Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру
ҚазҰУ-да АҚШ-та білім алу және "500 ғалым" бағдарламасы туралы білім форумы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Ақпараттық технологиялар факультеті, Компьютерлік ғылымдар кафедрасының ұйымдастыруымен "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" тақырыбында білім форумы өтті. Шара барысында Америка Құрама Штаттарында толық грант негізінде оқуға түсу, тағылымдамадан өту және "500 ғалым" бағдарламасы аясында білім алу мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды.
Форумның басты мақсаты — студенттер мен жас зерттеушілерге шетелде білім алудың жолдарын түсіндіріп, оларды жаһандық академиялық ортаға бейімдеу. Спикерлер қатарында шетелдік университеттерде оқып келген түлектер мен халықаралық тәжірибесі бар мамандар болды. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, құжаттарды дайындау, мотивациялық хат жазу, ағылшын тілі емтихандарына дайындық туралы нақты кеңестер берді.
Шара аясында түрлі мастер-класстар өтті. Қатысушылар халықаралық бағдарламаларға қатысуға қажетті дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгерді. Сондай-ақ АҚШ университеттеріне өтініш беру кезінде жиі кездесетін қателіктер мен оларды болдырмау жолдары түсіндірілді. Форумда жастардың белсенділігі ерекше байқалды — олар шетелде оқуға қатысты нақты сұрақтар қойып, мамандардан жауап алды.
Форумда "Болашақ" және "500 ғалым" мемлекеттік бағдарламаларының шарттары мен мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылды. Іріктеу талаптары, тағылымдама мерзімі, жетекші оқу орындарымен әріптестік орнату және ғылыми жобалармен жұмыс істеу секілді өзекті тақырыптар қамтылды.
Шара соңында ашық пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, студенттер мен жас мамандар өз ойларымен бөлісті. Форум қатысушылардың шетелде білім алу мен ғылымға бет бұруға деген қызығушылығын арттырып, нақты әрекетке бастайтын мотивация берді.
Авторлар: Кабдрахова С.С., Закарьянова Н.Б.
