kk
Default banner
Разное
426 297 постов48 подписчиков
Всяко-разно
0

БАЛАНЫ КӨПШІЛІК АЛДЫНДА ЖАЗАЛАУ ӘДІСІ ЖАҚСЫ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ

Әйеліңе балаң жоқта ұрыс,

Ал балаңа адам жоқта ұрыс.

(Халық даналығы)

Біз кеңестік кезеңде білім алдық. Ол кезеңде баға әділ, мұғалім мәртебелі, тәрбие қатал, балалар арманшыл, үлкендер иманды болатын.  Өз ұлтына, қоғамға адал талай тұлға тәрбиеленді. Ол кезде мектепте оқитын ұлдарға шаш қоюға, қыздарға кекіл қиюға, шашын бос жіберуге болмайтын. Шашы өсіп кеткен ұлдарды ортаға шығарып, шашын қайшымен қиып отырып басына крест суретін салып жібергенді, кекіл қиған қыздарды класс жиналысына салғанды талай көрдік. Одан басқа да нашар оқитын оқушының «екілікке» мініп бара жатқан суретін плакатқа салып, астына аты-жөнін жазып мектеп қабырғасына  іліп қою,  сабаққа кешігіп келген ұлдарды бірінің арқасына бірін мінгізіп далада жүгірту, сабақта тыныш отырмаған оқушыны екі қолы мен бір аяғын көтертіп сабақ біткенше бұрышқа тұрғызу т.б. да толып жатқан шаралар болатын. Бұл шаралар басқалар үшін пайдалы, тәрбиелік мәні бар деп есептелетін. Бір адамды көпшілік алдында жазалау арқылы басқаларды тәрбиелейміз деген түсінікті негізге алатын. Досының, басқа да құрдастарының масқараланғанынан, жазаланғанынан сабақ алып, қорқып өзгелері олай жасамауға тырысады деп ойлайтын. Ол да өзінше бір әдіс, профилактикалық шара болып есептелінетін. Бір баланы жазалау арқылы көпшілікті тәрбиелейміз дегенменен, сол баланың ар-намысының тапталып жатқаны, көпшілік алдында қорланғаны есепке алынбайтын. Мұндай әдіс баланы ызақор етуі мүмкін, кейде өзіне деген сенімінің төмендеуіне де алып келеді. Кейбір балаларда адамдарға деген кек, ыза, жеккөрініш сезімі қалып қояды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары өркениетті елдер тәжірибесін саралап, жалпы қандай әдістер нәтиже беріп жатқанын, ал қай әрекеттің кері әсер етіп жатқанын бағамдап, мұндай көпшілік алдында масқаралау шараларын тоқтатуға бағыт ала бастадық. Бұған адам құқығы, оның ішінде балалар құқығы туралы халықаралық ұйымдармен, олар қабылдаған құжаттармен танысуымыз, балаға жеке тұлға ретінде қарау, жас ерекшелігін ескеру сияқты мәселелер де өзіндік ықпал еткені сөзсіз.  Бірақ әлі тоқтай қойған жоқ, ауылдық жерді былай қойғанда Алматы мен Астана мектебінің кез келгенінен болмаса да көпшілігінен мұндай әрекетті кездестіруге болады. Сыныптастарының алдына шығарып қойып, қыздардың көйлегінің етегінің қысқалығын, шашының жалбырап тұрғандығын, сабақ оқымайтындығын, ұлдардың да біраз қылықтарын бетіне басу болып тұрады. Көпшілік алдында масқаралау кезінде жазаланып тұрған оқушы ғана емес, сол жерде отырған басқа оқушылар да ыңғайсыз күй кешеді. Қазіргі қоғамда белең алып отырған мықтының әлсізге, билігі күштінің қорғансызға күш көрсетуінің басы сол жерден басталады деп ойлаймын. Ең өкініштісі, сол жерде куә болып отырған оқушылардың  осындай құбылысқа еттері үйренеді. Оқушы болғандықтан сол жерде ара түсуге де, өз қарсылығын білдіруге де еш құқығы болмай, ол әрекет ұнаса да, ұнамаса да қарап отырады, сондықтан үлкейгенде қоғамдағы көп нәрсеге бейжай қарайтын болады немесе өзі де қолынан келсе үстемдік жасап, өзгені қорлауға, масқаралауға, езуге дайын болады. Себебі тұқымын өзіміз сеуіп отырмыз.

Соңғы жылдары (мүмкін бұрын да болған шығар) ата-аналар жиналысын оқушылармен бірге өткізу тәжірибесі бар. Мектептегі ата-аналар жиналысында әдетте сол сыныптағы барлық баланың қандай қылығы болсын  көпшілікке жайып салып жатады. Бұл да артық. Жиналыста баласының жағымсыз қылықтарын естіген анасының ұшып тұрып, ұлын тоқпақтаған ыңғайсыз сәтке де куә болғаным бар. Баламен де, оның ата-анасымен де көпшілік ортада емес жеке әңгіме жүргізген, жеке сөйлескен дұрыс.

Кейбір ата-аналар балаларын қоғамдық орындарда ұрып-соғып, жұлқып, ұрысып жатады. Баланы жазалағаннан, көпшілік алдында беделін түсіргеннен гөрі көмектесу, бағыт беру, үлгі көрсету, қолдау, көмектесу, сенім арту, жақсы көру, түсінуге тырысу, жақсылықты насихаттау көбірек нәтиже береді.

Көп жағдайда ата-аналар баласының жағымсыз қылығын, кемшілігін я қателігін «Мынау кеше сөйтіп», «Жаңа келсем бүлдіріп қойып» - деп туыстарына, көршілеріне, құрбы-құрдастарына т.б. баланың көзінше айтып отырады. Бала түрлі қателіктер жасауы мүмкін,  шайды төгіп алу мүмкін, керекті бір затты сындырып алуы, жоғалтып алуы мүмкін, екі алуы мүмкін,  толып жатыр, себебі ол бала, бала тұрмақ үлкен адамдардың өзі күн сайын қаншама қателік жасайды.  Бірақ осы қылықтары үшін баланы көпшілік алдында масқаралау артық. Себебі баланың намысын таптайсыз, өзіндік «менін» төмендетесіз, я жасық, я ызақор, кекшіл етесіз. Тәрбиенің басқа әдістерін қолдану керек. «Әйеліңе балаң жоқта ұрыс, ал балаңа адам жоқта ұрыс» - дейді халық даналығы.  Баланы  көпшілік  алдында  жазалау  әдісі жақсы нәтиже бермейді.

17.02.2017 ж.