Бердібек Соқпақбаев шығармаларын дәріптеу
Балалар әдебиеті жайлы сөз қозғалса бірден Бердібек Соқпақбаев ойға келері анық. Өшпес мол мұра қалдырған жазушының ең танымал шығармасы «Балалық шаққа саяхат» повесті. Аталмыш шығарманың ерекшелігі автор кейіпкерлерді, яғни өз туыстарын шынайы сипаттап жазған. Әкесіне, шешесіне жеке-жеке тоқтала отырып, өмірде қалай бар солай бейнелеуі жазушының өзгелерден ерекше тұсы деуге болады. Көбіне әспеттеп, әрлеп жазуға тырысады ғой. Ал бердібек Соқпақбаев болса қарымды қаламынан шынайы кейіпкер бейнесін шығаруды мақсат еткен болса керек. Шығармаларының шымыр болуы да асыра сілтеусіз жазғандықтан деген ой түйдім.
Повесть 1960 жылы кітап болып шығып, 1965 жылы кино ретінде көрерменге жол тартты. Ең әсерлі тұсы диалог дер едім. Өйткені, шығармадағы диалогтар балғын балалық шақтың әсерлі тұстарын өне-бойыңа дейін жеткізіп, жүрекпен сезінуге сеп болады. Бүгінде әдебиет түгілі, күнделікті өмірде шынайылықты, шын қалпымызды жоғалтып алғандаймыз. Осы тұста, бір сәт өткенге үңіліп, үлгі алар тұсын түртіп қою артық болмас. Күйбең тіршіліктен демалып, тарих сахнасынан елеулі орын алған қиын-қыстау замандағы балалар өмірінен сыр шертетін жазушының шығармаларын дәріптеуді мақсат еттік. Өйткені, бүгінгі бейбіт заманның жастары шығармадағы оқиғалардан, дәлірек айтар болсам, шындықтан хабардар болуы шарт. Дәл осындай балалықтың мәнін ашатын, балалар үшін үлгі-өнеге болар шығарманың авторын танып-білу арқылы өзіндік көзқарас қалыптасары хақ. Сонда өскелең ұрпақтың бойында әдебиет әлеміне деген қызығушылық артып, тарихтың маңызын ұғады.
Осы ретте, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенттерінің ұйымдастыруымен және тарих факультетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Тасилова Тазия Айтбайқызының жетекшілігімен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай конференция өткенін хабарлаймын. Конференцияда жазушының өмір жолы жайлы сөз қаузап, оның қайталанбас шығармаларымен танысып, тың мәліметтер айтылды. Студенттер өз өнерлерін ортаға салып, балалар әдебиетінің алыбы, біртуар тұлғаны насихаттау ісін абыройлы атқарды. 1-наурыз алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген конференция аясында монолог оқылып, ән шырқалды. Тіпті, қазір біздің ата-әжелеріміз үшін естен кетпес «Менің атым Қожа» көркемфильмінің үзіндісін сахналады. Болашақ журналистер жан-жақты болуы қажет дегенді алға тартып, интеллектуалды ойын түрінде сұрақ-жауап айдарын өткізді. Осылайша, ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын ҚазҰУ-лық жастар да назардан тыс қалдырмады.
Алчинова Нұрбибі Айтбайқызы,
ҚазҰУ Журналистика факультетінің 1-курс студенті.
