Қазақстанға сырттан жүз журналист келеді
Алматыға жүз журналист келе жатыр.

Италия, Испания, Канада, Бельгия, Швейцария, Ұлыбритания сияқты әлемнің ең алпауыт 30 еліндегі қалам ұстаған қауымның алғашқы легі 2-наурыз күні Алматы әуежайына табан тірейді. Мәртебелі меймандарды күтіп алып, 3-наурыздан бастап бір апта бойы Алматыда асыр саламыз бұйырса.
Жүз журналист (өзімізді және Қырғызстан мен Өзбекстандық қонақтарды қосқанда жалпы саны 130 журналист) SCIJ шаңғышы журналистер клубының халықаралық жарысына қатысуға келе жатыр. Бұл дүбірлі дода биыл Шымбұлақта өтеді. Шетелдік қонақтарға Алматының ең көрікті жерлерін көрсетіп, қазақтың тарихы мен салт-дәстүрін таныстырамыз. Ұлттық тағамдардан ауыз тигізіп, түрлі семинарлар мен форумдар өткіземіз.
Бұл шара Қазақстанның имиджі үшін үлкен мүмкіндік. Себебі шетелдік жүз журналист көрген білгенін жазады, айтады, видеоға түсіріп, әлеуметтік желілеріне жариялайды. Оны Еуропадағы миллиондаған оқырман көріп, Қазақ деген осы екен ғой деп тамсанары сөзсіз. Әсіресе Алматының атын шығарып, туризмнің дамуына титтей де болса септігін тигізейін деп тұр.
Жалпы Қазақстанға бір мезетте әлемнің 30 елінен 100-ден аса журналистің келгенін естімеппін. Тіпті ОБСЕ мен ЭКСПО кезінде де жиналмаған шығар, бәлкім?

Осындай үлкен шараны кішкентай ғана клуб ұйымдастырып отыр. SCIJ Kazakhstan клубының құрамында қырық шақты шаңғышы журналист бар. Соның ішінен 12 адам іріктеліп, халықаралық жарысқа қатысуға рұқсат алды. Бұған дейінгі ішкі жарыстардағы жетістігіміз бен көрсеткішімізге қарап, ұлттық құрамаға мені де қабылдаған екен. Демек, халықаралық жарыста жанымызды саламыз. Бірақ жүлдегерлер қатарына ілігу өте қиын болайын деп тұр. Өйткені шетелдіктер шаңғымен сырғанағанда Шумахер шылым шегіп шетте тұрады дейді командамыздағы көнекөздер.
Айтпағым, алдағы 2-10 наурыз аралығында мені итпен іздеп таппайсыздар. Тым қатты қажет болып жатсам Алматыдағы Royal Tulip қонақүйіне келіңіздер.
Диас Нұрақынның жазбасы