kk
Default banner
Разное
426 450 постов45 подписчиков
Всяко-разно
0

АЙТАҚҚА ИТ ҚАНА ҮРЕДІ

Сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының негізін қалаған, қазір шетелде қашып, қаңғырып жүрген олигарх Мұхтар Әблязовті бүгінде білмейтін адам сирек шығар?! Жағымды жағынан емес, әрине! Ол қоғамда наразылық көңіл-күй қалыптастыру үшін интеренет желісі, месенджер, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік топқа арандату сипатындағы ақпарат тарату арқылы Атазаңның талабын бұзып, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бағытында белсенді түрде заңсыз әрекетін жалғастыруда. Елдегі тұрақтылықты шайқауға ашық әрі агрессивті түрде кіріскенін көзі ашық, көкірегі ояу адам бірден байқайды.

Өкінішке орай, оның жетегіне еріп, адасып жүргендер де кездеседі. Бәрі — оның шынайы бет-бейнесін жете білмегендіктің салдары. Соны шебер пайдаланған Мұхтар Әблязов ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, шындық пен жалғандықты айыру күрделеніп тұрған алмағайып кезеңде залым пиғылын жүзеге асыруға жанталасуда. Бірақ, Тәуелсіздіктің тұғыры тұрақтылық екенін терең түсінетін, мәселенің мәнісін жан-жақты талдай алатын адамдар оған жол бере қоймас деген үміт бар. Өйткені, ондай отандастардың қарасы қалың.

Мұхтар Әблязов — жаппай жекешелендіру етек алғанда қалталы бірнеше коммерциялық құрылымның басын біріктірген атақты "Астана-Холдинг" компаниясының құлағын ұстаған, қарапайым халық қазанға қуыратын қара бидай таппай, бала-шағаның аузы аққа жарымай жатқан қиын заманда қыт-қыт "көк қағаздың" қызығын көрген миллионердің бірі. Әрине, адал жолмен бай-бақуатты болып жатса, онда ешкімнің шаруасы шамалы. Бірақ, оның өткеніне үңілсең, бүгінгі тірлігінің адалдығына сену қиын. Қысқа қайырсақ, ол — билікті мақсат тұтқан кәдімгі бизнесмен. Ақша танитын, қаржы табудың көзін білетін бай-шонжар. Сол байлығын еселеу, көздеген мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын қанпезер.

Қазақтың қыршын жастары қанға бөккен желтоқсанның сұмдығын "кездейсоқ оқиға" деуден тайынбаған, осы ғасырдың басында бір топ бизнесмен қазақ тілінің мәртебесіне қарсы шыққанда соның басында болған адам "қазақтың көсегесін көгертуді көксеп жүр" дегенге сенетін аңқау сирек, бірақ, бар. Ол энергетика министрі болды, банк басқарды. Алайда, Мұхтар қазақ руханиятында игілікті із қалдырғаны ешкімнің есінде жоқ. Тек қаржы жиды. Жиған-тергенін Храпунов құдасы екеуі шетелдерге асырды.

Ең сорақысы сол — 2005 жылғы Қырғыз төңкерісін қаржыландыруға қыруар ақша бөлгенін мақтанышпен айтты, ашық мойындады. Білдей бір елдің тыныштығын бұзуға үлес қосқан, мойнында сансыз жазықсыз жанның қаны бар сондай сұмырай бүгінде беті бүлк етпей "халықшыл" болып Фейсбукта елді алдап отыр. Ол неге бауырлас көрші елдегі төңкерісті қаржыландыруға ақша бөлді? Қисынға келсек, төңкеріс жасаудағы шамасын шағын елде байқап көргісі келген сияқты. Сосын көрші елдегі бүліктің буы Қазақстанға да жетеріне сенген болар?!

Расында да "Әне, қырғыздар жарады, ол елдің болашағы бар" деп күпінген бірен-саран желөкпе Қазақстанда да бой көрсетті. Демек, ол қырғызды қырғынға ұшырату арқылы, қазақтың қанын қыздыруды әуелден алдына мақсат етіп қойды. Сөйтіп, қазақтарды да қырық-пышақ қылып, өзара айдап салып, билікке қол жеткізуді көкседі. Қанды шеңгелден құдай сақтады. Қасқырға — қан, ал, қазаққа бірлік керек. Алдауға еріп, айдағанға көнетін емес, өз пікір-пайымы, азаматтық көзқарасы бар тұлға ғана елдің бірлігіне бас ауыртады. Айтаққа ит қана үреді.