Перейти к содержимому

Бхагават гита, Андраш Биро, Көтен хан және қазақ даласы

Бүгінгі постым ұзақтау, сондықтан егер оқып отырған болсаңыз кішкене шыдамдылық танытыңыз.

Әңгіменің әлқиссасын өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғынан бастайын.

Жариялылық деген заман уақыты, көзіміз енді ашылып жатқан кезең, содан бір күні қолыма "Арай" деген журнал түсті және журнал ішіндегі йога туралы мақала қызығушылығымды арттырды. Оқып іздене бастадым, журналда көрсетілген адрес бойынша олармен байланыс жасадым, олар йогадан кейін "Бхагават гита" деген кітабын оқуға кеңес берді, айналып келгенде бұлар кришнайттар екен. Бұл туралы неге айтып отырмын, әрине дін еркіндігі әркімнің өз мәселесі, бірақ шетелден келіп жатқан діл мен мәдениетке қатысты әрбір нәрсені байыбымен барып қана қабылдау керек екен. "Оның артында не тұр, не айтқысы келеді" дегендей. Бақсам «баққаным бақа екен» дегендей, йоганың артында Бхагават гитасы тұр, оның ар жағында өздерінің (үнділердің) діндері жатыр, одан әрі Сіз оларды насихаттайын біреу болып шығады екенсіз. Құдай тек сана берсін!

Енді, әңгіме төркінін басқа ауанға аударайын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Венгриядан 27 адам келіп Астанада кезіндегі Мажар (мадияр) мәдениетінің үлгісін көрсетті, жауынгерлік өнерінен үзінді берді. Этноауылда өткен шара қызықты болды, әсіресе көшпелі елдің ұрпағы - біздерге ат үстіндегі соғыс өнерінің көрсетілімдері делебемізді қоздырды. Алайда, оларға дейін қандастарымыз көрсеткен ұлттық ойындарымыз - теңге алу, қыз қуу, ат үстіндегі жігіттік өнерлер олардың (венгрлердің) ойындарынан асып түспесе кем болған жоқ. Тек кемшін тұсы - насихатталуы аз ба екен деп қалдым. Бұл айналып келгенде, әрине олардың да өздерінің мәдениеттерін көрсету арқылы біздің бір осал жерлеріміз арқылы тамырымызды басу ғана. Әрине, туыстық қатынасымызды, олардың мың жыл бұрын қазақ-башқұрт жерінен кеткенін жоққа шығармаймыз, бірақ олардың қолынан біздің де байрағымызды көре алмадық, әдетте мұндай шараларда қатар жүруші еді?!

Сол делегация құрамында Кейкі батыр бабамыздың басын қалпына келтірген Андраш Биро деген ғалым бар, онымен танысудың да сәті түсті, өзі Мажар-Тұран қорын басқарады. Еуропа ортасындағы Паннония жазығынан келген кезіндегі көшпелілер ұрпағының ендігі бағыты Торғай өңірі. Мұнда олар қазақтың Орта жүзі ішіндегі Арғын тайпасының Мадияр атты руының өкілдері тұратын Саға (Қызбел) ауылында ұланасыр той жасамақшы екен. Шараны Торғай қаласында, содан соң аталған ауылда өткізуді жоспарлаған.

Олардың айтуынша - Торғай мадиярлары венгрлер кезінде Еуропаға жылжуы кезінде ата жұртында қалып қойған мажарлардың бір бөлігі екен-мыс. Туыстық, ағайындық жақсы-ау, бірақ Мадияр адам аты ғана болуы да мүмкін ғой, екіншіден осындай қалыппен арамыздағы ноғай, өзбек, қырғыз, орыс атты ру аттары бар болатын болса, соның бәрі аталған ұлттармен байланысты дей алмаймыз ғой, мысалы Ноғай адам аты.

Осыдан 50-60 жыл бұрын басталған Торғай мадиярлары мен мажарлар арасындағы қан, антропологиялық зерттеулер олардың барлық жағынан жақындығын дәлелдейді-мыс. Әрине, көшпелі халық ұрпақтары арасында ұқсастық көп болуы заңды нәрсе, тек мұндай дүниелерді этнографиялық дүние деп қабылдауымыз керек.

Енді, Көтен ханға тоқталсам. Монғол шапқыншылығы дәуірінде Дәшті Қыпшақтың ханы - Көтен 60 мың ел-жұртымен оларға дейін ғұн жұртының бір бөлігі (яғни, венгрлер) қоныстанған Еуропаның орталығындағы үлкен жазыққа орналасады. Бұрынғы көшпелі жұрт, кейін Венгр королдігіне айналған еді, ал кешегі дала тұрғындары мұнда амалсыздың күнін кешеді. Осы жерде көп жағдайда оларды (Көтен хан жұртын айтамын) қазіргі қазақтың Орта жүзі ішіндегі Қыпшақ тайпасымен шатастырады. Әрине, Мажарстанға келген Дәшті Қыпшақ жұртының арасында өзімізге таныс торыайғыр, ақташы, тағышы, таз атты ру өкілдері жұр (басқа өңірлерді білмеймін, аталған рулар Торғай өңірі халқына жете таныс. Мажар кундары туралы Ернар Масалим, Ернұр Жасымбай атты ғалымдар жазып жүр). Қазіргі түсінікті тілмен айтатын болсақ, қазақ халқы әр дәуірде әртүрлі айтылуы мүмкін, мысалы, Ноғайлы жұрты, Дәшті Қыпшақ және т.т. Бірақ айналып келгенде аты өзгергенімен, заты өзгермейтін дала жұрты ғой.

Міне, сонда (Венгрияда) тұрақтаған кундар қазір Кіші кун және Үлкен кун атты өлкелерде өмір сүруде, енді оларды қыпшақ екен не қазақ екен деу артық болар, себебі 300 000 жұрт ассимиляцияға түсіп, мажарлардың этнографиялық тобы ғана болып қалған. Айтқандай, Осман империясы дәуірінде Мажарстанда кезінде кундар саны азайып кетіпті, бұл жерде кезінде қазақ даласынан кеткен оғыз тайпалары мен қыпшақ тайпалары өкілдерінің арасына сына тағайын деп отырғаным жоқ, тек тарихи әділеттікті айтқым келді.

Сондықтан, ең бастысы ұлттық кодымызды сақтайықшы!

0
0
130

Еще по теме