Астанадағы бір ғимараттың тарихы
Соңғы 3 айға жуық мерзімде Астана қаласынан шықпадым, саяхаттарды азайттым, есесіне қала тарихын көбірек зерттеуге мүмкіндік туды. Әрине, былтыр жарты жылдай жүріп, әр ғимаратты қарап, зерделедім.
Астананың ескі бөлігіндегі әдемі ғимараттардың бірі мына суреттегі көпес Петр Моисеевтің үйі. Несімен қызық дерсіз?
Біріншіден, сол дәуірде (революция кезеңіне дейін) Ақмолада үйлерді әдетте бір қабаттан және ағаштан, кейде тастан (кірпіштен) тұрғызады. Дәулеті жеткендер екі қабат, оның өзінде бірінші қабатын тастан, екінші қабатын ағаштан салады екен. Ал,"Кедей - байға жетсем, бай - құдайға жетсем" демекші аса дәулетті кісілер арасында бәсекелестік орын алып, мынадай екі қабатты және тек тастан (кірпіштен) салынған үйлер сирек болса керек.
Сонымен, Моисеев ең мықты сәулетшілерді жалдап, 4 жылда мына әдемі үйді (ғимаратты) салдырыпты. Қаладағы ескі ғимараттар (байқасаңыз) қызыл кіршіштен өрілген. Мұндағы қызыл кірпіштерді осыдан 250 шақырымдағы Атбасардан алдыртқан деседі. Ол үшін қойдың үстіне теңдей бөліп, "бір оқпен екі қоянды атып алады", яғни, қойды Ақмола базарына әкеп сатады және ол жай келмейді, кірпіш тией келеді. Технология дерсіз!
Сөйтіп, 1918 жылы құрылысы біткен кезде бәлшебектер келіп, үйді тартып алып, иесі "байтал түгіл бас қайғы" заманға кезігеді.
Уақыт талабына сай Ренессанс дәуірін еске түсіретін бұл ғимарат кейін Жұмысшы, солдат және мұсылман революционерлерінің иелігіне өтіп, талай тарихтың куәсі болды. Қазір Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің госпиталы. Мемлекет қорғауына алынған.
Астананың осы және басқа да ғимараттары мен көрікті һәм қызықты жерлері туралы мәлімет алғыңыз келсе, менің авторлық экскурсияма қосылыңыз.
#Астана #Экскурсия #Amandyq Amirkhamzin

