"АВТОБУС"
Солтүстік Қазақстан облысында бір күн ішінде қоғамдық көліктердің жүргізушілері тарапынан 151 ереже бұзушылық анықталды. Өңірдің тәртіп сақшылары қаңтардың 17-сінен «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеуде.
Петропавлдағы өнеркәсіп ауданында патрульдік полицейлер автобус жүргізушісінің жолдың қарсы бөлігіне шығуын анықтады. Бұл – жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылығы болып саналады. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 596-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді 49 жастағы жүргізуші жарты жыл бойы автобус тізгіндей алмайды. Ал, «Оңтүстік» бекетінде жол сақшылары «Сарыағаш-Петропавл» бағытындағы қалааралық автобуста көлікті қайта жабдықтау фактісін анықтады. 41 жастағы жүргізуші жолаушылар отыратын орындықтың арқа тұсын алып тастап, оның орнын кереуетпен алмастырған. Бұл жүргізушіге де әкімшілік хаттама толтырылды.
Петропавл қаласынан аудан орталықтарының біріне күн сайын қатынайтын тағы бір автобустың сақтандыру полисінің мерзімі өтіп кеткен. Бұл факті бойынша Әкімшілік Кодекстің 612-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама жазылды. Аталған ереже бұзушылық үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Полицейлердің айтуларынша, бұзушылықтарды анықтау – операцияның мақсаты емес. Әр жүргізуші жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау қажет екенін жақсы білуі қажет.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, рейдтік іс-шаралардан бөлек, полиция қызметкерлері қалалық қоғамдық көліктер жүргізушілерінің бағытқа шығу дайындығын тексереді. Таңғы сағат алтыда жүргізушілер күн сайын медициналық тексерілуден өтеді. Жұма күнгі таңертеңгілік тексеруде бұзушылықтар анықталмады. Алайда, бұл – өз кезегінде жүргізушілер арасында тәртіп пен бақылауды қамтамасыз етеді. Жалпы, анықталған 151 бұзушылықтың көпшілігі - рөлде келе жатып ұялы телефон пайдалану. Мұндай 41 бұзушылық тіркелген. Сонымен бірге, маневр жасау ережелерінің – 16, жылдамдықты асырудың 15 фактісі анықталған. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
Айта кету керек, 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында «Автобус» іс-шарасы бес рет өткізілді (төртеуі – республикалық, біреуі – облыстық). 12 айдың ішінде автобус жүргізушілері тарапынан Жол қозғалысы ережелерінің 3700 бұзушылығы анықталды. Бұл операция – биылғы жылы өткізіліп отырған алғашқы жедел-профилактикалық іс-шара.




СҚО ПД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
