kk
Default banner
Разное
426 450 постов45 подписчиков
Всяко-разно
2

БІР ТАҒДЫР, БІР МҰРАТ

3 наурыз Қазақстан Республикасы Ұлттық  кітапханасының  Назира Дәулетова атындағы залында белгілі қаламгер, ұйғыр жазушысы Дүрнəм Мəшүрованың "Ана мирасы" ("Завещание Матери") атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Шараға мемлекет жəне қоғам қайраткері Мұрат Əуезов, кітапты қазақ тілінде сөйлеткен Дəулетбек Байтұрсын, редакциялаушы Əшім Құрбанов, филология ғылымдарының докторы, əдебиетші Гүлжахан Орда, драматург Ахметжан Аширов, Қазақстанның Халық əртісі Жəния Əубəкірова, "Яшлык" тобының негізін қалаушы Мұрат Ахмадиев сынды майталмандар қатысты.

Шара жүргізушісі Еркін Өтелбай көпшілікті жазушы шығармасымен таныстырып, кітаптан үзінділер оқылды. Қаламгер ұлы Давид Машуров еңбектің негізгі мақсаты ұлттық құндылықтарды дəріптеу екендігін айтып өтті. Артынша сөз бастаған мəдениеттанушы, асылдың сынығы Мұрат Əуезов: "Еңбектің тарихи маңызы зор. Оқырман ретінде өте жоғары бағалап отырмын. Өте құнды əдеби туынды жарық көрген. Дəлел - кітаптың өзі. 100 жылдық тарихты қамтитын еңбекте реализм де, мифология да бар. Үлкен қуанышқа куə болып отырмыз. Кітаптың келешегі зор, оған шек келтірмеймін",-деп жоғары баға берді. Жазушы, драматург Ахметжан Аширов: "Еліміз бір, ұлтымыз, мақсатымыз бір. Еңбектен түркі халықтарына ортақ мəдениет, бірлікті байқаймыз. Өмірлік тәжірибеден туған тың туынды түбі бір халықтардың ынтымағын одан ары нығайтуға септігін тигізеді",-деді. Шараның кезекті бөлімі сұхбат аясында өрбіді. Қаламында тарих пен уақыт бедері бар Жұмабек Табын, Дəулетбек Байтұрсын жəне Альфабанк PR директоры Аида Досаевалар пікірлерін ортаға салды.

Шара соңына таяған тұста Мұрат Мұхтарұлы, Ахметжан Ашировтар кітаптың тұсауын кесіп, еңбек авторы Дүрнəм Мəшүрова: "Аталған еңбекте соғыстан кейінгі баршамыз өткерген ауыр жылдарды бар ақиқатпен жазуға тырыстым. Сонымен қатар, жалпы түркітілдес халықтар мәдениетінен сыр шерттім. "Ана мирасын" жазудағы негізгі мақсатым да осы еді",-деп аяқтады сөзін. Шара соңында көпшілік қаламгермен естелік суреттерге түсіп, қолтаңба алды. Тағылымы мол шара Дервиши тобының əнімен əрленіп, көпшілік жиылған ақ дастарханнан дəм татты.

МӘЛІМЕТ.  Дүрнəм Мəшүрова - ұйғыр халық жазушысы, ақын,  Дүниежүзілік жазушылар қоғамдастығының белді мүшесі. Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Үлкен Шыған ауылында 1943 жылдың 8 наурызында дүниеге келген. Поэзия мен прозаны тең дəрежеде жазатын қаламгер түркітілдес халықтарға ортақ мəдениетті дəріптеп, ХХ ғасырдан бері əйелдер бастан кешкен əдəлетсіздікті ашына жазады.  "Өзіңе сенемін", "Ана мирасы" сынды туындылары Аризона мемлекеттік университетінде оқу құралы ретінде қолданылып, Лондонда өткен аударма еңбектер байқауында І орынға ие болған. Бүгінде ақын өлеңдері өнерде өзіндік орны бар "Дервиши" тобының репертуарында орындалып жүр.

 

Арай ЖҰМАТАЙ,

əл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

журналистика факультеті, І курс