Аюсай визит-орталығы 3-ке толды
Жалпы аумағы 750 шаршы метр нысанда туристерге дәріс беретін орын, дәретхана, кафесі бар Аюсай 3 жасқа толды.

Несімен таң қалдырады?
"Аюсай" визит-орталығы 2021 жылы ашылды, негізгі мақсаты - келушілердің табиғатқа зиян келтірмей демалуына мүмкіндік жасау. Туристер мұнда Іле Алатауы ұлттық саябағымен танысады, жаяу жүретін соқпақ бағыттарын зерттейді.

Іле Алатауы ұлттық паркінің 35 гектар жері өткен жылдың көктемінде жеке кәсіпкерге жалға берілген еді. Жерді 49 жылға пайдалануға алған инвестор экотуризмді дамытуға ниетті екенін білдіріп, жобасын да таныстырған. Алайда, қоғам белсенділері мен табиғат жанашырларының үлкен сынына ұшырап, басы дауға қалған болатын. Соған қарамастан, Алматыдағы "Іле Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде құрылыс жүріп жатты. Бүгін онда бой көтерген алғашқы визит-орталық жұмысын бастады.
Ерекшелігі неде?
Орталық аумағында ашық аспан астында тамылжыған жұлдызды түндерді тамашалуға мүмкіндік ұсынатын Tau Tas глэмпингі мен кемпингі бар. Бұл жерде саяхаттар, шеберлік сабақтары, квест ойындары, дәрістер мен кино кештері тәрізді түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Орталық айналасында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өседі. Жақын маңда жерден атқылаған төрт бұлақ көзі бар: бірі жақын маңдағы сарқыраманың, екіншісі кемпингтің жанында және екі бұлақ Мыңкөз жолында орналасқан. Жол суретші Санжар Жұбановтың петроглифтерімен көмкерілген. Сондай-ақ үш сарқырама бар, оларға да экскурсиялар қарастырылған.

"Аюсай" визит-орталығы үш модульден тұрады. Әр модуль шамамен 200 шаршы метр. Ғимарат толығымен ағаштан және әйнектен тұрғызылған. Америкалық технологияны қолдана отырып, жеңіл конструкция түрінде құрастырылыпты. Ғимараттың негізіне бетон құйылмаған, яғни оны салу кезінде топыраққа зиян келмеген. Әрі маңайдағы ағаштарды отамаған.
Модульді нысанда бірнеше дәретхана да бар. Жобаны танымал сингапурлық архитектор дайындаған. Ғимарат Аюсай шатқалының ландшафтына үйлесіп тұр. Визит-орталық wi-fi интернет желісіне қосылған.
Суық мезгілде мұнда бас сұққан туристер жылынып, тегін wi-fi қолдана алады. Ал қалған қызметтер ақылы негізде көрсетіледі. Мәселен:
төрт адам үшін екі сағатқа гид жалдау – 5 мың теңгеден бастап;
коворкингте күндіз уақыт өткізу – 4 500 теңге.
Шатқалда қоршаған ортаға зиян келтірмей әрі қауіпсіз демалудың негіздерін түсіндіру үшін "Тамыр" жабайы табиғатта болу мектебі жұмыс істеп жатыр. Онда волонтерлер мен кәсіби альпинистер тегін лекциялар жүргізеді. Визит-орталық ішінде экологиялық сабақтар үшін арнайы зал да ашылды.
Мамандардың айтуынша, Аюсай шатқалына инфрақұрылым жасалмас бұрын ұлттық парк қызметкерлері Қазақ ұлттық университетімен және Зоология институтымен бірлесіп экологиялық мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алған.
Визит-орталықтың жұмыс уақыты:
қыста – 10.00-ден 17.00-ге дейін;
жазда – 07.00-ден 22.00-ге дейін.
Келесі аптадан бастап №28 қалалық автобустың бағыты визит-орталыққа дейін ұзартылады.

