ҚАШЫП ШЫҒУ
ҚАШЫП ШЫҒУ
Бағана қас қарайып келе жатқанда-ақ Горохов өз төсегінің тұсынан жертөленің сырт жағындағы шымын алып, қармен жауып қойған. Жерге қадай сап, үргіге қадап қойған бірнеше сырғауылды қазір еш сиқырсыз суырып алуға болады. Таң алдында, әсіресе, ұйқы қатты қысып, күзетшілер қалғыған тұста сол тесіктен білдіртпей сыртқа шығуға мүмкіндік бар. Аннуирдің өнегесін ұстанып Раку де бірге кетеді деген Гороховтың үміті күшті еді. Қоржынын да қамдап қойған- ды. Раку қысқы киімін киіп ап жүрген. Қашып кеткенін таңертең ғана біледі, себебі төсек орнында қалады. Пеструха да әзір жата тұрады – кейін іздеп тауып жетер, тесікті сыртынан жауып тастайды. Қапелімде абыржып олар жиналып үлгергенше, бұлар он шақты шақырым ұзап та кетеді, екі жұп әйел шаңғысы да сайланып, кешкісін қарға жасырылған-ды.
Ракудың оралмауы Гороховты қатты опындырды, оны ол жанындай жақсы көріп, әуел баста бір сол үшін онкилондармен қалып еді. Енді онсыз кетуге тура келіп тұр. Әй, бірақ сол кетуге көнбей, дабыл қағуы да мүмкін ғой. Асылы, оның жоғы да жөн болар.
Горохов ұйқыға ерте бас қойып, Пеструханы өз төсегіне алып жатты, енді мұны өзімен бірге алып кетуге болады. Жатқалы жатып ол от басында отырған жауынгерлер естісін деп дауыстап:
– Раку келмей қалды. Ит ертең мені оятып, ас әзірлеп беретін болады, – деді.
Түн ортасына таман қатты жер асты дүмпуі қалғып отырған қарауылды да, Гороховты да оятып жіберді. Жертөленің сырғауылдары сықырлап, саңылауларынан балшық саулады. Ұйықтап жатқан жауынгерлер атып тұрып, құлазып қатты күйзелген Горохов та тұрып отырды. Дүмпу қайта қайталанса, Амнундак жертөлесінің бар тұрғыны жүгіріп шығып, от айнала ашық аспан астында түнейді, онда білдіртпей тайып тұру мүмкін емее. Ертерек алас-күлес кезінде кетіп қалу керек.
Ол ойын шумақтап үлгергенше жер екінші рет сілкініп, жертөле түгел сықырлап, төбеден бір сырғауыл шым- мымымен атып отқа түсті. Горохов апыл-ғұпыл жылы киініп, жауынгерлер жан даусы шығып есіктен бір-ақ атты. Дүмпу толқыны толастап, жертөле орнында қалған соң, әлгілердің біреуі қайтып келіп бірнеше шала алып кетті, Тегі, есік алдында от жағып күзетін жалғастыра бермек ойы болса керек.
– Сен, ең жақсысы үйден шықсаң еді, – деді әлгі жауынгер өз төсегінде отырған Гороховқа, – басып қалуы кәдік мына үйдің, Амнундак жертөлесінің жартысы құлап та қалды.
– Жоқ, мен осында қалып алаңсыз ұйықтай беремін, – деп жауап қатты Горохов. – Менің бұрышым опырылмақ емес.
Жауынгер басын шайқап шығып кетті. Якутке керегі осы еді, ол көрші бөлмеден Костяковтың көрпесін алып жұмарлап орады да, оны алғаш кіргенде кісі ұйықтап жатқандай етіп, өз көрпесінің астына тықты. Сосын өз төсегінің тұсындағы сырғауылдарды суырып, тысқа қоржыны мен мылтығын қойып ап, сосын өзі шығып, Пеструханы алды да, тесікті сыртынан қармен бекітіп тастады. Жауынгерлер жаққан оттың жарығынан түскен жертөле көлеңкесін жамылып, жиырма қадамдай жерде алаңқайдың шетінде жақын тұрған ағашқа жетті. Бұл онкилондар отынға да, құрылысқа да ұқсата алмайтын болған соң аман қалдырған мәуелі алып бәйтерек еді. Пеструха мен қоржынды теректің қуысына жасырып, өзі басына шығып, бір жуан бұтаққа отырып жан-жаққа көз салды. Гороховқа бұл арадан алаңқайда не болып жатқаны алақандағыдай, ал өзін жапырағы болмағанымен қалың бұтақтар көлегейлеп онша көрсетпейді. Алаңқайды баса- көктеп өтуге болмайды деп ойлады ол, себебі ақ қарда мұның қара сүлдесін елеңдеп отырған кісілер бірден көреді. Айналып өту тіпті ұзақ, оның үстіне Горохов жеті қараңғыда базаға емес, басқа жаққа апаратын жолға түсіп, адасып кетермін деп те қауіп ойлады.
Өзінің бақылау пунктінде отырып ол Амнундактың жертөлесінің жартысы опырылғанын көрді, әйелдер алып шыққан заттарымен балаларының қасында, от басында сапырылысып жүр, жауынгерлер қалған мүлікті сыртқа тасуда. Ұзамай жаңа бір дүмпу ойпатты бойлап дүбірлетіп өтті, ол бәйтеректің солқ етіп, теңселіп кеткенін түйсінді. Амнундак жертөлесінің және бір бұрышы құлап, от айналасындағы адамдар ұлардай шулап, кейбіреуі жығылып-сүрініп жатыр, тағы да айқай-шу, зар қақсау, ал ойпат аңғарынан құз құлаған гүрсіл келеді құлаққа. Сол замат ол осы таяу маңда орман арасынан жердің қақ айрылып жарылған сықырын есітті. Сол жаққа жалт қарап, ол аппақ қар көрпесінің ортасынан орманның қара қойнауынан бөлініп шыққан қоңыр жолақты көрді, барған сайын далиған сол жолақтың бетінде аппақ дақтар көзге шалынды.
«Көлдің мұзы бұзылған ғой! – деп ойлады ол. Енді тура жүре алмайсың! Мына қырсықты қарашы!»
Жердің гүрілі мен құздың құлаған гүрсілі басылған шақта Гороховтың құлағы жаңағы шапшаң далиып бара жатқан қоңыр жолақтан судың сылдырын шалды.
– Су көлдерден асып кеткені ме? Осы арада бізді қарық қылмаса игі? Мына кесірді қара: отты сөндіріп, адамдарды қараңғыға тастайды-ау! Маған бұлардан аулақ қашу абзал. Ал өзге алаңқайларды да су осылай басса, қалай жүрмек керек. Мына бақытсыздықты қарашы! Не үшін ғана мен осы жерде қалдым екен? Шіркін, қайық болса!
Осы сәтте оның есіне су қатар кезде онкилондардың екі қабық қайықты көлден алып келіп, жерде қалдырса, қыста бұғылар қажалап, түтіп тесіп тастайды деп жертөленің сыртына әкеп қарға көмгені түсті. Олармен жазда өзі талай рет балық аулағаны бар. Бұл болса да оның көңілін сәл орнықтырайын деді – қайық жақын, тек мұнан бұрын онкилондар алып кетпесе жарар еді.
Қара жолақ әп-сәтте далиып, оның шеті отқа отыз қадамдай ғана қалды, қарды жұтып жайылған су арнасын кеңейтіп барады. Оны енді онкилондар да көрді. Біреуі жолақ шетіне жүгіріп барып, оның жайылып келе жатқан су екеніне көзі жеткенде жан даусы шықты.
– Құтыла көріңдер, су жайылып, топан басқалы тұр!
Адам айтқысыз абыржу енді басталды: айғай-шу, жылау- сықтау, сапырылыс. Біреулер «Ағаш басына!», «Ағаш басына!» деп айғайлайды. Енді бірі «Қайық қайдалап» жүр, екіншісі «Сиқыршылардың жертөлесіне паналайық!» дейді. Жауынгерлер жиһаздарға, әйелдер балаларға ұмтылды.
Амнундак жатжерліктер жертөлесінің алдында от басында отырған қарулы жауынгерлерге жүгіріп келіп айғай салды:
– Ақ сиқыршы қайда? Алып келіңдер. Не ол суды тоқтатсын, не біз қазір оны жарып өлтіреміз.
Кенет осы кезде биіктен бір әмірлі үн шықты.
– Онкилондар! Жедел терістікке қарай жүгіріңдер, онда
су жоқ. Терістікке, терістікке тартыңдар, сонда ғана құтыласыңдар. Мұны айтып тұрған мен – аспан иесімін.
Қорқып құты қашқан адамдарға осы сөз әрең әсер етіп, бірінен соң бірі қайталай жөнелді.
– Терістікке, терістікке қарай тарттық, тез!
Ауыр жүк арқалаған жауынгерлер, бала құшақтаған әйелдер
бұғы табынымен араласа орманның бауырына қарай басты. Су жақын жердегі оттарды өшіріп, ащы түтін қолқаны алып, пысылдап шалалар сөніп, жарық жоқ болды.
Амнундак жатжерліктер жертөлесінің жанында әлі тұр. Гороховты алып келу үшін ішке кірген жауынгерлер үрейленіп ата шықты.
– Ақ сиқыршы түндіктен итін алып ұшып кетіпті, үй қаңырап бос тұр! – деп мәлімдеді.
Амнундак қолын бір сермеп қасына қарауылдарды ертіп алып бағыныштыларының артынан терістік бауырға қарай тұра жүгірді. Алаңқай бос қалғанда барып ағаштан түскен Горохов жертөленің жапсарындағы ескегі байланған бір қайықты аршып алып қарын қақты да, бәйтеректің түбіне әкеп бір басына Петруханы отырғызып, ортасына қоржыны мен мылтығын салып, өзі жайғасты да, қолына ескекті алып тың тыңдады. Онкилондардың шуы шалғайға сіңіп, алыстай берді, соңғы оттар да сөніп, су жертөлелердің табалдырығына жетті.
«Өй, қайықпен әлі де біраз кәкір-шүкір әкетуге болады ғой, – деп ойлады Горохов, – тым құрмаса бірер тері көрпе әкетейін де, менің төсек-қабымды жолдастар Аннуирге берген шығар және түнде жүрсем суық».
Ол жертөлеге жүгіріп келіп еді, кірер ауызды су алып кетіпті, ізінше өзі жасаған тесікке қайтып келіп, өкшелей қуған сумен ұшып отырып қайығына келді.
«Осылай дұрыс болар» деп ойлады ол, көрпенің жартысына өзі отырып, жартысымен аяғын жауып жатып.
Қайықтың айналасында қарды жұтқан су пысылдап, төңірек түгел қарауыта түсті, қап-қара дүниеде тек жертөле ғана. Міне, қабық қайық та жүріп кетті, көл жаққа құлаштап Горохов та ескегін есе жөнелді.
– Хош бол, тұрағымыз! – деді ол, жертөленің жанынан өте беріп. Сенде қыстап шығу бізге бұйырмады, жалпы енді ешкім де қыстай алмайды – су бәрін шірітеді!
Екі басты ескекпен оңды-солды ескен соң жеңіл қайық қара суда ұшты да отырды; көз қараңғылыққа үйреніп, кейін ысырылған қара орманды да, төбесі аппақ жертөлелерді де ажырата бастады. Алда ерек екпінмен су лықсыған ашық алаңқай. Осы жазықтың ортасынан Горохов төмпе көріп, ескек есу қиындай түскенін аңғарды. Ол көл ортасынан судың жалдана шығып жатқанын сезіп, ағынмен алысып, оны айналып өтуге тырысты. Оны айналып өткен кезде ағын енді өзіне көмектесе бастады. Ұзамай ол қарама-қарсы баурайдан барып шықты. Енді түстікке тартатын жолды тауып алу керек, қара орман сәулесінде ағараңдаған жертөлелер бағдар алуға мүмкіндік берді, ол осыдан қай бағытқа жол шығатынын ұмытқан жоқ.
Міне, ол сол сүрлеуді тауып, екі орман арасындағы жіңішке каналға түсіп алып жүзе жөнелді, қараңғылық қоюланып, қабық қайықтың жұқа түбін тесіп алмас үшін абайлап жүзуге тура келді. Горохов есуді доғарып, жеңіл қайықты бірауық ағынның ырқына қоя берді. Аздан соң ағыс саябырлап, ескекті қайта қолға алуға тура келді, тереңдікті өлшеп Горохов судың тізеден сәл ғана асатынын анықтады.
Қарсы ағынға ол құлаштап енді есе бастап еді, су шолпылдап, осқырған, пысқырған, мөңіреген шу шықты – шамасы, сүрлеумен жабайы өгіздер келе жатқан тәрізді, ал олармен ұшырасу – үлкен қатер. Көп ойланып жатпай Горохов қайығын орман қабырғасына ысырып, жолдан екі-үш қадамдай бір ағаштың түбіне тіреп, бір қолымен ескекті судың түбіне қадап, бір қолымен ағаштан құшақтап, қатып тұрды да қалды. Шу-сыбдыр шапшаң жақындап, міне, ыңыранып, осқырып, пысқырып, селден қорқып, бірін-бірі баса-жаншып кимелей терістікке ұмтылған кесек хайуандардың алпамсадай тұлғалары қозғалып келеді, олар қарнымен су сызып, бүлк- бүлк желіп, суды фонтандай атып, орман баурайына дейінгі жерді толқындатып жіберді. Горохов ағаштан ұстап, ескекті жерге шанышпағанда қайығы төңкеріліп қалатын еді, не керек, өстіп хайуандар әбден өтіп боп су сабасына түскенше якут бірнеше қатерлі минутты бастан кешірді.
Осыдан соң ол жүз метрдей жүзіп үлгермей әлгі сыбдыр мен шу қайта естіліп, тез таяла берді, шоққа тағы да тығылуға тура келді. Бұл жолы бірнеше мүйізтұмсық өтті жөңкіп, олар көтерген толқыннан Горохов аударылмай шақ қалды, су фонтандары оны көміп кетті.
– Қарғыс атқыр, қолапайсыз хайуандар, қарасан келсін сендерге! – деп бұрқылдады ол бетін сүртіп тұрып. – Бүйтіп қарға адым жер ұзарсың ба, суды қайтып төкпек керек, оның үстіне тас қараңғы.
Мүйізтұмсықтар көтерген толқын сап болмай жатып жылқы үйірі жетті, бірін-бірі басып озғалы арындап аспанға атып, осқырынып кісінеген олар өгіздерден тез қозғалып, суды бұрынғылардан да күшті толқындатып жіберді.
Келесі алаңқайға жетпей, Гороховтың тағы бір тығылуына тура келді, бұл жолы өгіздер мен жылқылар аралас жөңкіп, олардың ізімен он шақты аю қорбаңдап жөнелді. Ақыры, ол алаңқай көлге де жүзіп шығып, суы жал-жал болып бұрқырай шығып жатқан орта тұсынан айналып өтпек болған сәтінде су кенет көпіршіп көтеріліп кетті де, толқындар оны төңкөріп тастай жаздады. Ойпат жағалауын бойлап өткен гүріл мен гуіл жердің жанадан тағы бір дүмпігенін байқатты. Толқындармен жағаласып, Горохов келесі баурайға жетті де, каналды тауып алып, әрі қарай жүзді, алайда көп ұзамай ақылы алтау боп аңтарылып тұрып қалды, канал осы тұстан үш тармаққа бөлініп кетті, түнде қажет бағытқа таңдап түсер еш мүмкіндік жоқ – ойпат аңғарларын ажырату оңай емес, компас жоқ, жұлдыз көрінбейді.
– Енді еш амал жоқ, таңның атуын күту керек, – деп түйді ойын Горохов. – Алыс қалмаған шығар, таң атуы керек: суда сергелдеңге түскеніме қанша уақыт, түн ортасынан бері безек қағып жүрмін.
