Перейти к содержимому

Бала махаббат

Бүгін YVision-дағы парақшамды ашқанда терең бір психологиялық жазба жазғым келіп, ойымды жинақтап, жиналып отырғанымын. Бірақ бүгін Алматыда күн тамаша, жып-жылы) Көптен күткен ақ ұлпақтар ұшқындап, ойымның барлығын жүз сексен градусқа бұрып, таныс сезімге толтырып отыр. Сіздерге қызық болмаса да, маған қызық әрі маңызы бар балғын шағымдағы алғашқы сезімімім туралы сөз қозғағым келіп отырғаны) Қарсы болмайсыздар деген сенімдемін...

Алғашқы махаббат, алғашқы сезім, алғашқы ғашықтық... Әрбір адамның өмірінде орын алатын жағдай ғой. Менде бұл сезімді, толығымын болмаса да, бастан кештірдім деп сеніммен айта аламын. Алғашқы бала махаббат - адам өміріндегі ең пәк, кіршіксіз таза (терезімнің арғы жағында жауып жатқан ақша қарлар іспеттес) сезім! Сондықтан болар, адамның өмірінде ұмытылмай, мәңгілік есінде қалып, жүректің терең түкпірінде сақталатындығы.

Менің бала сезімім мектепте оқып жүргенде пайда болды. Кенеттен емес, бір көргеннен де емес, жаңа таныстықтан кейін де емес. Өзімнің жақсы таныс, бірге ойнайтын, партамның артында отыратын сыныптасыма... Жеті жыл бірге оқығаннан кейін барып, ұнатып қалғанымды түсіндім. Қалай түсінікті болды дейсіз ғой) Әдеттегідей... Қыз бала болған соң, білдірмеуге тырыстым, оның жағына қарамауға тырыстым. Тіпті араласпай, жақындамауға тырыстым. Қуанышыма орай ма, әлде керісінше ме, сынып жетекшіміз барлығымыздың отырған орындарымызды өзгертіп, оны бірінші қатардан үшінші қатарға алыстатып, отырғызды. Уақыт өте оның тарапынан да қызығушылықты сезе бастадым. Сабақ болып жатқанда күлімсіреп қарап отыратын, ал мен байқамағандай отыра беретінмін) Үйге қайтар жолымыз әр түрлі болса да, менімен бірге айналып қайтатынды шығарды. Менімен бірге дегенде, мен жалғыз қайтпайтынмын) Алысып, шулап бес-алты сыныптас болып, бірге үйге қарай аяңдайтынбыз. Осылай жауапсыз ба, жауапты ма сезімім жалғаса берді.

Ол сезімім туралы өзім ғана білдім, жүрегімде сақтап жүре бердім. Бір жыл өткеннен кейін жан құрбыммен сырласып отырып, сөз арасынды мен ғашық болып жүрген жігітті ұнатып қалғаннын айтты. Мен, әдеттегідей қолдадым, өзімнің сезіміме көз жұмуға тура келді... Тура сол жылы, дәл бүгінгідей айнала аппақ бояуға сіңіп, ұлпақ қарлар жауып жатқанда мен ғашық болған сыныптасым сезімін білдіріп, кездесуге ұсыныс жасады... Жүрегім алып-ұшып, ішімдегі көбелектер тіріліп қуансам да, құрбымның жайы есіме түсіп, бастарттым. Жігіттің де, өзімнің де сезімімді жерге таптағандай болдым. Сол кезде өкініш болғанымен, енді дұрыс саналы таңдау жасағанымды түсінемін. Қазір сол құрбыммен өте жақсы қарым-қатынастамын. Бірақ сол жігітке деген сезімімнің болғанын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Күндер өткен сайын жүрегімде сақтап келемін. Мектептен түлеп ұшқаннан кейін барлығымыз жан жаққа кеттік. Алыста жүріп, алты жылға жалғасқан бала махаббатымды санамнан өшірдім.

Бұл оқиғадан бері бүтіндей сегіз жыл өтті... Мен болсам Алматыда, құрбым Семейде, жігіт болса Өскеменде қалды. Қазір достық қарым-қатынастарымызды үзген жоқпыз. Көрісіп, кездесіп, бірге уақыт өткізіп тұрамыз. Дегенмен, өткінші бала сезімімнен кейін басқа жігіт атаулының жағына жай ұнатулар болғанымен, басым кетіп ғашық болып көрмеппін. Сезімдерін білдіріп келгендерге қарсы болдым. Тіпті, бір қызығы дейін бе, бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін, бүтіндей он бір жыл бойы бірге бір партада отырған сыныптас, парталас досымның мектеп жылдарында маған деген сезімінің болғанын сезбеппін. Ол да мен сияқты сезімін қатты жасырған шамасы. Осы кезіккенде күліп еске алып еді.

Неге дәл сол жігітті таңдадым? Ол менің әкеме ұқсайтын, оның жанында өзімді еркін сезінетінмін. Қазірдің өзінде видеоқоңыраумен сөйлескенде боянбай сыланбай-ақ, ұйқылы-ояу түрімді ұялмай көрсете алатын жігіт сол ғана. Оны әскерден достарымызбен күтіп алған сәтте де сүйген қызының жоқтығын, сол бір әскерде жүргенде сарғайып хат жазатын сүйіктісінің болмағанын түсіндім. Бәлкім сегіз жыл бұрын шешімім басқа болғанда, бүгін бәрі басқаша болар ма еді деген ойлар да келді. Жабулы қазан жабылды ғой) Қазір жаймен барлыығын еске алып отырмын. Өткенмен өмір сүруге болмайды деп айтып жатады. Қуаныш сыйлаған, таза сезімді сыйлаған естеліктерді ұмытпаймын. Негізі жазып отырған жазбам сіздер үшін күлікілі болып көрінер, бірақ сезімімнің шындығы осы) Ал сезімім жауапты болды ма, жауапсыз болды ма түсініксіз. Екеуінің ортасында қалып қойған сияқты. Бұл шет жағасындағы басты оқиғалар. Мен өткен күндеріме өкінбеймін... Ал, сіздердің басыңыздан өткен бала сезімнің хикаясы қандай?

2
2
5813

Еще по теме