Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

БІР ЖАРЫМ АПТА ІШІНДЕ СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ КӨПБАЛАЛЫ 31 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Жарты айдың ішінде барлық қызметтер мен бөліністердің қызметкерлері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге барып олардың барлығына қолдан келерлік көмек көрсетті.

Акция ақпанның 18-і мен 28-і аралығында өткізілді. СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Берік Біләлов қызметкерлерге Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, асырауында мүгедек балалары бар отбасыларға, ІІО ардагерлеріне және барлық мұқтаж азаматтарға ерекше көңіл бөлуге тапсырма берді.

Алғашқылардың бірі болып акцияға облыстық Полиция департаменті Жылдам әрекет ететін арнайы жасағының инспекторлары қосылды. Олар Комсомольская көшесінде жер үйде тұратын жалғызбасты зейнеткер әжейге көмек көрсету туралы бірауыздан шешім қабылдапты. Арнайы жасақтың инспекторы Ринат Рахимовтың айтуынша, оған көршілес орналасқан үйде 63 жастағы зейнеткер тұрады екен. Ринат зейнеткердің ауласындағы қарды тазалап тұратынын айтты. Соңғы күндері қардың көп түскенін көріп, инспектор өзінің әріптестерін шақырыпты. Олар қуана келісіп, мекенжайға келіп, айналасы бір-екі сағаттың ішінде зейнеткердің үйіне іргелес жерді қардан тазартып тастады. Көктем жақын қалғандықтан, сақшылардың қолғабыстылық танытуы қарттарға үлкен көмек болып отыр.

Облыстық Полиция департаменті Арнайы даярлық басқармасының қызметкерлері Победы көшесіндегі бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқан отбасы мүшелеріне мекерелік көңіл-күй сыйлады. Отағасы Манап Серікбаев жалғыз өзі төрт баланы тәрбилеп отыр. Мереке қарсаңында офицерлер азық-түлік пен басқа да қажетті заттар әкеліп, балаларды қуантты. Қызметкерлер жағдай сұрасып, балалармен естелік суретке түсті.

Әкімшілік полиция басқармасының офицерлері де акциядан қалыс қалмай, Петропавл қаласының солтүстік бөлігінде тұратын Мақашевтар отбасына барды. Бұл отбасыда алты бала тәрбиеленуде. Үйдегі балаларға арнайы базарлықтарын да ала келіпті. Ал, жергілікті полиция қызметі басқармасынан келген әріптестері Ойқала ауданында тұратын Пипустардың отбасына барды. Сақшылар балаларға киім-кешек, азық-түлік, отын әкелді. Отанасы Татьяна Пипус отағасы екеуі жеті бала тәрбиелеп отырғандарын айтты. Үлкендері – 15-те, мүгедек, ал ең кішкентайлары – 6 айлық екен. «Полиция департаментінің қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бұл біз үшін үлкен көмек», - дейді Татьяна.

Дәл осылай облыстық және қалалық полиция ведомстволарының қызметкерлерімен қаланың түрлі аудандарында тұратын мұқтаж отбасылар мен зейнеткерлерге көмек көрсетілді. Барлық он үш аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері де белсенділік танытты. Олар ауылдар мен аудандардың орталықтарындағы көп балалы отбасыларға барып, киімдер, ойыншықтар, азық-түлік пен отын жеткізді. Жалпы, өңірдің тәртіп сақшылары 11 күнде 31 мұқтаж отбасыға көмек көрсетті. Акция барысында интернаттарда тұрып жатқан балалар да назардан тыс қалмады.

Полиция департаментіндегі Әйелдер кеңесінің бастамасымен көпбалалы полицейлердің отбасыларынан шыққан балаларға арнап Кинологиялық қызмет орталығына және патрульдік полиция батальонының кавалериялық взводына экскурсия ұйымдастырылды. Балаларды олардың ата-аналарының жұмыс істейтін орындары қызықтырды. Бүлдіршіндерге қызметтік-іздестіру иттерін, кавалерия бөлімшесінің жылқыларын бағып-қағу жағдайы көрсетілді. Сондай-ақ, олардың алдында полицияның төрт аяқты көмекшілері өз өнерлерін көрсетті. Бұдан балалар үлкен әсер алды.

СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев айтып өткендей, қайырымдылық акциясы бір реттік қана емес. Полиция департаментімен жыл бойы көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарланған.

СҚО ПД баспасөз қызметі

http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN

0
0
504

Еще по теме

БІР ЖАРЫМ АПТА ІШІНДЕ СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ КӨПБАЛАЛЫ 31 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ - Yvision.kz