АТЫҒАЙ АСУЫ
Географиялық жер-су атаулары да халқымыздың мәдени мұрасы ғой. Жерімізде әр таудың, төбенің, ойпаттың, қыраттың, жайлаудың, қыстаудың, күзеудің, кезеңнің, асудың, өзектің, сайдың, судың, нудың қазақы атаулары болған. Олардың кейбірі еліміздегі демографиялық өзгерістер салдарынан ұмытылған, орысша атаулары орныққан. Мысалы Өскемен-Алматы тасжолының 58-ші км. тұсындағы біздің Атақонысымыздың жайлаудан қайтып күзде қоныстанатын күзеуді ЕСПОЛ кезеңі дейтін. Иен қалған ол жердің аты енді кімге керек, оны тірілтем деудің қисыны жоқ. Ал егер сондай топонимикалық атау қала аумағында болса, мәселе басқаша. Осы тұрғыдан Өскемен аумағын алсақ, жергілікті топонимикалық атаудан таза, ондайлар мүлде болмағандай. Өскемен аумағындағы сондай бір ұмытылған қазақ атауын қайта тірілту сәті түсті. Оның мән-жайы былай болған еді.
1999 жылы «Казахстанская правда» газетінде жазушы, журналист Валерий Буренковтың «На осколках памятников зерно не взойдет...» деген атпен жаңа ономастикалық қазақ атауларын сықақ еткен материалы жариаланды. Оның ішінде біздің облысты да түйреп өтіпті. Шынында да, кейбір атаулардың қисынсыз болғаны рас та шығар. Бірақ мен оның «... зерно не взойдет» деген қара түнек болжамына ренжідім, қолыма қалам алдым. Ол биологияға сүйеніп сендер түк шығара алмайсыңдар десе, мен физикаға сүйеніп «Угол отражения...» деген атпен қарсы мақала жаздым. «Казправдаға» рахмет онымды басып шығарды. Физика заңы бойынша, түскен сәуле бұрышы неғұрлым тік болса, оның шағылысқан сәулесіде тік болады ғой. Өскемен төңірегіндегі қазақ атауларының құлдырауы тік болғанына нақты мысалдар келтірдім. Ертістің сол жағындағы тау Айыртау «Монастырские горы» боп кетті. Мәссаған! Мұнда ешқандай монастырь болған емес! Ауылдар Сартымбет, Жантай, Төртқара, Екі Аша; өзендер Қанай, Ұзынбұлақ; көлдер Макет, Дұбағайлы; асулар Шешек, Атығай аталған, топонимикалық қазақ атауларды кезінде іске алғысыз етіп, орнына Передовой, Завидное, Молодежное, Окуньки сияқты атаулар орын тепті. Әсіресе әкімшілік жағынан Өскемен аумағына жататын АТЫҒАЙ кезеңі туралы баса жаздым, ондағы ойым жергілікті азаматтар көңіл аударар деп үміттенген едім.
Алматы тасжолымен Өскеменге таяп келіп, соңғы кезеңге көтерілгендегі көрініс тамаша. Осы асуды қазақтар АТЫҒАЙ кезеңі дейтін. Кезеңнің үстінде қаланы тамашалап тұрсаң, оң жағыңдағы тау етегінде мөлдір сулы қайнар көз бар, оның игілігін саяжай иелері пайдалануда. Сол жерде қазақ ауылы болған сияқты, арапша жазуы бар тастар да бақшалар игілігінде, олар тіпті бейіттердің де тасы болу мүмкін. Төменде қала шетіндегі орыс селосының Меновное деп аталуы да осыған меңзейді. Шіркін-ай, аты өшкен қазақтың Атығай есімін тірілтіп қала аумағына енгізсе деп қиялдадым. Бұл атауға мен немқұрайды қарай алмаймын, «патриоттығым» деп бөспей-ақ қояйын, жеке өзіме байланыстысын айтайын. 1937 ж алты жасымда шешем және атқосшы үшеуміз қалаға келе жатырмыз. Түрмедегі «Приверженец национал-фашистской организации» - деп айыпталған «халық жауы» әкеме киім-тамақ әкеле жатырмыз. Арбада ұзақ өрге қарсы ат аяңымен ақырын жылжып келе жатқан мен тегі тынышсызданып қыңқылдаған болуым керек, әйтеуір мені жұбатып, қазір, қазір ана Атығай кезеңіне шығамыз, қаланы көресің дегендері әлі есімде. Бұл жолғы сапар түгелдей есіде, әрине, жоқ ал кейбір әсерлі тұстар ұмытылмайды екен.Жоғарыда айтқан «Казправда» газетіне құлшына жазуымның астарында да осы Атығай кезеңін жергілікті патриоттардың, қазақ тілі жанашырларының назарына іліндіру еді, оның атауын қала ономастикасының төріне болмаса да босағасынан сығалату еді. Бірақ облыстық, қалалық ономастика мүшелері онымды көзіне де қыстырған жоқ, өзім де күдер үзіп, ұмыта бастаған едім.
2003 ж. интернеттен орыс тілінде Қытайдың жазба мұрағатына сүйеніп жазған Набижан Мұхамедханұлының «Қытайдағы қазақтар тарихы» атты көлемді материалын оқыдым, оны қағазға да түсіріп алдым. 1757 ж. Қытай императоры Цин Абылайға жазған «указында» оның жіберген елшілері Танаш, Атығай, Өміртай, Долон, Бекенайларды құрметтеп қарсы алғанын, олардың әр қайсына қандай силықтар бергенін өзге мәселелермен қоса жазып жіберіпті. Бұл өзім де ұмыта бастаған ойыма қайта жігер берді. Бірақ не істеуім керек? Енді бұл туралы орыс тілді облгазетке жазу керек, бірақ онымды баса қояр ма екен. Ол үшін облакимат қызметкері Бағлан Данияров арқылы «Рудный Алтай» газетіне бердім, басты.
Бұл 2004 жылдың бас кезі еді. Бірақ ономастика мүшелері тағы да «көзіне де қыстырмады». Сол жыл аяғында екі газетте басылған мақаламды қосып обләкім орынбасарына өтініш жаздым, ол бұрыштамасын соғып қала әкімдігіне жіберіпті. Одан «...ономастикалық комиссияда қарау үшін дәлелдейтін құжаттар әкеп беріңіз» деген жауап алдым. Мәссаған! Ондай құжатты маған қай мекеме бере алады!? Бұл менің Ахиллес табаныма дәл тиген соққы боп, жеңілгенімді мойындап үш жыл тиыш жүрдім. 2008 ж.бір ағайынның үйінде дастархан басында бір зейнеткер өзінің бір мәселесімен обләкім орынбасарының қабылдауында болғанын, өтінішін оң шешіп бергенін айтып отырды. Мен неге сүйтпеймін деген ой келді маған. Сол оймен жаз өтті, қыс келді... Ақыры қабылдау бөлмесіне келіп жазылдым, күттім, бірақ сәті түспеді, белгіленген қүні ол орнында жоқ болып шықты. Тәртіп бойынша қабылдау бөлмесіндегі қыз, не сұрап келгеніңді журналға жазып қояды. Мен алғашында «бір принціптік мәселе бойынша» деп жазыла салған едім. Енді ренжіп тұрып, мен қара басымның қамы үшін келгенім жоқ деп алдына қағаздарымды жайып салдым. Ол қыз мені бұрыннан біледі екен, танымай жүрген өзім екенмін». "Ағай", – деді ол маған, – "айтайын дегеніңізді қысқаша жазып, осы қағаздарыңызбен қоса тастап кетіңіз, ол кісінің қолына өзім табыс етемін». Айтпақшы қыз деп отырғаным (жасы бойынша шынында да маған қыз) сол күні пенсияға шыққалы отыр екен. Енді бірер күн өткен соң өзім жағалап жүрген орынбасар ауысып кетіпті, бірақ кетер алдында бұрыштама соғып қала әкіміне жіберіпті. Енді қағаздарымның ізін қуып қала әкімдігінің есіктерін сығалаумен болдым.
Ақыры қалалық акиматтың ономастика комиссиясының отырысы болатын күні әкім орынбасары Ферхоның босағасында отырып алдым. Ішке кіргізді, комиссия отырысына қатыстым, сөйледім, оң шешім қабылданды, былай деп: «Алматы тас жолының бойында телемұнара ауданында «Атығай асуы» тақтайшасы орнатылсын» деген қаулы қабылданды. Бірақ, әлі де бір-аз ізденуге тура келді. Ол туралы тағы жазармын.Ғаббас Құмаров
