Баянауыл
Баянауыл-туған өлкем
Табиғаттың кереметі саналған,
Баянауыл ерекше боп жаралған.
Бұл маңайда оған ешкім тең емес,
Адамдарда рухани бір нәр алған.
Мұнарлы Ақбет-таулардың ең биігі,
Асыр салған арқар менен киігі.
Шыңына шықсаң бар айнала көрінер,
Табиғаттың бейне бір Жерұйығы.
Сұлулығы ежелден аян болған,
Бар байлығы еліне бақ боп қонған.
Өзен-көлі, тау-тасы, ормандары
Жырға айналып, ән болып, аңыз болған.
Жанға жайлы ғажайып табиғаты,
Баянаула ерекше жердің аты.
Қойнауы кең, өрісі малға жайлы
Сыр шертеді ескерткіш әрбір заты.
Тас мүсіндер ескерткіштей сақталған,
Сырлары бар ашылмаған сан алуан.
Мөлдір сулы бұлақтары тамаша
Көлдеріне қаз, үйрек, аққу қонған.
Талай дарын туып өскен бұл елде,
Айналған жер қасиетті мекенге.
Баянаула Жерұйықтың өзі деп ,
Шындығында айтылмаған бекерге.
Туған жерім, алтын бесік ауылым,
Маған ыстық самал желің, жауының.
Маған қымбат орманың мен көлдерің,
Маған қымбат әрбір тасы тауының.
20.05.2011жыл
