Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

АНАМДЫ ЕШҚАШАН КЕШІРМЕЙМІН.

Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының сауықтыру бөлімшесінің әр күні қарбалас. Жаттығу жасап, нашақорлық , маскүнемдікке тәуелділіктен айыққан адамдар жиын өткізіп , ісмерлікті меңгерушілер тігін тігіп, сурет салып, бірі моншақтарды тізіп , әдемі әшекей жасап, тырнақ бояған емделушілердің тіршілігі қайнап жатыр. Өкінішке қарай оларды рұқсатынсыз суретке түсіруге болмайды.

Бөлім меңгерушісі Роза Сүлейменова сауықтыру орталығының тыныс-тіршілігімен таныстырды . Емделушілер ұйықтайтын бөлмелерді аралап, болашақтан үмітін үзбеген 32 тағдырдың дәрігерлерге алғысын естідік, енді бірінің көз жасын сүрттік.

Олардың кейбірін ата-анасы, туысқандары үйіне жолатпайды. Алып шаһарда өз үйірінен адасқан , осы бір ит тірліктен қажып, тағдырдың бұралаң жолдарынан жоғалтқан бақытын емес, дертіне шипа іздеген 32 емделушінің кеселі бойын билеп-төстейтін, сүйегін сырқыратып меңдеген ауру - тәуелділік. Есірткі заттары ,алкогольді сусындарға құнығып, соның құлына айналған жас-кәрінің ішкі жан дүниесін жегідей кемірген күйзеліспен күресуге, өмірге құштарлығын оятуға кіріскен психиатрлардың психологиялық ем-шарасы екен.

Психиатрларды « құтқарушым» деп атаған егде жастағы әйелдің нашақор екеніне сенгім келмеді. Оның хикаясы менің әңгімеме арқау болды. Қаланың күн қақпаған сұлуы 45 жасында неге қартайып кеткен? Оның жанарында от жоқ. Мұң бар. Бетін торлаған әжімдері сөйлеген сайын қалыңдап, тарам-тарам болып жиырыла түседі. Кейіпкердің есімін өзгерттім.

-Дәрігердің емі ғана аласапыран болып тулап жатқан жан дүниемнің дауасы. Бұл орталыққа екінші рет түстім. Тағдырдың қу басыма салған сынағынан құтылу үшін араққа сылқия тойып, әкемнің жүзі алмастай пышағымен аппақ білегімді тілгіледім. Әрі қарай қап-қара түнектен көзім түк көрмей қалды, - деп Ғалия күрсінді .

Көзінің айналасын қаптаған әжімдері болмаса Ғалия ажарлы әйел. Басын салбыратып, ұнжырғасы түсіп, әңгімелесуге зауқы болмай үнсіз отыр.

Жасы елуге таяған әйелдің әңгімесін естіген сайын құйқам шымырлап, денем түршікті.

Ғалияның әке-шешесі Алматыда зауытта жұмыс істеді. Ынтымағы жарасқан ,тату-тәтті ерлі-зайыптының тыныс-тіршілігіне көршілері қызығы қарайтын. Екеуі еңбекқор, үлгілі жұмысшы.

Алайда олардың отбасында болып жатқан азғындық, зорлық-зомбылық жайында сол кезде әйгілі болғанда, бәлкім жан мына әйелдің әңгімесіне ешкім сенбес еді.

- Қалың ұйқыда жатқанда әкем бөлмеге келді. Жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Ол кезде жасым 15 –те. Әкем жастықпен тұншықтырып өлтіремін деп қорқытты. Ең жақын адамның жауыздығынан асқан қасірет жоқ. Мен сол түнгі көріністен шошып оянамын.

Әкемнің опасыздығын анама айтамын, ол мені құшағына алып, қорғайды деп сендім. Анам әлемдегі ең өте мейірімді адам және ол жауыздың жазасын береді ,үйден қуып жібереді деп ойладым. Болған оқиғаның бәрін шешеме айттым.

Бірақ ол «өзің ойлап тапқан қиял әңгіме» деп, жалған жала жаппа деп, мені ұрып-соқты. Қанатым қайырылды, өмірден безіп кеткім келді.

Ғалия еңкілдеп жыламайды, бірақ өңі бозарып кеткендей . Мұз боп қатқан жүрегіндегі шерін тарқатып отырып, жиі күрсінеді.

Әкесі оған зорлық-зомбылық жасауын жалғастырады. Ғалия өзінің басындағы азапты түндер жайлы құрбыларына да, туысқандарына да тіс жармайды. Өйткені анасы тыйым салады. Әкесінен қорғану үшін Ғалия үйден жиі қашатын болды.

17 жасында теңін тауып, болашақ жарының үйіне қашады. Опасыз әке, жан-айқайын естімейтін анасынан безді. Мекен-жәйін туысқандарына айтпайды. Қарым-қатынасты үзеді.

Ғалия ең жақын адамдарының өзіне жасаған озбырлығын ұмытуға тырысты. Күйеуі жұмыс істеді. Отау құрған жас жұбайлардың маңдайы торсықтай ұлы өмірге келді. Жас келіншек бұрынғыдай алаңдаушылық ,үрей, қорқынышты ұмытты .

Әкесі ғана Ғалияны тынымсыз іздейді. Бір жылдан кейін әкесі ескертусіз үйіне кіріп келді.

- Әкем тағы да төсекке сүйреді. Екеуміз төбелесіп жатқанда ерім жұмыстан оралады. Ол маған шабуыл жасаған адамның туған әкем екенін білген жоқ. Үй іші астан-кестен . Не болғаны ,қалай болғаны есімде жоқ, күйеуім әкемді пышақтап, ол тіл тартпастан өмірден өтті. Жұбайым бас бостандығынан айырылды. Құндақтаулы нәрестемді құшақтап, анамның жанына оралдым. Достарыма еліктеп, есірткі тұтындым. Түрмеге отырып, жазамды да өтеп, бостандыққа шыққанда ұлым қаза тапты. Ұйқысыздық , күйзеліске шыдамадым, өмірден түңіліп кеттім. Өзіме қол жұмсадым. Дәрігерлер ажал аузынан суырып алғандай құтқарып қалды. Қазір психологтардың емі ғана жаныма араша. Үйге кеткім келмейді. Анамды көргім келмейді. Мен оны ешқашан кешірмеймін , -деп әйел әңгімесін тәмамдады.

Ғалия есірткіні 6 жылдан бері тұтынбайды. Кәсіби мамандар оның денсаулығын жіті бақылайды. Ол жұмыс істейді.

Психиатр мамандар кез-келген кеселді емдеу үшін оның қалай пайда болды және соның себебін зерттеу керек дейді.

- Ол есірткіге құмарлықтан емделді . Соңғы рет дәрі ішіпті. Шешесінің сол кезде түсінбегенін кешіргісі келмейді және онсыз тұра алмайды. Себебі ол жұмыс істемейді. Жиі күйзеліске түседі. Бұлар өздерін жақсы жағынан көрсеткісі келеді. Кемшілікті жасыруға тырысады. Өзінің тұтынғанын бүгіп қалғысы келеді. Ал анасы үйдегі заттың бәрін сатып, қиратып тауысты деп шағымданады. Жәбірленген әйелдерде психологиялық соққының жарасы оңай жазылмайды. Психолог ,психиатрлар жұмыс істеп жатыр. Дегенмен есірткіні жиі тұтыну салдарынан елес көру ,біреудің дауысын есту сияқты өзгерістер бар. Мұның барлығы балалық кездегі проблеманың зардабы.

-Осындай озбырлыққа өз анасы қалай көз жұмған, неге араша түспеген?

- Анасының күйеуіне шаң жуытпауы шаңырағын шайқалтқысы келмеген және жалғыз қу тіземді құшақтап қаламын деп перзентінің болашағын ойламады. . Жәбірленген қыз зорлаған ,қорлаған әкесіне емес анасына өкпелі. Бала кездегі реніші ұмытылмайды ,әрдайым өш алғысы келіп тұрады, -дейді Роза Сүлейменова .

Нашақорлық, маскүнемдіктен айығуға , бойындағы тәуелділікті жеңуге емделушінің мүмкіндігі бар. Тәжірибелі психиатр, наркологтар олардың отбасымен қоян-қолтық жұмыс істейді . Ақ халатты ,жүрегі мейірімге толы дәрігерлер оларды бұл шыңыраудан алып шығу үшін медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ата-анасы ,туысқандарына да жұмылып жұмыс істеуге шақырады.

Жазира Бегалы журналист .

0
0
1011

Еще по теме

АНАМДЫ ЕШҚАШАН КЕШІРМЕЙМІН. - Yvision.kz