«АТЫҒАЙДЫ» ЖОЛПОЛ ҒАНА БІЛЕДІ

Тақтайша орнатылсын деген қаулы алғаннан кейін мен мақсатыма жеттім деп тоқмейіледеніп жүрдім. Бірде, обл. Жолполдан бір жігіт келіп, Aқсақал жүріңіз тақтайша орнататын жерді белгілейік деді. Кеттік.
Асу биігінен недәуір бері, тіпті етегіне де жетпей «міне осы жер, жарай ма?» дейді.
Қарағым-ау, төбенің биігіне, үстіне әйгілеп орнату көңілге қонымды болар еді ғой деймін. Жоқ, ақсақал, біздің нұсқаулықтарда көздеген объектіге пәлен жүз метр жетпестен орнатылуға тиіс.
Солай болды да, бірақ ол тақтайшаның тұрқы да, көрнектілігі де мардымсыз, ары-бері өткенде мен оны байқап қалайыншы деп алдын-ала тесліп мұқиат қарап отырам, әйтпесе байқамай қалам.
Алғашқы кездерде солай болған да.

Атығай биігінен тасжол қаланың байырғы бір микроауданы Меновнойға келіп оның Ярославская көшесімен жалғасады, бұрын бұл мекенде Ярославский совхозы болған. Кәзір ол жоқ бірақ көшесі мызғымай сол атаудан айырылғысы жоқ. Менің ойымша, осы көшені неге Атығай көшесі демеске?! Менің тағы да ізденуім керек пе? Іздендім де, орыс тіліндегі облыстық «Рудный Алтай» газетіне де жаздым, нәтиже болмады. Атығайдан құлдилап Меновноеға тайай бере оң жақта жаңадан салынған тұрғынүй микроауданы бар, оны «23-микроаудан» деп атайды. Ана жылдары, перестройкадан бұрын, газетте мәселе көтерсең міндетті түрде 30 күннің ішінде жауабын алатынсың. Қазір ол әдет қалды. Сондықтан мен тағы да қалалық әкімдікке жаздым: 23-ші микроауданды «Атығай микроауданы» деп ат қоюға. Бұрынғы орысша атауды қазақ атауына ауыстыру орыс ағайындарға ұнамай жатады, ал «23» цифры кімге де болса ортақ қой. Тілеуіңді бергір Әкімдік: жарайды ұсынысыңызды ономастика комиссиясында қараймыз деген жауап берді. Рахмет. Бірақ міне үш жыл өтіп кетті, қазір әкім де,орынбасары да басқа адамдар, олардың бұл туралы еш түсінігі де, түйсігі де жоқ..

Атығай асуының арғы бетінде Ұлан ауданының орталығы «Молодежное селосы», көптен бері осы атауды өзгерту туралы пікірлер айтылып жүрді. Өз ішімнен, біреулер суырылып шығып Атығай атауын ұсынар деп үміттеніп жүрдім. Ол үмітім бекер екен. Бір белсенді ардагер ақсақалдың бастамасымен аудан орталығы «с. Молодежное» өзгертіліп «Қасым Қайсенов атындағы ауыл» деп аталды. Ауылға кіре беріс әшекейлі қақпа-аркаға зор әріптермен бадрайып осы атау көзге алыстан көрінеді. Ономастикалық атау бүгін бар ертең жоқ, немесе тәйір-ай бүгін жоқ болса, ертең бар дегендей жеңіл-желпі қарауға болмайды, ол мәңгілік және солай болуға да тиіс. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап «молодежныйды» өзгерту керек дей келіп ақыры 20 шақты жыл өткенде барып өзгертілді. Қ. Қайсенов-отан соғысы жылдары партизан болған, Отанымыздың ордендерімен құрметтелген патриот тұлға. Өскеменде оның атында көше бар, мұнда оның бейне-бюсты орнатылған. Бірақ сол ауыл атауын шұбыртып 4 сөзді, 12 буынды, 25 дыбысты ауыз толтырып айтып жүру міндетті ме? Әлдә қысқартып, ықшамдап айтарға керек пе? Ал егер орыстар «Қайсеновка» деп іліп әкетсе не істейміз. 1837-1941-1945 жылдары АҚШ президенттері болған Эндрю Джэксон жане Ван Бурен өзінің оқып құптаған құжатының бұрышына ОК деп қолын қояды екен, онысы «бәрі дұрыс» (all correсt) - алл дегені оқылғанда олл боп естілетіндіктен ОК.

Бүкіл әлемге өзінің оңайлығымен әлемге тарап кетті. Өскеменнің бір микроауданы баяғыдан Ахат Куленовтың құрметіне «Куленовка» деп аталатын, енді оны қазақшаладық деп «Куленов атындағы кент» деп шұбыртуды ұсынады, Бұл тегі «-ов» тан үркіп қашу ғой. Бірақ қазақшалап алдық дегеннің өзінде сол «-ов»-тан, құтылғамыз жоқ қой. Жазбаша бағынып үш сөзді толық жазып жүрсек те, халқымыз сол баяғыша «Куленовка» дейді. Ауыл, кент, елді мекен атауларын қазақша тілге жеңіл, икемді етіп ат қоюға біздің тіліміз икемсіз бе, әлде өзіміз сауатсыз ба? Орыс тілінде село, поселок, елді мекен атауларын қалыптастырудың алты грамматикалық формасы қалыптасқан. Ойлану керек.
Орыстың ХIХ ғасырдағы белгілі саяси қайраткері, үш тілді (неміс, ағылшын, орыс) жазушы орыс патшалығына қарсы Лондонда газет шығарып тұрған А. Герцен «...на русском языке все можно выразить» деген екен. Біз ана тіліміз керемет бай деп бөскенмен елді мекенді былай қойып, өзіміздің аты-жөнімізді әлі күнге дейін қалай жазудың жөнін таба алмай, семьяны не деу керек екенін икемдей алмай жүрміз.
Ғаббас Құмаров
