БІРІҢДІ ҚАЗАҚ БІРІҢ ДОС...

«Тенгри нюс» басылымының хабарлауынша (19.01.2017 ж.) Қоңыраттың қыздары туралы ФБ-да біреудің жазған жағымсыз пікірі ұнамай, оған жауап ретінде дулаттар туралы жаман комментарий жазғаны үшін Оңтүстік Қазақстанның облыстық соты бір азаматқа екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын беріпті (ҚР ҚК 174-б.). Мен бұл екі азаматты танымаймын да, жазғандарын оқыған да жоқпын. Бірақ ғаламтордан бір рудың екінші бір ру туралы жазған жаман сөздерін теріп, иелерін тауып соттай беретін болсақ, соңы не болады? Бұл мәселенің шешімі емес, мұндай шара керісінше ушықтырып жіберуі де мүмкін. Сендер біздің азаматымызды сотқа бердіңдер деп, ертең олар дулаттармен ерегеседі, сөйтіп ары қарай жалғаса береді. «Сот дулат болған ғой» - деп жазып жатыр қазірдің өзінде-ақ. Өзі аз қазақ осындай үшін бір-бірін сотқа сүйрегенде не ұтады? Ру тақырыбы күнде болмаса да қазақтар арасында жиі қозғалады. Руға қатысты айтылған мәселе бойынша іс қозғай беретін болсақ, әр мекемедегі адамдар жұмысты қойып, соттасып жүретін шығар. Біреулер ғылым мен техникадағы түрлі жетістіктерін паш етіп жатқанда рулық қырқылжыңмен жүргеніміз елдігімізге ұят қой.
Кім білсін, бұл мүмкін рулық аурулары асқынып кетіп, әр мәселеге тек сол тұрғыда ғана қарайтын, өзінің руын данышпан, қалғандарын оңбаған көретін дертке шалдыққандарға сабақ болатын шығар.
Абайдан артық айта алмаймыз.
«Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға, татулас» - дейміз.
Сурет: https://vk.com/album-12003611_105732867 Қазақ руларының таңбалары.
