АСТАНАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДЕ «ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
25 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қожа-Аxмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірге ұйымдастырылған Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала тарихы» сурет көрмесі ашылды.
Көрмеге Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Өнер факультетінің оқытушылары мен магистранттары жасаған 40 қылқалам туындысы қойылды.
Көрме «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» және «Ұлы Даланың Ұлы оқиғалары мен құбылыстары» деген екі бөлімнен тұрады. Суреттердің тақырыптары мұқият таңдалып, университеттің тарихшы археологтары тарапынан көркемдік сараптамадан өткен.
Көрменің басты мақсаты - Ұлы Даланың тарихи оқиғалары мен ел тағдырындағы орны ерекше тұлғаларын көркемдік тұрғыдан қайта көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке баулу және қазақстандықтардың жаңа тарихи көзқарасын қалыптастыру, дейді ұйымдастырушылар.
«Ботай елді мекені», «Қазақ даласындағы аң аулау өнерінен көрініс», «Сақ басшысы - Алтын адамды жерлеу рәсімі», «Отырар моншасы», «Тайқазан», «Отырар кітапханасы», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысы» т.б. суреттерде біздің заманымызға дейінгі бес мың жыл бұрынғы Ботай мәдениетінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы ұлттық тарих пен мәдениеттің артефактісіне айналған мәдени-рухани және материалдық ескерткіштер бейнеленген. Сол сияқты көрмеге Мәңгілік Елдің тұғырын бекемдеуге қызмет жасаған даланың дана билеушілері, батагөй билері мен ержүрек батырлары сынды тарихи тұлғаларымыздың да портреттері қойылған.
Көрме 25 қыркүйекке дейін жалғасады.




