Аянның арманы.
Аралас жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионы, Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Сулеймен Аянмен сұхбат.

-Өмірлік жолында ата-анаңның берген ең маңызды кеңесі қандай болды?
-Ата-анам еңбектің, табандылықтың және адалдықтың маңызын айтып, спорттағы әр қадамыма қолдау көрсетіп келеді . Әкем ешқашан жеңілістен қорықпа, әр жеңіліс – жаңа сабақ деп жиі айтатын. Сол сөз менің спорттағы жолымда үлкен мотивация берді.
-Отбасыңда спортпен айналысатын немесе сенің жолыңды үлгі тұтатын адамдар бар ма?
-Иә, отбасымда спортпен шұғылданатындар бар. Әкем спортқа жақын адам, ал інім менің жетістіктерімнен шабыттанып, спортқа бет бұрды. Бұл маған үлкен қуаныш сыйлайды.
-Спорт әлеміне алғашқы қадамыңды қалай жасадың? Бұл шешімді қабылдауға не себеп болды?
-Кішкентай кезімде энергиям тым көп болды, сондықтан ата-анам мені спорт секциясына берді. Алғашында тек хобби ретінде айналыстым, бірақ уақыт өте келе бұл өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.
-Спорт сенің болмысыңды қалай өзгертті?
-Спорт мені тәртіпке, шыдамдылыққа, өзімді бақылауға үйретті. Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан шыңдап, өзіме сенімді болуға көмектесті.
-Республикалық дәрежеде чемпион болу – тек қана жеңіс емес, үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілік жүгін қалай арқалап жүрсің?
-Чемпион болу – тек жеңіс емес, сонымен қатар өзіңді үнемі жетілдіру деген сөз. Жанкүйерлер мен бапкерлердің сенімін ақтау үшін бар күшімді саламын.
-Жекпе-жек кезінде қорқыныш пен сенімділік арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсың?
-Қорқынышты жеңудің жалғыз жолы – тынымсыз еңбек. Егер сен жаттығуда кезінде барынша талпынсаң, рингке шыққанда өз-өзіңе сенімді боласың.
-Физикалық дайындықпен қатар психологиялық табандылыққа қалай қол жеткізесің?
-Мен медитация және визуализация әдістерін қолданамын. Сондай-ақ, өзіме сенімді болу үшін психологиялық жаттығулар жасаймын.
-Сенің өміріңдегі ең үлкен “жеңіс”- қандай жеңіс?
-Тек спорттық жеңістер емес, мен үшін ең үлкен жеңіс – өзімді жеңіп, мақсаттарыма жете білуім.
-Жаттықтырушылардың саған берген ең маңызды сабақ қандай болды?
-Бапкерлерім маған ешқашан тоқтап қалмау керектігін, әрдайым өзіңді алға жетелеу керек екенін үйретті.
-Спортпен қоса тағы немен айналасасың? Қандай хоббиің бар?
-Спорттан бөлек, кітап оқығанды ұнатамын. Сонымен қатар, музыка тыңдау мен саяхаттау – жаным сүйетін істердің бірі.
-Жақсы көретін фильмдер мен сүйікті кітаптарын жайлы айтып бересің бе? -Сүйікті фильмім – “Rocky” , себебі ол нағыз спорттық рухты көрсетеді. Ал кітаптардан «Жеңімпаздардың психологиясы» атты шығармалар ұнайды.
-Чемпион болу үшін қандай дағдыларды меңгеру керек?
-Тәртіп, еңбекқорлық, шыдамдылық және стратегиялық ойлау – нағыз чемпион болудың басты қағидалары.
-Спорт пен оқу үлгерімін қалай ұштастырасың?
-Уақытты дұрыс жоспарлау маңызды. Тәжірибе жинаған сайын екі саланы қатар алып жүру жеңілдей түседі.
-Келешекте қандай кәсіп иесі болуды армандайсың?
-Қазір спортқа ден қойып жүрмін, болашақта спорт саласындағы кәсіпкер болуды армандаймын.
-Өзің айналасатын аралас жекпе-жек спортында қандай қолтаңбаңды қалдырғың келеді?
-Өз стиліммен ерекше әрі болашақ чемпиондарға мотивация беретін тұлға болғым келеді.
-Арманына жете беруіне тілектеспін! Cұхбаттасқаның үшін көп рақмет, Аян!
