғаннан кейін көресің,- деді. - Айта салшы мама, әйтпесе ренжіп қалам.. деп, мамамның жүрісін бөгеп дізесінен құшақтап алдым. Ұзын жасыл пәлтесі бар, маған бас жағымнан күліп қарап қояды. -Кітап! Құшағымды босатып, секіріп жанына келіп, анамның қолының соңғы саусағынан қызып ұстап, Бақыт ағайдың үйінің жанынан өтіп барамыз. Үйге келсем, шағын-шағын оң жақ шетінде қаңбақ шалдың суреті бар, балаларға арналған әңгімелер жинағы екен. Киімімді шешпеген күйі, шәйға да бармай сол мезетте оқуға кірісіп кеттім.
Біздің үйде үлкен бір шкаф бар еді, іші толған кітап. Сол кітаптардың арасында жаныма жақын үш кітап бар еді. Біріншісі "Ол кім? Бұл не?", екіншісі Мұқағали атамыздың екі томдық өлеңдер жинағы. Өлеңдерді жаттай жүріп, кейін 3,4 сыныпта Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқудан, аудан бойынша бірінші орын алып, қуанып, содан бастап ары қарай өлеңдерімнің санын көбейтіп жаттай бердім.
Сол жарысқа барып жүріп, әңгіме жаттап, сол бойынша белгілі бір рөлді сомдап, қыз баланың сахнада атқа мініп ер азаматтың даусын сап, атты бұрып бері қарағанда апа кейпін салып, ойнап жатқандарға қатты қызықтым. Үйге келіп кітаптарды ақтарып көрсем, Бердібек Соқпақбаев ағамыздың әңгімелері рөл сомдауға икемді келеді екен. Әр әңгімесін жан дүниеммен ұғына жаттап, айнаға қарап ойнап үйрене бастадым. Кейін мектепте жарысқа қатысып, бірінші орын алып, бір мұғалім төмен балл қойып аудандық жарысқа өтпей қалдым. Мәселе орын емес, өзімді басқа қырдан сынап көргім келді, ұнады. Өзіңді сахнада қалай ұстау керектігін үйрендім.
Сегізінші сыныпта Гүлмайра деген қазақ тілден беретін апайым, шақырып алып, -биыл Абай оқуларына жарысқа қатысуға қалай қарайсың? Мен оқушым ретінде сені таңдадым, деді. Жарысқа аз ақ күн қалған еді, үлгермей қаламба деген қорқыныш болды. Үйдегілермен ақылдасып, әкем: -ақыры үйде есеп шығарғаннан басқа түк бітірмейсің, қатыс! деді. Келесі күні таң атысымен мектепке жүгіріп барып, Гүлмайра апайға қатысатынымды айттым. Ол кісі үлкен бір кітапты қолыма ұстатып -Іске сәт! деді. Аз күннің ішінде Абай атамыздың 64 өлеңін жаттап үлгердім. ....Таңғы төртте жаттаған өлеңдерімді бір бір рет қайталап, алтыға таман әкемнің шие түстес маздасымен жолға шықтық. Әр бір жол жүрген сайын, Хантәңірдің шыңдарына қарап, мен де бір күні осындай биік боламын деп өтетінім бар еді. Шыңдарға қарап, қазір барарда қандай қимыл істерімді ойлап барамын. Өлеңді жәй ғана жаттап айта салу емес, өлеңнің негізгі мазмұнын бет әлпет қозғалысымен, түрлі іс-қимыл, көңіл күй, тіпті көз жасыңды да шығарып көрсету керек. Жарыс болатын жерде, арт жағында оқушылар бір-бірімізбен танысып отырмыз, қазылар алқасы келіп шетінен қатысушыларды атап шақырып жатыр, кезек маған келді. Жүрегім дүрсілдеп, қобалжып шықтым. Алдарында тұрған тізімнің ішінен мен жақсы көретін "Қансонарда бүркітші шығады аңға" өлеңін сұрады. Қуанып кетіп, барлық қорқынышымды жеңіп айтып шықтым.
Сол сегізінші сыныпа Абай жолының бірінші томын оқып шықтым. Үйіміздегі сол кездегі ас бөлмеде жасыл диван бартұғын. Сол жерде үш күндік жолдың қызықтарын күліп бастап, 23 күннен кейін жылап аяқтадым. Үйде әкені сыйлау керектігін, сол кітапты оқығаннан анамның сөздерімен салыстыра отырып жете түсіндім. Көп тәлім тәрбиемен қоса сабырлықты, білімнің адам өмірінде өте маңызды орын алатынын, шыншыл адалдықты жоғары қою керектігін миымның бір бөлшегіне тоқып алдым.
Тоғызыншы сынып заңгер болам деп құқықтың баптарын жаттаумен, он мен он бірінші сынып физика мен математикадан есеп шығарумен өтті.
Бірінші курс. Біздің универде қазақ тілі болатынын естігенде таң қалдым, бір шетінен қуандым. Жайнагүл атты керемет ұстаз бізге түсті. Сабақ өту бағдарламасы өте жақсы жасалған екен. Қазақстанның түкпір түкпірінен келген біз, әрқайсымыз әр түрлі диалектпен сөйлейміз. Арасында өз тілін жетік білмейтін группаластарыма жаным ашитын еді. Көктемнің жайма шуақ бір күнінде жарыс болды. Сол жарыста мен Мұқағали атамыздың "Шеше" деген өлеңін мәнерлеп тұрып оқып беріп едім, группа ду күлді. Бір әзілкеш кеп, әзіл көрсетіп тұрғандай, іштерін басып алып, күлкілерін тия алар емес. Группаға қатты көңілім қалып, содан бері 4 жыл бойы өлең оқымай кеттім.
Ал кітаптардан Сесилия Ахерн, Агата Кристи, Zehra Erol кітаптарын оқып жүрмін. Тілімді дамыту үшін. "Кітап маған тақтан да қымбат" Шекспир. Менің өмірімде де әдебиеттің орны бір бөлек.
Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді. (Ғ.Қараш)

