ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ТЕКЕТІРЕСІ КІМГЕ ҚАЖЕТ?
Өткен тарихқа жіті назар тіксеңіз қазақ-өзбек қарым-қатынасының нелер тылсым сырларына, алуан астарлы саяси ахуалына куә боласыз. Соңғы үш ғасыр бойына қаймана қазақ қаншалықты жантүршігерлік отарлау саясаты озбырлықтарын бастан кешірсе, шұрайлы қоныстарынан айырылып, төрт түлік малға негізделген ата кәсіптерінен қол үзе бастаса, көрші өзбек жұрты шартты түрде алғанда мамыражай тіршілік кешіп, кетпенін шауып, диқаншылығын қамдап, сауда-саттығын шет аймақтарға ұлғайтқан. "Ұзын арқан, кең тұсау", байтақ жерді біртіндеп басып алу мақсатымен қазақ сахарасын жүз жыл бойына орай қоршап орыс әскери бекіністерін салып, 1822 жылы дәстүрлі хандық жүйенің тамырына балта шауып, аға сұлтандық бөлшектеудің жандарал-губернаторға бағынышты жаңа тәртібін енгізгенде, көрші Хиуа хандығы, Бұхар әмірлігі, Қоқанд хандығы ештеме болмағандай бағзы өмір салттарын жалғастыруда болатын. 1868 жылы аға сұлтандық билік жойылып, дала соты - қазақы билік жүйе күштеп тоқтатылып, болыстық басқару жүйесі жоғарыдан енгізілгенде, аталмыш Хиуа, Қоқанд, Бұхар хандықтары бәз-баяғыша тіршіліктерінен еш айныған емес. Бір қызығы, өрескел бұрмаланған 1897 жылғы Ресейдегі халық санағының нәтижесінде қазақ саны 6,5 млн болса, өзбек саны 2,5 млн, демек үш есе төмен деп нақты көрсетілген. Осылайша, тек 1876 жылы Қоқанд хандығы жазалаушы орыс әскері тарапынан ішінара талқандалғаны болмаса, 1920 жылға дейін Хиуа хандығы, Қоқанд хандығы, Бұхара әмірлігі батыс алпауыттарының қолдауымен ескі дағдысы бойынша сән-салтанат құрып келеді. 1918 жылы Түркістан автономиясының бас кенті Ташкент болып белгіленіп, Қазақ-Алаш автономиясының бас шаһары Орынбор болғанда, толық құрылымы белгісіз көрші өзбек мемлекетінің астанасы Самарқанд болып айқындалған еді. Қазақ астанасы Кеңес өкіметі тұсында Орынбордан - Ақмешіт-Қызылордаға, онан кейін Верный-Алматыға күштеп көшірілгеннен соң, түрлі сылтауларды желеу етіп Түркістан автономиясы тарқатылып, текті ата қазақ рулары хандық билік жүргізген Хиуа және Бұхар хандықтары қызыл террор тарапынан ойпыл-тойпыл етіліп, ғасырлар бойғы бүкіл қазына-байлықтары талан-таражға түсіп, қазақ байлары кәмпескесі науқанынан соң, 5 млн қазақ қырылған 1931-1933ж.ж. алапат ашаршылық алдында, яғни 1930 жылы ғана көрші құранды ел өзбек астанасы Самарқандтан - Ташкентке зорлап көшіріледі. Тең жарымы өздерін қоңырат-қазақпыз деп айтатын өзбек мемлекетін өзбектендіру саясаты қырықыншы жылдар қарсаңында үлкен қарқын алады. Атақты антрополог М.М.Герасимов Сталиннің нұсқауымен 1939-1945 жылдар аралығында Самарқандта өмір сүріп, Ақсақ Темір, Ұлықбек, Шахрух, Миран шах, Мұхамед-Сұлтан т.б. қабірлерін қазып, бас сүйектері қалдықтарынан өзбектің ата-бабаларының қадыми бейнелерін ғылыми негізде жасауға тырысады. Өткен тарихты қайта парақтап, бағзы замандағы ұлы тұлғаларды өзбектендіру үрдістері тап сол кезеңдерде қатты қарқын алады. Ибн Сина, Әмір Темір біржолата өзбектенсе, Әбунасыр әл-Фарабиден бастап Жалаңтөс баһадүр, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сабыр Рахимов, т.т. дейін нағыз қазақы тегі дәлелденгенге шейін өзбек болып жазылып кетеді. Міне, сөйтіп, Нұх пайғамбар ғ.с. кемесі тоқтаған Нұр Ата тауындағы өте ескі қазақ хандары қорымын айтпасақ та, көне түркіден бері тартып, мың жыл бұрын Жошы мен Шағатайдың ұлысы болған, одан Әмір Темірдің қол астына қараған қазақ болмысты өлкеде жаңарған өзбек мемлекеттігі салтанат құра бастайды. Лондоннан бастау алып, Петербор мен Мәскеуден шебер тоқылған қазақ-өзбек текетіресі Жалаңтөс баһадүр билеген, салдыртқан, жерленген Самарқандты, Төле бидей бабалар жерленген Түркістанның бас кенті Ташкентті алумен тынбайды. Қарақалпақ пен Мырзашөл аймақтары сан етті ойғандай қасақана ойылып алынып, ай-күннің аманында Кеңес өкіметі тұсында белгіленген шекара қырық жылдан соң қараулықпен бұзылып, көзімізді бақырайтып қойып өзбек тарапына қазақ халқының келісімінсіз беріле салынады. Негізінде, қазақ-өзбек текетіресінің ширек ғасырға созылған жаңа дәуірі 1960 жылы екі елдің республика басшылығына Д.Қонаев пен Ш.Рашидов келген кезеңнен басталады. Қазақтан денінде алынады, аздап беріледі, не мүлдем берілмейді. Ал өзбекке әрдайым беріледі, қазақтан алынып беріледі, олардан көп ештеме алынбайды. Міне, осылайша, Лондонға жалтақтаған Хрущев 1962-1964 жылдар аралығында қазақ еліне ұйғыр ұлты өкілі Исмайыл Юсуповті бірінші басшы тағайындап, сол ұсыныс берді деген желеумен қазақтың оңтүстіктегі орасан жер телімін еш келісімсіз өзбек тарапына тегін беріп жібере салады. Ташкент Азия мен Африка елдерінің алқалы жиындары өтетін шұғылалы аймаққа айналады. Мәскеуден ұшқан ұшақ Ташкентке қонып барып айтулы Азия елдеріне аттанатын болады. 1966 жылғы Ташкенттегі алапат жер сілкінісінен кейін бүкіл Кеңестер Одағы жұмылып, 3-4 жыл ішінде қаланы қайтадан түрлентіп салып, метрополитенді де дереу іске қосып, ірі өндірістерді де жұмыс істетіп, өзбек өркениетінің тыңнан қарқын алуына барынша жағдай жасайды. Өзбек халқы әл-ауқаты көтерілген соң, демографиялық ахуалы да өзгеше даму қарқынына ие болады. Келе-келе мақта өндірісі тақырыбы өзбек елінде жетекші орынға шығады. Жалпы өнім көрсеткіштерін жыл санап ұлғайта берген өзбек тарапы Мәскеуден өте үлкен көлемде әр жыл сайын қаражат алып, ұрының арты қуыс дегендейін, өтірікті шындай ету үшін көп қаржыны қайтадан парақорлыққа судай шашады. Парақорлық пен жемқорлық, асыра көрсету былық-шылығына әбден бөккен өзбек экономикасы "мақта ісі" бойынша жаппай тексеріске тартылған тұста, яғни Брежневтен кейін Андропов билік басына келген кезеңде, орталықтан қатты қысымға алынады. Нәтижеде, 1983 жылы күзде Шараф Рашидов жұмбақ жағдайда (инфаркт дейді, у ішті дейді, өзін-өзі бастан атты дейді) кенеттен қайтыс болады. Мәйітті Ташкенттегі орталық алаңға әкеліп жерлеп, көпшілік қауым басына үзбей зиярат жасап тұрсын деп мемориалдық кешен де соға бастайды. Арада жарты жыл өткен соң Мәскеу дөкейлерінің қатынасуымен Ташкентте сьезд өткізіліп, онда сөз сөйлегендер Ш.Рашидовті жаппай жамандап сынап, бүкіл былықтарын дәлелді-дәлелсіз ортаға қойып, ақырында ол марқұмның сүйегі қазылып алынып, сырттағы Шағатай зиратына жаңадан жерленеді. Қонаевпен бәсекелестіктің соңы осылай аяқталады. 1983-1990 жылдар арасындағы дүрбелеңді, тұрлауы жоқ кезеңнен кейін Н.Назарбаев пен И.Кәримов екі көрші ел басшылығына таққа отырып, тағы да ширек ғасырға созылған текетірестік саясаттың тарихнамасы басталады. Әу бастан Түркі халықтары әлемінің бірлігіне ұмтылған қазақ елі басшысының ұсыныстарын өзбек басшысы аяқасты ете береді. Өзге де халықаралық ірі жобаларда өзбек тарапы үнемі кесекөлденеңдеп тұрып алады. Батыс пен Қытайға, Ресейге болысатын тұғырнаманы мықтап ұстанған өзбек басшысы, не өзі істемей, не көршіге жол бермей қырсықтық мінез танытады. Біз өзіміз И.Кәримовті бірнеше мәрте көріп, қолын алып, бір дастарханнан дәм де татқанбыз. 1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан ғарышқа ұшқанда Австрия және ТМД мемлекеттері басшыларымен бірге ұшу алаңында болып, ғарышкерлер сәтті ұшқаннан кейін таяу маңда тігілген киіз үйлерден дәм татқан кездеріміз болып еді. Ал 1994 жылы мамырда Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері болғанда Елбасымызбен бірге барған сәттер естен кетпейді. 2-3 күн ішінде талай мәдени іс-шаралар өткізілді, қазақ елінен барған 1500-дей өнер шеберлері бар жиған-тергендерін ортаға салды. Қорытындылаушы концерттен кейін өзбек елбасы қазақ меймандары ішінен тек 60 ресми үкімет мүшелері, лауазымды қызметкерлерге арнайы шақыру таратып, Әлішер Науаи атындағы Өзбекстанның Ұлттық паркі ішіндегі жаңадан ғана салынған "Наурыз" деп аталатын елбасы қонақтарын қабылдайтын салтанатты сарайдың ашылу рәсіміне куә етті. 5-6 сағатқа созылған кеште неше түрлі өзбек дәмдері алдымызға тартылып, екі жақтың атақты өнер шеберлері ән-күйге бөлеп, екі елдің басшылары тілек сөздер сөйлеп әбден болды-ау деген кезеңде, ең соңында Ислам Кәримов тұрып сөйлеп, қазақ-өзбек достығын тиянақтай келіп тосын сын пікір де араластырып жіберді. "Осында құрметті жазушы Шерхан Мұртаза отыр-ау деймін (Халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовті ұқсатып әдейі шатастырып айтқан болды), сол кісі "Жас Алаш" газетіне Ташкентте қазақ Төле би жерленген, демек Ташкент қазақтың қаласы деп мақала бастырып жіберіпті, бұндай келеңсіздіктер қазақ-өзбек достығы болашағына қызмет етпейді..."-деп қойып қалғаны. Салтанатты кеш соңында, мәдениет күндерінің соңында жүзімізге күліп қарап тұрып, алдымызға ас тарта отырып, небір шырын сөздер айта отырып іштен пышақ салып алғандай әсер етті Ислам әкәның бұл қылығы. Арада тағы 22 жыл зулап өте шықты. Бір-бірлерімізге қатты жақындаған, көңіл суысқан, тездеп шекара бекіткен, жетістіктерімізді қуана қоштамаған, өзгенің үритсоқтығына қызмет еткен, қайтадан табысып, қауышқан кезеңдеріміз тарих қойнауына енді. Ескідегідей өзбек жағы тағы да тарихи үрдісті кілт тоқтатып отыр. Ислам әкәға қастандық жасалды ма, талибан мен ИДИШ-тің батыстағы демеушілері ойын ережелерін бұзды деп төтеннен саяси ойыннан шығарып жібергісі келді ме, әлде Қағбатоллаға кірген қажы елбасыға харамды ішкеннен кейін құдайдың қаһары тездеп келіп қалды ма, әйтеуір сайд рухы ұшып шығып, хайуандық рухы тәнде болмашы тіршілік тынысын танытып жатқан сыңайы бар. Көршіге ешқашан жамандық тілемеген халықпыз. Көрші ақысы деген мәселе қазақта бірінші орынға қойылады. Қазақ-өзбек текетіресінің тарихи шығу тегіне екіжақтап үңіліп, әуелі адамзатқа, мұсылман қауымға, түркі жұртқа, қала берді исі қазақ пен өзбекке ортақ пайда әкелетін келелі мәмілелерге келетін, тұрақтап тоқтау айтатын күн де алыс емес деп білеміз!

