Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

БІЗ ШӨЛМЕН КЕЛЕМІЗ

V тарау

БІЗ ШӨЛМЕН КЕЛЕМІЗ

Сонымен, біз тоғыз піл аттық. Бұлардың азу тістерін арамен кесіп алып, қосқа жеткізуге екі күн уақыт кетті. Олжамызды бірнеше миль төңіректен көрінетін зәулім ағаштың түбіне, құмға жасырдық.

Аңшылық ерекше сәтті болып, қыруар піл сүйегін қолға түсірдік. Сапасын айтсаңызшы. Мұндай тамаша сүйектерді көрген емеспін. Әрбір азу, орта есеппен, қырықтан елу фунтқа дейін тартады. Ал Хиуа байғұсты өлтірген алып пілдің азуы, біздің шамалауьімызша, жүз жетпіс фунттай еді.

Хиуаның өзінің денесін, дәлірек айтсақ, денесінің жұқанасын құмырсқа жегіштің ініне көмдік те, зұлыс рәсімі бойынша, басына о дүниеге барар жолда дұшпандардан қорғануға қажет боп қалуы мүмкін шолақ найзасын шаныштық.

Бұл сапардан тірі оралсақ, қоймамызды қайтар жолда қазып алармыз деген үмітпен үшінші күні жолға аттандық.

Басымыздан небір қиын да қызғылықты оқиғалар өткен ұзақ та азапты сапардан соң (көргеніміздің бәрін айта беруге уақыт тар) біз Луканга өзенінің маңына орналасқан Ситанди крааліне жеттік. Шын мәнісінде, біздің саяхатымыздың нағыз басталар жері де осы ара еді.

Бұл араға қалай келгеніміз жақсы есімде.

Оң қанатта – бірнеше жалбыр лашық пен мал қамауға арналған тас қоралардан құралған шағын ғана түземдік ауыл. Төменірек, тура өзен жағасында түземдіктер өздерінің болмашы егінін егетін бір жапырақ егістік жер бар. Одан ары әртүрлі ұсақ жан-жануарлар жайлаған, шөбі биік те бітік кең алаң – вельд1 көрінеді.

Ситанди краалі осы құнарлы өлкенің шекарасына орналасқан. Сол жақ қабақтан шетсіз, шексіз шөл дала басталады. Табиғат көрінісінің не себепті мұншалық шұғыл өзгергенін айту қиын, әйткенмен осыншама қарама-қайшылық кімді болмасын таңырқатарлықтай.

Қосымызды кішкене өзеннің жағасына, қырқаның басына тіктік. Қарсы қабақ – өзенге қарай құлай біткен тастақ беткей. Бұдан жиырма жыл бұрын Сүлеймен кенішіне жетпек болған ессіз әрекеті іске аспаған байғұс Сильвестрдің жығылып-тұрып еңбектеп өткен жері осы еді.

Құлама беткейдің ар жағы тікенекті тырбық бұталар өскен бетпақ шөлге ұласады.

Кеш батты. Үлкен, қып-қызыл, дөп-дөңгелек күн ұшы-қиырсыз, кең-байтақ, иен шөлді өзінің соңғы, түрлі-түсті шапақтарына малындырып, жайымен ұясына қонды.

Қоналқаға қажетті жабдықтарды реттеуді Гудтың үлесіне қалдырып, мен сэр Генриді біраз серуендеп қайтуға шақырдым. Екеуіміз қарсы бетке өтіп, қырқаға шықтық.

Алдымыз – сіресіп жатқан өлі шөл. Ауа тұнып тұр. Тап-таза. Қиыр көкжиекте Сүлеймен тауының қарлы шыңдарының сұлбасы бұлдырап, көзге шалынады.

Біраз уақыт екеуміз де үнсіз қалдық.

– Әне, – дедім мен, – әне, қараңыз, Сүлеймен кенішін қоршап тұрған тас бекініс осы. Жете аламыз ба, алмаймыз ба, тәңірге ғана аян!

– Менің інім сол арада болуға тиіс. Егер оның сонда екені анық болса, мен қайтсем де жетем, – деді сэр Генри сенімді де салмақты үнмен, өзіне тән шешімтал кейіпте.

– Қайтеміз енді, жолымыз болар деп үміттенейік, – дедім мен күрсініп.

1Вельд – Оңтүстік Африка далалары.

 

Қосқа қарай жүрмек боп кері бұрылғанда ғана аңдадым, біз оңаша емес екенбіз... Артымызда алыстағы тауға мелшие қарап, бекзада кейіпті зұлысымыз Омбопа тұр.

Өзіне менің назарым ауғанын байқаған Омбопа сэр Генриге қарады да (оның сэр Генриді аса жақсы көретінін мен бұрын да байқаған едім), қолындағы үлкен ассегайымен алыстағы тауды нұсқады.

– Сен бет алған ел – осы болғаны ғой, Инкубу? Инкубу – піл деген сөз; сэр Генриді түземдіктер өзара

сөйлескенде осылай атап жүрген.

– Мырзамен бұлай тұрпайы сөйлесуге қандай хақың бар! – дедім мен бұрқ етіп. – Түземдіктер бірін-бірі қалай атаймын десе де ерікті. Бірақ ақ адамды бетіне былш еткізіп мәжуси-лерге ғана тән сұмпайы атаумен атау – кешірімсіз қылық.

Зұлыс үнсіз күлді. Бұл менің жынымды одан ары қоздырды.

– Қазір өзім қызмет етіп жүрген көсеммен менің тең емес екенімді қайдан білдің? – деді Омбопа. – Әрине, мырзаның король тегінен екені түр-тұлғасынан да, сыр-сымбатынан да көрініп тұр. Бірақ мен де король нәсілінен боп шықсам қайтесің? О, Макумазан! Менің қызыл тілім бол! Айтар сөзімді менің мырзам әрі көсемім Инкубуға жеткіз! Мен онымен сөйлескім келеді. Сенімен де сөйлескім келеді.

Мен бұрын-соңды түземдіктердің өзіммен бұлай сөйлескенін көрмегем, сондықтан Омбопаға қатты ашуландым, әйткенмен де, оның кескін-келбетінде өзін қасиет тұтуға мәжбүр етерлік, маған мүлде түсініксіз бірдеңе бар еді. Және оның бізбен дәл не турасында сөйлескісі келетінін білуге құмарттым.

Сол сәтінде-ақ Омбопаның айтқан сөздерін сэр Генриге аударып бердім. Өз тарапымнан түземдіктің тым бейбастақ екендігі туралы пікірімді айттым, оның мұнша тұрпайы мінез көрсетуі – кешіргісіз қылық дедім.

– Иә, Омбопа, – деді сэр Генри өзінің салмақты қалпынан танбастан. – Мен сол елге бармақпын.

– Шөл – ұзақ, әрі жолда тамшы су жоқ. Тау – биік, қарлы, мұзды, – деді Омбопа. – Артына күн жасырынған биік таудың ар жағында не бар екенін тірі жан білмейді. Сонша қиянға қалай жетпексің? Сонша қиянға не іздеп барасың?

Мен тағы да аудардым.

– Мынаны айт, – деді сэр Генри. – Бара жатқан себебім, менімен қандас адам бұдан көп бұрын сол жаққа кеткен болуға тиіс деп шамалаймын. Сол кісіні іздеп табуым керек.

– Сен шын айтасың, Инкубу. Осында келе жатқанда мен бір готтентотпен кездестім.Ол бұдан екі жыл бұрын бір ақ адамның ана тауды бетке алып, шөлге кеткені туралы айтты. Қасында қызметші аңшысы бар екен. Олар сол кеткеннен мол кетіпті.

– Ол кісінің менің інім екенін қайдан білдің? – деді сэр Генри.

– Мен мұны білмеймін. Бірақ готтентоттан әлгі кісінің түрі қандай еді деп сұрағанымда оның көзі сенің көзіңдей екенін және қара сақалы барын айтты. Қасына ерткен аңшысының аты Джим екен. Бечуан тайпасынан. Үстіне киім киген.

– Ақ адамның сіздің ініңіз екеніне күмәнім жоқ! – дедім мен жұлып алғандай. – Мен Джимді жақсы білетінмін.

Сэр Генри ойға батқан қалыпта үнсіз бас изеді.

– Бұған өзім де сенімді едім, – деді ол. – Джордж – қайсар адам. Ниет еткен ісінен ешқашан да бас тартпайды. Бала кезінен сондай. Сүлеймен тауынан ары асуды ойға алғаны анық болса, дәл солай еткені де анық; әрине, жолай пәле-қазаға ұшырап қалмаса. Сондықтан біз оны таудың арғы жағынан іздеуіміз қажет.

Омбопа ағылшынша аз-маз түсінетін, бірақ бұл тілде өте сирек сөйлейтін еді.

– Бұл – өте ұзақ жол, Макумазан, – деді ол. Мен бұл сөздерді де аудардым.

– Иә, – деді сэр Генри. – Жол – алыс. Бірақ өзінің бар күш-жігерін жұмсаса, әлемде адамзат ұшығына жете алмайтын жол жоқ. Ізгі сезім жетегіне ерген адамның жеңіп алмас бөгеті болмайды, Омбопа. Ол асып түспес асқар тау, ол басып өтпес бетпақ шөл жоқ; алынбас бөгет тек қиялда ғана ұшырауы мүмкін. Кеудесін кернеген ізгі сезім жолында адам ешбір қиындықтан тайсалмайды, ештеңеден именбейді, егер тағдырдың жазуы солай болса, ол бұл жолда өмірін қиюға да әзір.

Сэр Генридің сөздерін Омбопаға аударып бердім.

– Ұлағатты сөздер айттың, әкетайым менің! – деді зұлыс (зұлыс еместігіне қарамастан мен Омбопаны үнемі осылай атаймын). – Нағыз ер жігіттің аузынан шығуға лайық, асыл да асқақ сөздер айттың! Сөзіңде жалған жоқ, менің әкем Инкубу! Тыңдашы мені! Өмір деген не? Өмір – қалбалақтаған қауырсын, шашылған дән, домаланған қаңбақ, жел қалай айдаса, солай қарай жүре береді. Кейде ол бір орынға тұрақтап, өсіп, өркен жаяды, сол арада өледі. Кейде шырқап аспанға ұшады. Егер ол асыл дән болса, өзінің маңдайына тағдыр жазған сапарда жолай аял жасауы мүмкін. Желмен жарыса, желмен алыса отырып, сонша жол жүрген, сол жолда қалаған жеріңде аял жасаған қандай жақсы! Адам өлмек үшін туған. Өлімнің ертесі не, кеші не! Сенімен бірге шөлді басуға да, таудан асуға да әзірмін, ақтық деміме дейін қасыңда болам, әкетайым менің!

Ол сәл бөгелді де, қызу сезім үстінде шешен тілмен тағы да төпелете жөнелді. Жалпы, зұлыстар кейде бір айтқанын орынсыз қайталап, сөздің дәмін кетіріп алатыны болмаса әдемі де шешен сөйлей біледі. Мұның өзі бұл тайпаның қабілеттілігін, ақындық өнерінен мақрұм қалмағандығын танытса керек.

– Өмір деген не? – деді Омбопа сөзін сабақтап. – О, ақ адамдар, айтыңдаршы, қане! Сендер данасыңдар, ғаламдағы барлық құпия сендерге мағлұм, жұлдыздардың сыры, тұңғиық аспанның сыры сендердің алақандарыңда; сендер көз көрмес, құлақ естімес қиянда жатып, біріңмен бірің қатар тұрған жандардай сөйлесе аласыңдар. О, ақ адамдар, тіршіліктің сырын ұғындырып беріңдерші маған: қайдан атады бұл өмір шырағы және қай тұңғиыққа батып жоғалады? Сендер бұл сауалға жауап бере алмайсыңдар. Өйткені бұл – сендерге күңгірт жай. Ал тыңдаңдар, сендер білмесеңдер, мен айтайын. Біз тылсым қараңғылықтан шықтық, сол тылсым қараңғылыққа батып жоғаламыз. Алай-дүлей дауыл тықсыра айдаған құстай біз Меңіреуден ұшып шығамыз. Алаулаған от жарығында біздің қанатымыз бір сәт қана жарқ етіп көрінеді, біз қайтадан сол Меңіреуге ораламыз. Сондықтан өмірде мән-мағына жоқ, өмірде құн жоқ, сондықтан өмір сырлы, өмір күйлі, өмір қымбат. Өмір – Ажалды аз уақытқа болса да кеудесінен итеріп, тоқтатып тұрған қуатты қол. Өмір – түнде жарқырап көрініп, таң ата өңінен айрылған жалтыр қоңыз. Өмір – қыстыгүні өгіздердің танауынан бұрқыраған ақ бу, өмір – күн бата қараңғылықпен ұласып жоғалған әлсіз көлеңке.

– Сіз қызық адамсыз, Омбопа, – деді сэр Генри зұлыс өзінің қыза сөйлеген ұзақ сөзін тәмамдаған соң.

Омбопа күлді.

– Екеуміз бірімізге-біріміз өте ұқсайтын тәріздіміз, Инкубу. Бәлки, мен де ана таудың ар жағынан бауырымды іздеп тапқым келетін шығар.

Мен зұлысқа шүбәлана қарадым.

– Бұл сөзбен не айтқың келеді? – дедім мен. – Бұл тау туралы не білесің?

– Білетінім аз, өте аз, – деді Омбопа. – Бұл таудың арғы бетінде ғажайып жұрт бар деседі; құпия сыр мен алапат сиқыр жайлаған, ержүрек жауынгерлер мекендеген, өлкесі құнарлы, өзені арынды, таулары биік, баулары бітік ел болса керек, ақ шаңқан жол басып өтетін жер болса керек. Солай да солай екен дегенді құлағым шалғаны бар. Бірақ қазбалап қажеті қанша. Кеш батып барады. Тағдыр жазған адам ол елді өз көзімен-ақ көреді.

Менің күмәнім күшейе түсті. Бұл адамның бірдеңе білетіні анық еді.

– Менен қорықпай-ақ қой, Макумазан, – деді Омбопа маған қарап. – Мен сенің жолыңа ор қазбаймын. Менің көңілімде ешқандай арамдық жоқ. Егер түптің түбінде күннің арғы бетінде тұрған анау сеңгір таулардан асар болсақ, мен бар білгенімді алдарыңа жайып салам. Алайда бұл таулардың шыңына Ажал ұялаған. Асау ойды ақылға жеңдіріңдер, баспаңдар олай қарай. Менің абзал мырзаларым, кері қайтыңдар, піл аулаңдар. Айтарым осы.

Сөзін тәмамдасымен, қоштасу ишаратын жасап, найзасын көкке көтерді де, кері бұрылып, қосқа қарай жіті басып, аяңдай жөнелді.

Біз де көп бөгелмедік. Келсек, Омбопа қатардағы қызметші кафрларша мылтық тазалап отыр екен.

– Қандай қызық адам! – деді сэр Генри.

– Іс-әрекетінің бәрі оғаш, – дедім мен оны қостап. – Мінез-құлқы күмәнді. Өзі бірдеңе біледі, тек айтқысы келмейді. Әйткенмен араздасуымыздың орны жоқ. Бізді талай құпия, талай ғажайып күтіп тұр, соған орай қызметші зұлысымыздың да ерекше сырлы болғаны теріс емес.

Ертеңіне жол қамына кірістік.

Мылтық атаулыны және әртүрлі керек-жарақ жабдық-тарды осындай шөлде арқалап жүру, әрине, мәнсіз іс болар еді. Хамбалдарымызбен есеп айырыстық та, таяу маңда тұратын бір кафрмен келістік. Ол біз қайтып оралғанға дейін дүние-мүлкімізді қарауылдай тұруға тиіс болды. Осындай кәззапқа тамаша мылтықтарымызды тастап кетеміз-ау деген ойдың өзі менің жүрегімді паршалағандай еді.

Мылтықтарды көрген бетте-ақ көздері жайнап кеткен кафрдың арам пиғылы бірден танылды. Алайда бізде басқа амал жоқ-ты. Сондықтан мен сақтық шараларын жасадым.

Ең алдымен мылтықтарды түгел оқтап, бәрінің де құлағын қайырып қойдым. Қолыңа ұстасаң болды, атылады дедім кафрға.

Кафр сол сәтінде-ақ сөзімнің ақиқаттығын тексермек боп, менің қосауызымды қолына алды. Әне жер, мына жерін сипалап тұрғанда шүріппеге қолы тиіп кетті де, мылтық тарс етіп атылды. Оқ кафрдың краальға қарай беттеп бара жатқан өгіздерінің бірін жалпасынан түсірді, мылтықтың дүмпуінен кафрдың өзі де ұшып кетті. Атып тұрып, дүниеқоңыз шал өгізін төлеуімді талап еткені.

Әрине, онысынан ештеңе шықпады.

Өзінің де зәресі зәр түбіне кетсе керек, енді қайтып мылтықтың маңынан жүрмеймін деп ант-су ішіп жатыр.

– Мына жаны бар сайтан темірлеріңді шөп-шаламның арасына жақсылап тық, – деді ол. – Әйтпесе, бәрімізді бірдей қырып салатын түрі бар!

Шалдың жоққа нанғыштығын пайдаланып, егер әлдебір нәрсе жоғалса, өзіңді бүкіл туған-туысқан, үрім-бұтағыңмен қоса сиқырлап өлтірем деп одан ары қорқытып қойдым. Біз жолда қаза тапқан жағдайда да иесіз қалды екен деп мылтықтарды алуға болмайды, онда күндіз де, түнде де көресіні менің аруағымнан көреді-мыс.

Содан соң мен бұл сұмды бар байлығыңды дуалап тастаймын, мал атаулы құтырады, ақ атаулы татиды, сенің өзің жаннан түңіліп, өмірден безуге асық боласың деп қорқыттым. Онымен де тоқтағам жоқ. Мылтықтың ішіндегі барлық сайтандарды босатып қоя берем, тіл табысып сөйлесе жатарсыңдар дедім.

Не керек, егер біздің дүние-мүлкімізге қасастық жасаса, көрген күні не болатынын жеткізіп-ақ айттым. Осыдан соң сақалды сұмырай біздің бар қару-жарақ, мүкамалымызды атасының аруағын сыйлағандай қорғаштамақ болып ант ішті.

Кафрмен тиісті келісімге келіп, артық-ауыс жүктен арылған соң, біз өзіміздің бұдан арғы саяхатымыз үшін ең қажетті жабдықтарды іріктеп алдық.

Жүгімізді жеңілдетуге қанша тырысқанымызбен, кісі басы қырық фунттан арқалауға тиіс болыппыз. Біз алған нәрселер мынадай еді:

“Экспресс” үлгісіндегі үш винтовка, екі жүз патронымен. “Винчестер” үлгісіндегі магазинді екі винтовка (Омбопа мен Вентфогельге), оған екі жүз патрон.

Үш “кольт” револьвері, алпыс патронымен.

Бес жанторсық құты, әрқайсысының сыйымдылығы төрт пинтадан1.

Бес көрпеше.

Жиырма бес фунт сүр ет.

Жалпы салмағы он фунт тартатын әдемі моншақтар (сыйлыққа), ішіне ең қажетті деген дәрі-дәрмек, бір унция хинин және шағын хирургиялық аспаптар салынған кішкентай дәрі-дәрмек салатын қобдиша.

Бұл жүкке қоса әрқайсысымызда құбылнама, сіріңкелер, қалта фильтрі, темекі, кішкене күрек, бір шөлмек бренди және басқа ұсақ-түйек бар еді. Айтпақшы, үстіміздегі киімдерді де жүк есебіне жатқызу керек.

Мұншама ұзақ, мұншама қатерлі сапар үшін, әрине, осының бәрі аздық ететін. Алайда артынып-тартынуға батылымыз бармады, бір адам үшін қырық фунт та аз жүк емес. Отша жанып тұрған құм басқан шөлде жүк арқалап жүру оңайға түспейді, мұндайда мысқалдың өзі батпандай көрінеді.

Қанша тырысқанымызбен, біз жүгімізді бұдан ары азайта алмадық, өйткені ең қажетті деген нәрселерді ғана алған едік.

Бізді саяхатымыздың алғашқы бөлігі – жиырма миль жерге дейін шығарып салуға қаншама үгіттеп, құдай атқан үш кафрды әрең көндірдім. Бұлардың әрқайсысы ішіне бір галлон су құйылған бір-бір қауақ көтеріп жүруге тиіс еді. Ақысына үшеуіне үш аңшы пышағын сыйламақ болдым. Осындай амалмен алғашқы түнгі сапардан соң-ақ (біз аптап ыстықтан қашып, күндізгімен салыстырғанда қоңыржай ауалы түнде жол жүрмек едік) су қорымызды толықтырып алмақ болдық.

Кафрларға шөлге түйеқұс аулауға барамыз дегенді айттым (шынында да, шөлде түйеқұс көп еді). Олар жауап орнына былдырласып, ананы бір, мынаны бір сөз етті; иықтарын қиқаңдатты, есі дұрыс емес адам ғана шөлге аттанады, ал

1Пинта – 0, 56 литр.

олай қарай аттанған адам тірі қайтпайды десті. Бұлары шындыққа жақын, әбден ықтимал нәрсе еді. Әйткенмен бұл өлкеде аса сирек кездесетін, тіпті арман, қиял тәрізді ғана көрінетін темір пышақты қалайда қолға түсіргісі келген кафрлар ақыры бізбен бірге алғашқы жиырма миль жерге жүруге келісті; пышағын алсақ болғаны, одан ары өлмесе, өме қапсын деген болуы керек.

Ертеңіне біз күнұзақ ұйықтадық, дем алдық.

Күн бата тұрдық та, жас етке сылқия тойып алдық, қою шай іштік; шай үстінде Гуд жабырқаңқы дауыспен бұдан ары енді қанша уақыттан кейін шай ішеріміз бір тәңірге ғана аян дегенді айтты. Содан соң, саяхатымыздың ең ақырғы қамын жасап, керек-жарақтарымызды ретке келтірдік те, ай туғанша қайтадан жаттық.

Ақыры, сағат кешкі тоғыздар шамасында жарқырап әсем ай да туды. Күміс шапақ төбеміздегі жұлдыз басқан, тылсым буған аспанмен үндесіп, көз жеткісіз жерге дейін керіліп жатқан иен шөлді ақ нұрға шомылдырды.

Тегіс орнымыздан көтерілдік, алайда бейнебір екі ойлы боп толқып тұрған жандардай, қозғалмай тұрып қалдық: менің ойымша, тайғақ кешулі қиын жолға аттанар алдында қашанда адамның көңілін күмән жайласа керек.

Біз – ақ түсті үш адам, аулағыраққа шықтық. Алдымызда, анадай жерде, иығына мылтық асынып, қолына ассегай ұстаған Омбопа тұр, меңіреу шөлге қасқая қарап, мелшиіп қалған. Вентфогель мен жалдамалы кафрлар қауақтарын құшақтап, ұйлығып арт жағымызда олар тұр.

– Мырзалар! – деді сәл үнсіздіктен соң сэр Генри өзінің үнді, қоңыржай даусымен. – Біз бұдан бұрын адам баласы ниет етіп көрмеген дерліктей ғажайып саяхатқа аттанғалы тұрмыз. Сапарымыздың сәтті аяқталуы екіталай. Біз үшеуміз. Осы үшеуіміздің алда тұрған барлық қиындықтар кезінде, қандай сынға ұшырамайық, ақырғы деміміз біткенге дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақты болатынымызға кәміл сенем. Ал қазір, жолға аттанар алдында тәңірге құлшылық етейік. Дүние жаратылғаннан бері адам атаулының тағдырын шешіп, оның жолын сызып беріп отырған құдайдың құдіретінде шек жоқ. Бар өмірімізді жаратушы иеміздің еркіне тапсырайық, бізді пәле-қазадан сақтасын, тура жолға бастасын!

Сэр Генри қалпағын алды да, екі минуттай мінәжат етті. Гуд екеуміз де сөйттік.

Аңшы атаулыға тән мінез болса керек, мен жан-тәніммен құлшылық ете алмаймын. Ал сэр Генриге келсек, ол – өте діндар адам болса керек; рас, бұл жолғы сөз, бұл жолғы қимыл осыдан соң бір-ақ рет қайталанды, әйткенмен де мен солай ойлаймын. Балағат сөзге бейім тұрғанымен, Гуд та өте діндар еді. Қалай болғанда да мен осы жолы тәңірге шын сыйындым. Дәл бұлай бұрын-соңды ешқашан сыйынбаған шығармын.

Мінәжат етіп болған соң жаным жеңілейіп, көңілім көтеріліп қалды. Рас, болашағымыз күңгірт еді, алайда құпия сырлы дүлей құбылыстардың барлығы да пендені өзінің жаратушы иесіне жақындастыра түссе керек.

– Ал, – деді сэр Генри. – Аттанайық енді!

Біз кідірмей жолға шықтық. Шындығында, біз жөн-жобасыз, құр қармалануға тиіс едік. Алыста бұлдыраған тау мен жартылай ақылынан алжасып, өлім халінде жатқан шал Хозхе да Сильвестраның бұдан үш жүз жыл бұрын бір жапырақ матаға сызған картасынан басқа жолбасшылыққа алар ештеңе бізде жоқ. Тіпті сол бір жапырақ шүберектің бетіндегі сызықтардың өзі көңілге күмән ұялататын, ал бұл – біздің үміт артар басты тірегіміз еді.

Картадағы “Борсыған қарасу” деген жерді таба аламыз ба, таба алмаймыз ба – менің ең басты күмәнім осы еді. Кәрі португалдың көрсетуінше, су – шөлдің қақ ортасында. Ситанди краалінен алпыс миль, Сау-ханша тауынан алпыс миль шамасында.

Егер бұл суды таба алмасақ, біз, сөз жоқ, қаталап өлуге тиіспіз. Ал құм мұхиты мен тікенекті қалың бұталардың арасынан кішкене ғана қарасуды іздеп таба қоямыз деуге тағы қисын жоқ. Тіпті да Сильвестра тұрған орнын дәл көрсеткен күннің өзінде үш жүз жыл ішінде ол су аптап ыстықтан құрғап кетпеді ме екен? Аң таптап, жайдақталып, өзінен-өзі жойылса ше? Көшпелі құм басып қалса қайтеміз?

Меңіреу түн құшағында тобығымыздан құмға бата, баяу жылжып, үн-түнсіз келеміз. Адам емес, адамның көлеңкесі тәріздіміз. Жылдам жүру мүмкін емес, аяқ алу ауыр, оның үстіне аттаған сайын тікенек бұталарға сүріне жаздаймыз. Қоныштан асып төгілген құм аяқкиімдеріміздің ішіне толып кетеді. Біраз жүрген соң амалсыз тоқтаймыз: біз вельдскунімізді шешеміз, Гуд аңшы бәтеңкесін сыпырады; құмын қағып, аяқкиімдерімізді қайта киеміз.

Түнгі қоңыр салқын леп шөлдің қапырық ауасына жан бітіргендей еді, жолдың ауырлығына, аялдың көптігіне қарамастан жүрісіміз өнімді болды. Бірталай жер ұтып тастаппыз.

Төңірек – көңіл жабырқатар тылсым тыныштыққа бөленген. Гуд “Үйде қалды сүйгенім” дейтін өлеңді ысқырып айтып, біздің көңілімізді көтермек болған еді, ән әуені өте мұңды әрі түнеріңкі естілген соң қоя қойды.

Көп ұзамай, алдымен бәріміздің зәремізді ұшырған, артынан тегіс шегімізді қатырған бір қызық оқиға болды.

Гуд қолына құбыланама ұстап (теңізші болғандықтан ол құбыланама жайына бәрімізден жетік еді) алға озды. Өзгеміз ұзыннан-ұзақ шұбырып оның соңынан еріп келе жатқамыз. Кенет Гуд баж ете түсті де, ізім-қайым жоқ болды. Сол сәтінде-ақ төңірегіміз пысқырған, шұрқыраған дыбысқа толып кетті, әлденелер жер топырлата дүркірей қашып, ұзап бара жатты. Көзге түртсе көргісіз қараңғы болғанымен, біз құмды көкке бората шапқылап, қарақұрым боп бара жатқан әлдеқандай бір ғажайып жануарлардың сұлбасын аңдап қалғандай едік.

Түземдіктер өздері арқалаған жүктерін тастай-тастай салып, тұра қашпақ еді, пәледен құтыла алмасын байқаса керек, жерге етпеттерінен жата-жата кетіп, жынның ойнағына тап болдық деп бақырып, шулап қоя берді.

   
0
0
627

Еще по теме

БІЗ ШӨЛМЕН КЕЛЕМІЗ - Yvision.kz