Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Алып анадан туады

Ана... Үш әріптен тұратын осынау бір сөз өн бойына бар тіршіліктің мәнін сыйғызып тұр. Ана махаббаты – әлемдегі құдірет атаулының ең күштісі. Кім-кімнің де анасы бар. Біртуар ақын Қадыр Мырзалиев:

Адам жаны өрілмеген таспадан,

Адам – адам, ұға ма оны тас надан?

Он баласы бар ананы бүгінде

Он есе артық сыйлау керек басқадан,- деп жырлайды.

Мен де бүгін «он баласы бар ана» туралы сыр шертейін.

Бағдат медициналық жоғары оқу орнының студенті атанды. Тоғыз баладан кейінгі ата-анасының еркесі, кенжесі еді. Анасы «Кенжетайым» деп, оны өзгелерден ерекше жақсы көруші еді. Ал Бағдат көзін тырнап ашқалы, анасының аурушаңдығынан көп жылайтын. Айнаш апа айықпас дертке шалдыққан, жатып қала беретін еді. Жастайынан анасының дертіне налып, тістеніп өскен Бағдат «қайтсем де,  анамды ауруынан айықтырам» дейтін. Сол дегеніне бүгін бір табан жақындап қалды.

Анаға деген ұлы махаббат перзентті асқақ арманына,мақсатына қарай жетеледі. Бағдат дүниенің бар қызығынан баз кешіп, жарғақ басы жастыққа тиместен еңбектенді. Салғырттыққа, әлсіздікке тап болса, «анам қандай күй кешіп жатыр екен» деген бір кесек ой оны жігерлендіре түсетін.

Анасы да шалғайда жүрген баласының тілеуін тілейтін. «Ашығып қалмады ма екен? Бүгін күн суық-ау шамасы, Кенжекем тоңып қалмады ма екен?» деп, талай  ұйқысыз түндерді де өткеретін.  Дерті асқынып, тағы төсек тартып қалса, сағыныштан сарғайған ана перзентінің дауысын естісе болды, аяғынан тік тұрушы еді. «Мен өлсем, Кенжетайымның күні не болады? Аға-апалары бар ғой, далада қалмас. Дегенмен, ол менсіз, мен онсыз бір күн тұра алмаймыз» дегенін естігенде, мен де ана мен перзент арасындағы махаббаттың пәрменділігіне қайран қалушы едім. Ана махаббаты ешбір құдіретпен салыстыруға келмейтін пәрменді күш, деген ойға қалады екенсің еріксіз.

Уақыт сынаптай сырғып жылжи берді. Көзді ашып-жұмғанша, Бағдаттың оқуын бітіріп, қолына дипломын алуына бірнеше ай уақыт қана қалды.

Күздің бұлыңғыр аспаны күңгірттеніп, нөсерлетіп жауын жауды. Ештеңеден хабарсыз, бейқам Бағдат жатақхананың суық бөлмесінде соңғы емтиханына дайындалып отырды. Оқыстан шалынған телефон дауысынан селт ете қалды. Ағасы екен.

Соңғы жаңалықты естіген Бағдаттың өңі қашты. «Анамыз нашарлап жатыр, сені соңғы көріп қалсам деді» деген ағасының сөздерінен кейінгі Бағдаттың не сезінгенін айтып жеткізу әсте қиын. Бойын салмақсыздық биледі, бос кеңістікке өтіп бара жатқандай сезінді өзін. «Сені соңғы көріп қалсам» деген бір ауыз сөз еміс-еміс құлағына келе берді. Жұдырықтай ғана боп сериіп, жүдеген, дәрменсіз анасын көз алдына елестетті. Реңі кетіп, бозарып, ұсқынсыз болып кетсе де, анасының мейірімді, шұғылалы  мөлдір көздерін есіне алды.

Бағдат дипломдық жұмысына дәл Айнаш апаның дертін жазудың жолдарын қарастыратын ауқымды тақырып алып, соның төңірегінде жұмыс жасап жүрген болатын. «Егер анамды емдеп жаза алмасам, маған оқу не керек?» деп ойлап үлгерді ол. Оқыс ойлардың жетегінде асығыс ауылға жол жүріп кетті.

Анасы жатқан бөлмеге кіріп келіп, Бағдат сәл кідіріп қалды. Сон соң, анасының жанына жантая кетті де, шері тарқағанша жылап алды. Өксігін тыя алмай отырғанда, анасы сығырайтып қана көзін ашты. «Құлыным» деуге ғана шамасы жетті.

Айнаш апа осылай боларын білгендей, Бағдатқа соңғы сөзін айтып қалған.

-          Бүгін бар да, ертең жоқпын. Мен дүние салсам, сенің қалай қайғыратыныңды білемін ғой, жарығым...

-          Апатай, қойшы,- дей берді Бағдат, көзі жасаурап.

-          Тыңда, құлыным. Сен көп жылап, көп қайғырсаң,  мен ана дүниеде тыныш жата алмаймын. Дәрігер болам деп жүрсің. Аға-апаларың сияқты сен де бір азамат болып кетсең, менің басқа арманым жоқ. Мен жасарымды жасаған адаммын. Бірақ сен дертке шалдыққан жандарды жазып, көптің сауабын алсаң, екі дүниеде де жаным тыныш екенін ұмытпағайсың.

 

Бағдат анасына берген уәдесінде тұрды. Тек өзіне берген уәдесінде тұра алмады, жалғыз өкініші де сол еді. Тас болаттай бекініп, ендігі жерде анасының аманатын орындауға талпынды. Айтса айтқандай-ақ, анасының үмітін ақтап, беделді азамат, білікті дәрігер болды. Елінің батасын алған сайын: «алып анадан туады, маған емес, анама рахмет айтыңыздар»,- дейді.

Бұл әңгімені есіткенде тебіренгенім соншалық, бұған бей-жай қарай алмадым. Ана махаббаты – тіршіліктің бастауы әрі жалғасы екеніне толықтай көзім жетті. Осы орайда тағы да Қадыр атамның пікіріне қосламын:

Бесік жыры ашады адам мінезін,

Бесік жыры – ең сүйікті әуезім.

Он балаға ана болған адамға

Он бірінші бала болам мен өзім!

0
6
5292

Еще по теме

Алып анадан туады - Yvision.kz